Елена Рыбакина бақ сынайтын WTA қорытынды турнирінің жеребесі тартылды

Уақыты: 30.10.2024
Оқылды: 310

Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) 2-9 қараша аралығында өтетін WTA қорытынды турнирінің жеребесі тартылды.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина күлгін топқа түсті.

Оның қарсыластары:

Арина Соболенко (Беларусь, 1);

Жасмин Паолини (Италия, 4);

Чжэн Циньвэнь (Қытай, 7).

Қызғылт-сары топта мына теннисшілер бақ сынайды:

Ига Швёнтек (Польша, 2);

Кори Гауфф (США, 3);

Джессика Пегула (США, 6);

Барбора Крейчикова (Чехия, 8).

Топ жеңімпазы жартылай финалда келесі топта екінші орын алған теннисшімен кездеседі. 

Жылдың қорытынды турнирінің жүлде қоры рекордтық көлемде белгіленді – 15,25 млн АҚШ доллары. 

WTA жарыста ұпай алудың жүйесін өзгертті. Өткен жылы топтық бәсекеде әр матчта нәтижесіне қарамастан, қатысушы кемінде 375 ұпай алса, биыл олай емес. Биыл жеңген теннисші ғана 200 балға қол жеткізеді. Ұтылған ойыншыға ештеңе тимейді. 

Теннисші жартылай финалда ұтса, қосымша 400, финалда жеңсе, 500 ұпайға ие болады. Егер бірде-бір матчта ұтылмай, чемпион атанса, 1 500 ұпайды қанжығасына байлайды.

Өткен жылы мұнда Польша өкілі Ига Швёнтек үздік шыққан болатын. Соңғы бәсекеде ол америкалық Джессика Пегуланы ойсырата ұтты – 6:1, 6:0. 

Е.Рыбакина қорытынды додаға екінші рет қатыспақшы. Өткен жылы Канкунда (Мексика) үш матч өткізіп, грекиялық Мария Саккаридан басым түскенімен, Джессика Пегула мен Арина Соболенкоға жол берген еді.

Дереккөз: inform.kz

Фото: Championat.com