Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақ боксшысы Сабырхан Төрехан (67 кг) ауғанстандық қарсыласын жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Dopmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды
Алғашқы раундта қос боксшы да көбірек барлау жұмыстарын жүргізіп, азырақ соққы алмасты. Десе де, Төрехан сауатты қорғанып, соққыларын ауған боксшысына дәл тигізген. Ал, қалған екі раундта ол басымдықты өз қолына алып, қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде төрешілер үш раундта да 5:0 есебін тіркеп, жеңісті Сабырхан Төреханға берді.
Айта кетейік, бұл – Сабырханның әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегі. Оның алғашқы қарсыласы рингке шыққан жоқ.
Ал, ширек финалда отандасымыз өзбек боксшысымен жұдырықтасады. Акбар Ахмадов бүгін хорватиялық Матия Берендтен басым түсті.
Фото: instagram/boxingkazakhstan