Алтын сүзген Баландин

Уақыты: 16.08.2016
Оқылды: 1403

 

Армысың, Қазақ жұрты! Риода қандай жаңалық болды деп күтіп отырғандарыңызды мен жақсы білемін. Ішім де сезеді. Әсіресе Жетісу жұрт­шы­лығы асыға күтіп отыр­ған болар. Олай болатын жөні де бар. Өйткені еліміз дү­бір­лі додаға тоғыз бірдей сәй­гү­лігін қосып, алды жүл­де­­ге бөленіп жатыр. Бұл қуа­ныш­ты жағдай. Алдында да ай­­тып едім, жайдарман жаңа­лық­ты менен бұрын сіздер ес­тіп, шашуларыңызды менен бұ­рын шашып қоятында­ры­ңыз айтпаса да түсінікті. Олай бо­латын себебі, спорт­тық шайқастар бір уақытта және қа­ланың әр қиырында өтіп жатыр. Оның барлығына тіл­шілердің қатысуы мүмкін емес. Әй, осы бәсекеден жүлде алып қаламыз-ау деген спорт жарысына қатысып, ша­ма­­мыз жеткенше жүлдесін де алып, сүйіншімізді де сұрап жат­қан жайымыз бар. Сол се­бепті де мен сіздерге жүл­де­ге қо­лы жеткен спортшылармен тілдесіп, шағын сұх­бат­­тар­ды ұсынғанды жөн көрдім.

Мен өзі кішкентайымнан суға жүзіп өскен баламын. Қа­ратал өзенінің құйылысы, Бал­қаш көлінің жағасында орын тепкен Көпбірлік ауылының баласы екенімді сіздер жақсы білесіздер. Енді қараңыз, таң­ның атысымен ауылдың ше­тін­де тұрған ақ толқын шалқып жатқан Балқашқа бірақ сүң­ги­міз. Замандастарым бар бар­лы­ғымыз, балықша жүзіп, су тү­бі­нен талай рет құм алып шық­қаным есімде. Біздің ауылдың бар баласы Баландиндей бас­сейнде жүзбесе де Балқаш кө­лінің суын ары-бері тілгілейді. Шалқалап жүзу, етпетінен, сүң­гу дегеніңнің түр-түрін бі­ле­ді. Міне, сол балалықтың бал дәуренін кешегі алтын ал­ған Баландин көз алдыма әкел­ген­дей болды. Суға секірген се­гіз спортшының ішінен оқ бойы озып, малтып келе жат­қан Алматының алтын бала­сын көргенде Балқашта құр­дас­тарыммен бірге өзім жүзіп келе жатқандай күй кештім. Бұл спорт дегеніңді қойсаңшы, адамды елітіп, жастығыңды ес­ке түсіріп, көзіңе жас алдыр­май қоймайды. Диманың ал­тын алып тұрғандағы сезімі мен қуанышы біздің алпыс екі тамырымызға еніп, зуылдап аққан қанымызбен тұла бойы­мыз­ды шымырлатып әкетті. Осындай сезімге бөлеген, елім деп еңсесін тік ұстаған Дми­трий Баландинді құшағымызға қысуға асықтық. Қолымыз жет­ті, құшағымызға қысып, жі­­беретін түріміз жоқ. Оның да қуанышы қойына сыймай, бізге қарай жүгіре басқаны елімен бірге екенін айқын көр­сет­кендей. Содан кейін де су түбінен алтын сүзген Балан­дин­ді сұхбатқа тартқан едік. Чемпионның жауабын назар­ла­рыңызға ұсынайын.

– Дима, айналайын, ал­­ты­ның құтты болсын! Қазіргі ішкі толқынысың қандай және су түбінен не көрдің?

