«Жетісу» футбол клубы кейінгі ойындарын сүреңсіз өткізіп жатыр. Жанкүйерлердің де көңілі алаң. «Жеңістен» (Астана) 0:1, «Қайраттан» (Алматы) 1:2 есебімен жеңілді. Ел чемпионатының кезекті маусымының аяқталуына бар болғаны екі ойын ғана қалды. «Жетісу» соңғы ойындарды «Атырау» және сырт алаңда «Астанамен» өткізеді. Турнирлік кестеде «Жеңіс» (Астана), «Қызыл-Жар» (Петропавл) және «Жетісу» үшеуінде 23 ұпайдан бар. Доп айырмашылығы бойынша талдықорғандықтар 13 команданың арасында 11-інші болып орналасқан. Одан кейін, 19 ұпаймен «Тұран» (Түркістан), 10 ұпаймен соңғы орында «Шахтер» (Қарағанды) тұр.
«Жетісу» ел чемпионатының бірінші айналымын сәтті аяқтағанымен екінші кезеңде сетінеп сала берді. Жиі жеңіске жетуді ысырып қойып, әр матчта гол салудың өзі мұңға айналды. Қатарынан төрт ойында («Тобыл» (Қостанай) 0:3, «Қайсар» (Қызылорда) 0:0, «Тұран» (Түркістан) 0:0, «Ақтөбе» 0:3) гол салмады. Осыған дейінгі 22 ойынның бесеуін жеңіспен аяқтап, сегіз матчта тең түсіп, тоғыз кездесуде жеңілді. Айта кететін тағы бір ақпарат, «Жетісу» мен «Атырау» биылғы Премьер-лигада ең көп тең ойын өткізген командалар. Екеуі де сегіз ойында тең тарқасты. Одан кейін «Ақтөбе», «Елімай» (Семей), «Қайсар» (Қызылорда) командалары тұр. Олар жеті ойынды тең аяқтаған.
«Жетісу» үшін гол салу үлкен мәселеге айналған. Премьер-лигада «Шахтермен» (11 гол салған) «Тұранның» (15 гол) алдында бар болғаны 17 гол салып тұрған «Жетісудың» да бұл тұрғыда көрсеткіші төмен. Команданың бас мергені, капитан – Серікжан Мұжықов (5 гол салды). Өткен чемпионатта команданың бомбардирі 6 гол салған Анес Рушевич болған еді. Ал өз қақпасына гол жіберу жағынан басқа командалармен салыстырғанда еңсе биік. «Жетісу» 22 ойында 26 гол жіберді. «Елімаймен» (Семей) «Жеңіс» (Астана) 30 гол, «Тұран» (Түркістан) 36 гол, ал «Шахтер» (Қарағанды) 42 голды өз қақпасынан өткізіп алды. Биыл «Жетісу» сапынан автогол авторы атанғандар жоқ. Былтырғы маусымда Асхат Балтабеков салған еді.
Вице-капитан, сол қапталдағы қорғаушы Асхат Балтабеков биыл алғаш рет ұлттық құрама қатарына шақырту алды. Алматының Орталық стадионында болған Қазақстан мен Словения арасындағы ойынның 64 минутында Ислам Чеснаковты алмастырып, дебют жасады. Қараша айының басында болатын Аустрия мен Норвегия арасындағы кездесуге Асхатпен қатар «Жетісудың» ойыншысы Мейрамбек Қалмырза да шақырту алды. Одан бөлек, «Жетісудың» түлегі, бүгінде «Қайсарда» (Қызылорда) жүрген Айбар Жақсылықов та ұлттық құрама қатарына тұрақты шақырылып жүр. Ал Қазақстанның жастар құрамасында (U 21) «Жетісудан» Мейрамбек Қалмырза, Егор Ткаченко, қақпашы Санжар Ерниязовтың әр ойында алаңға шыққаны бізді де қуантады.
«Жетісудың» биылғы басты ерекшелігі – құраманың басым бөлігі жергілікті ойыншылармен ел футболшыларынан жасақталған. Мәселен, кейінгі «Қайратпен» болған ойында Рауан Орынбасар, Мейрамбек Қалмырза, Нұрлан Дайыров, Дінмұхамед Қараман, Серікжан Мұжықов негізгі құрамда шықса, қарсыластардан жалғыз Еркебұлан Сейдахмет ойнады. Оның алдында «Жеңіспен» өткен матчта астаналықтар қатарында Сағи Совет қана бастапқы құрамда ойынға араласса, талдықорғандықтардан Асхат Балтабеков, Абылайхан Жұмабек, Мейрамбек Қалмырза, Рауан Орынбасар, Серікжан Мұжықов, Дінмұхамед Қараман шықты. Бас бапкер Қайрат Нұрдәулетовтің легионерлерден гөрі ел футболшыларына басымдық беретініне жанкүйерлер де, футбол мамандар да, аладопты жазып жүрген журналистер де сүйсінген. Оның үстіне Премьер-лигадағы «Қайраттан» кейін (орта жасы – 25,6) ең жас команда (орта жас – 26,3).
Биылғы Премьер-лиганың түгесілер тұсы жақын. Екі ойыннан кейін чемпион анықталады. Ал биыл осыған дейін чемпионатқа тұрақты қатысып келген «Шахтер» тарихында тұңғыш рет Бірінші лигаға сырғыды. Бірінші лигада жеңімпаз болған «Оқжетпес» пен 2-орын алған «Ұлытау» келер жылы чемпионаттың жоғары сатысында ойнайды. «Жетісу» үшін қалған екі ойын айтарлықтай өзгеріс алып келмесе де турнирлік кестеде бір саты жоғарылап, болмаса төмендеуіне әсер етпек. Әйгілі transfermarkt.world сайты «Жетісудың» жалпы құнын 3,98 миллион еуро деп көрсеткен. Одан кейін «Қайсар» (Құны 3,91 миллион еуро), «Тұран» (3,65 миллион еуро) және «Шахтер» (3,50 миллион еуро) тұр. Ең қымбат командалар – «Ордабасы» (10,50 миллион еуро), «Астана» (9,55 миллион еуро), «Қайрат» (9,10 миллион) және «Тобыл» (8,50 миллион еуро). Команда бапкері Қайрат Нұрдәулетов те, капитан Серікжан Мұжықов та соңғы ойындарды жеңіспен аяқтау үшін барын салатындықтарын жеткізді.
Серік ҚАНТАЙ