Жабық стадион ашылды

Уақыты: 16.11.2024
Оқылды: 565

Кейінгі жылдары саялы Сарқан өңірінде балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылданып, бос уақытты тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасалуда. Биылдың өзінде Алмалы ауылында спорт кешені, Бақалы ауылында стадион ашылды.

Ал жуырда Сарқан қаласындағы № 1 мектеп-гимназиясының жанынан жабық үлгідегі стадион қолданысқа берілді.  Жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрайтын спорт нысанында жасанды футбол алаңы мен киім ауыстыруға арналған орын да қарастырылған. Қазынадан бөлінген 101 млн. 444 мың теңгені жаратып, Талдықорған қаласының «GV» ЖШС-нің шебер қолды құрылысшылары нысанды аз уақыт ішінде шәкірттердің пайдалануына беріп отыр.

Стадионның ашылуымен қала, өңір тұрғындарын аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев құттықтап, алғашқы допты ойынға да қосты.

– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде спортпен шұғылдануды насихаттап қана қоймай материалдық-техникалық базасының жаңғыртылуына да көңіл бөлуде, бұл ретте айналдырған екі жылдың ішінде төрт спорт нысанын салып, тұрғындардың қолданысына бердік, – деген аудан басшысы, алдағы жылы Сарқан қаласында үлкен спорт сарайы салынатынын атап өтті. Сонымен қатар аудан тұрғындарының, салауатты өмір салтын ұстануы үшін облыс, аудан басшылығы тарапынан барлық шаралар жасалып жатқанын да ерекше атап өтті. 

Жабық стадионда жылдың қай мезгілінде болса да оқушылардың алаңсыз жаттығуына барлық жағдай жасалған. Аталған стадионның ашылу салтанатында № 1 мектеп-гимназиясы ата-аналар комитетінің төрайымы Алёна Дүйсебекова облыс, аудан басшылығына шынайы алғысын жеткізіп, құттықтау лебізін ортаға салды. 

«Дені саудың жаны сау» деген бабаларымыздан қалған тәмсілге сәйкес салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін осындай арнайы алаңдар көптік етпесі анық.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,
Сарқан ауданы.