Қасым-Жомарт Тоқаев Будапешт қаласындағы Халықаралық дзюдо федерациясының штаб-пәтеріне барды.
IJF басшысымен әңгімелесу барысында осы танымал спорт түрін елімізде дамыту перспективасы талқыланды. Мариус Визер Қазақстан дзюдоны қолдауға арналған дәйекті шараларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар спортшыларымыздың халықаралық жарыстардағы нәтижелеріне және Қазақстан дзюдо федерациясының жұмысына жоғары баға берді.
Мемлекет басшысы тараптардың мәдени-гуманитарлық байланысты нақты іс-шаралар арқылы күшейту жөнінде уағдаласқанын жеткізді.
– Биыл Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Мажар құрама командасы белсене қатысты. Қолдауларыңызға рақмет айтамын. Мұндай іс-шаралар өркениетіміздің, тарихымыздың тамыры ортақ екенін көрсетеді. Бауырлас халықтарды жақындата түседі. Мажар үкіметінің қолдауымен соңғы 10 жылда Қазақстан студенттеріне оқу гранттары бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде бірнеше мың жастарымыз Мажарстанның жоғары оқу орындарында білім алды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, екі елдің көпжақты ынтымақтастығы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты құрылымдар аясында табысты дамып келе жатқанына назар аударды. Әсіресе, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысына белсене атсалысып, түркі интеграциясының өрісін кеңейтуге елеулі үлес қосып жүргенін ерекше бағалайтынын жеткізді.