– Рахмет, аға! Бұл менің ға­на жеңісім емес, Қазақ елінің жеңісі. Ең бірінші, маған қол­дау көрсеткен жанкүйерлеріме рах­­метімді айтамын. Ішкі тол­қы­нысымды сөзбен айтып жет­кізу мүмкін емес. Өзім де сене алмай тұрмын, расымен де чем­пион болдым ба деп. Ал су тү­бінен не көрдіңіз десеңіз, мен алтын көрдім деп айтар едім. Әрине, қалжың ғой. Жарыс ке­зін­де су түбінен өзімнің жолым мен қолымды тигізетін мәрені ғана көрдім. Өте керемет жарыс болды. Ең үздіктермен сайысқа түстім. Осындай үздіктермен сынға түсу арқылы жоғары нә­ти­жеге қол жеткізесің. Қарсы­ластарымның барлығы мықты болды.

– Ештеңені көрмедім дедің. Суда жүзіп келе жат­қаныңда қарсылас­та­рың­нан озып келе жат­қа­ның­ды сездің бе?

– Жоқ, әрине. Су спорты бас­қа спорт түрлерінен өзгеше. Өйткені бокс болса, қар­сыла­сың­ның соққысын сезесің, кү­рес­те белдесіп, қарсыласыңды қолыңмен ұстайсың. Ал мұнда тек тезірек жүзуің керек және қарсыластарың жайлы ештеңе ойламайсың. Әрине, сайысқа шыққандардың барлығы өте мық­тылар. АҚШ, Ресей мем­ле­ке­тінің өкілдері оңай бері­летін жігіттер емес. Оның үстіне ре­сей­лік спортшы Антон менің ең жақын досым. Жеңіске жеткен кезде бірінші болып құттық­та­ған да сол жігіт. Бір қызықты ай­тайын, сол досым екеуміз жа­рысқа түсер алдында әңгіме­лес­тік. Бізге ешкім сенбейтін шы­ғар. Өйткені біз түскен жолақ та жүлдегерлер санатына кірмейді. Ал біз өз жұмысымызды сауат­ты және жылдам істейік. Бар-жоғы екі минут шыдап берейік деді. Ал біз барлығын артқа тастадық. Оның да жүлдеге ілік­кені мені қатты қуантты. Біз әлем алдында жас спортшы­лар­дың да жүлдеге қол соза­ты­нын дәлелдедік. Атағынан ат үркетін спортшыларды артқа қал­дыр­ға­нымызға қатты қуандық.

– Антон 19-да. Сен де қар­тайып тұрған жоқсың. Есіңде ме, Гуанжоуда жа­рыс­қа түске­нің. Сол кезде сенімен бірге бо­лып, сенің жарқын күндерің ал­да деп айтып едім. Олимпиада жайлы қай кезден бастап ой­лан­дың? Жеңіске жете­мін деген жігер сол кезде пайда болған шығар?

– Расын айтсам, Олимпиада жайлы мен Лондон Олимпиа­дасы кезінен бастап арман­да­дым. Өйткені ол кезде мен бай­рақты бәсекеге ілінбей қалып едім. Міне, төрт жыл бойы Олим­пиада үшін тер төктім. Еңбегім еш кетпеді. Менің ал­ғашқы арманым Риоға қатысу бол­ды. Ол күнге де жеттім. Жол­даманы қолыма түсіргесін ендігі мақсат жүлде алу болды. Басты мақсатым осылай бас­талды. Алға қойған жоспарым толықтай орындалды.

– Бір сұхбатыңда ай­тып­­сың, жеңімпазды ма­ра­­паттап жатқан кезде бар­лығы қол соғып құр­мет көрсетеді. Сондай сәт­ті көріп тұрып, осы бір ләз­­затты сезіну, басыңнан өт­керу үшін барлығын са­луға дайынмын деген екен­­сің. Осы қаншы­лық­ты рас?

