Алматылықтар алтын ұлын қарсы алды

Уақыты: 16.08.2016
Оқылды: 1439

 

Дүйсенбі күні таңертең Алматы әуежайының алды ерекше думанға бөленді. Құшақ-құшақ гүл ұстаған жанкүйерлердің қарасы өте мол. Бәрі де мәз-мейрам. Қуаныштан жүздері бал-бұл жайнайды. Әрине, қуанады! Өйткені олар өздерінің алтын ұлын, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің келуін тағатсыздана күтуде.

Төрткүл дүние көз тігіп отырған биылғы Рио Олимпиадасы қазақстандық спортшылар үшін де сәтті басталды. Қоржынымызға алғашқы алтынды зілтемірші Ниджат Рахимов салып, ел мерейін үстем етті. Көп кешікпей екінші алтын да уысымызға түсті. Осынау қуанышты бізге Дмитрий Баландин тарту етті. Ол 200 метрлік брасс әдісі бойынша жүзуден азулы қарсыластарын шаң қаптырып, Олимпиада чемпионы атанды. Сөйтіп, Бразилия көгінде тағы да Байрағымыз желбіреп, Гимніміз асқақтады. Бұл – тәуелсіз еліміздің тарихында жүзу спортынан Олимпиадада қол жеткізген алғашқы жеңісіміз еді.

Спортшылар отбасында дүниеге келген Дима сегіз жасынан бастап жүзуге ерекше ден қояды. Ол Алматыдағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында тәлім алады. Тынымсыз жаттығулары бірте-бірте өз жемісін бере бастады. 2014 жылғы Азия және 2015 жылғы жазғы Универсиада ойындарында жеңімпаз атанып, ел мақтанышына айналып үлгерді. Ал, бүгінгі жеңісі – оның спорттағы ең биік шыңы.

Міне, чемпион мінген ұшақ та дәл уақытында туған жер топырағына келіп қонды. Кеу­десінде Олимпиада алтыны жарқылдаған чемпионды көрген жұрттың ықыласы ерекше. Әсіресе, Дима білім алып жатқан Қазақ Ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттерінің қуанышында шек жоқ.

Бразилия жеріндегі дүбірлі додада анасы Татьяна Петрованың бірге жүргені де оның бойына қуат берді. Ана жүрегінің елжіреп тұрғаны бал-бұл жанған жүзінен анық білінді. Диманың орасан табысқа қол жеткізуінің сырын осыдан да байқауға болады.

– Бәріңізге мың алғыс! Қуаныштарыңыз құтты болсын! Бұл – барша қазақстандықтардың қуанышы, – деді тебіреніп.

Сол сияқты, чемпионның жеке бапкері Александр Казаковтың да мерейі үстем. Үмітінің ақталғаны үшін, еңбегінің жанғаны үшін Димаға дән риза.

Әуежайдың VIP залында өткен айтулы шараға арнайы келген қала әкімі Бауыржан Байбек Дмитрийге деген ыстық ықыласын арнады:

– Дмитрийдің жеңісі – тарихи жеңіс. Бұл жеңіске бүкіл ел болып қуанып жатырмыз. Әрине, осынау биікке көтерілу үшін ол қаншама тер төкті. Ақыры үміті ақталды. Қазақстанның мақтанышына айналды. Келесі әлемдік додаларда да топ жарып, жеңіс туын желбірететініңе біз сенімдіміз, – деді Бауыржан Байбек.

Өз кезегінде Дмитрий Баландин өзін қарсы алуға келген жерлестеріне ризашылығын білдірді.

– Барлықтарыңызға шын жүректен алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер! Сіздердің қолдау­ларыңыздың арқасында мен осындай дәрежеге жетіп отыр­мын. Әлем алдында елімнің абыройын асқақтату мен үшін үлкен бақыт. Осы жолда әлі де аянбай тер төгетін боламын, – деді Дмитрий.

Әрине, жиырмадан жаңадан асқан Диманың алар асуы әлі алда. Оның жеңісті күндері көп болатынына күмәніміз жоқ.

Болат МӘЖИТ

 

Алматы.