– Ондай сөзді айтқаным рас. Барселонада өткен әлем бірін­шілігінде жүлдеге іліне алма­дым. Мен ол кезде өте жас едім. Жарыстан кейін көрермендер арасында отырдым. Жеңіске жеткен чемпионды марапат­та­ған кезде сарайдың іші жары­лып кете жаздады. Сондай сәтті көр­генде тұла бойым шымыр­лап, көзімнен жасым ыршып, іштей қызғаныш туды. Ойыма осы сөз оралды. Бір сәттік қуа­ныш үшін, чемпиондық тұғыр­дан қол бұлғау үшін барын са­лу­ға дайынмын. Сол айтқаным шындыққа айналып, арманыма қол жеткіздім.

– Рахмет! Енді су спор­тына қалай келдің, ал­ғаш­қы жаттықтырушың жай­лы сөз қозғасаң?

– Мен жастайымнан осы спорттың түрімен шұғылдан­дым. Ата-анам жеті жасымнан бас­тап осы спортқа берді. Алма­тыдағы Тимирязев пен Байзақов көшесінің қиылысындағы бас­сейнде шұғылдандым. Анамның аты – Татьяна Баландина, әкем­нің есімі – Игорь Баландин. Ал­ғашында жай ғана суда жүзіп үй­рену үшін бардым. Кейін сыр­тым­нан бақылап жүрген ма­ман­дар кәсіби түрде шұғылдануға шақырды. Алғашқы жаттық­ты­рушым Людмила Петрова деген тәлімгерім ата-анама қолқа са­лып, спорт мектебіне ауысуға кеңес берді. Сол күннен бастап мен аталған жаттықтырушының қоластында жаттықтым. Өзде­ріңіз көріп тұрсыздар, талантты бапкерлердің арқасында осын­дай жетістікке жеттім. Қазір Алексей Казаковтың қолас­тын­да жаттығамын.

– Атақты Фелпстің ре­кор­ды жайлы не айтар едің? 21 дүркін Олимпиа­да­ның чемпионы деген атақ­қа қол жеткізді. Ондай жетістік біздің қолдан келе ме?

– Әрине, еңбек етсең бар­лы­ғын істеуге болады. Фелпс жүз жылда бір туатын талант. Есімін тарихқа алтын әріппен жазған қайталанбайтын адам. Бірақ, жуық арада оның рекордын бұ­затын адам жоқ шығар. Туа біткен қасиетте шығар. Шын­дығында оның жетістіктеріне таңым бар. Сенбеуге лажың жоқ. Жасы келсе де жастармен жағаласып, 200 метрлік қашық­тықта рекорд жасап жүрген мық­тыны қалай мақтаса да бо­лады. Ол осындай жетістікке қол жеткізу үшін қанша, қандай күш жұмсайтынын білмеймін. Әйтеуір, чемпиондық қанжы­ға­сына байланады. Су спортының алып тұлғасы деп айтар едім.

– Сенің жетістігіңді де жуық арада қайталау мүм­кін емес шығар. Ол үшін не істеу керек?

– Кім біледі, қайталанатын күн бар шығар. Күні ертең бо­луы да мүмкін. Бастысы менің алтыным су спортындағы жаңа чемпиондардың жарқын жолы деп есептеймін. Әлі көресіздер, осыдан кейін Қазақстанда жүзу­мен айналысатын спортшы­лар­дың қатары көбейеді. Мен соны анық білемін. Сол жеткін­шек­тер­дің қатарынан мен өткен жол­ды жаңартатын да бір жас міндетті түрде шығады.

– Сенің жеңісің тек Қа­зақ­стан үшін емес, күллі әлем алдында сенсация бол­ды. Осыны сезіндің бе?

– Жоқ, сенсация деп айта ал­маймын. Қазақстандықтар ма­ған дейін талай сенсация жа­саған, әлемге дәлелдеп бер­ген. Сон­дықтан біздің жігіттер әлі талай дүниені дүр сілкіндіретін сенсация жасайды. Ал солай деп баға беріп жатса, оған барлы­ғы­мыз қуануымыз керек.

– Рахмет!

Несіп Жүнісбайұлы, белгілі спорт журналисі,

арнайы «Жетісу» газеті үшін Риодан.