ЧЕМПИОН СОҢҒЫ ТУРДА АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 22.11.2024
Оқылды: 559

Футболдан ел чемпионатының XXXII маусымы өз мәресіне жетті. Чемпион команда соңғы турға дейін белгісіз болды. Биыл «Астананың» да, «Қайраттың» да мүмкіндігін ескере отырып, чемпиондық табақ жеңгенінен кейін берілді. Ал Премьер-лигаға тұрақты қатысып келген «Шахтер» өз тарихында алғаш рет Бірінші лигаға сырғыды. Бірінші лигада жеңімпаз болған «Оқжетпес» пен 2-ші орын алған «Ұлытау» келесі маусымды Премьер-лигада өткізеді. «Жетісу» болса биылғы чемпионатты тәп-тәуір бастап, соңын соқпақ жолға салып, әр қарсыласынан бір жеңілді. Бастапқыда жинаған ұпайы кейінгі ойындардағы сәтсіздіктердің орнын толтырып, Премьер-лигада қалуға көмектесті.


Бірінші кезең аяқталғанда 15 ұпаймен 9-орында тұрған «Астана» екінші айналымда қарқын қосып, қарсыластарынан жоғары нәтиже көрсетті. Чемпионат аяқталғанда 46 ұпаймен 2-ші орын алды. Ал чемпион болған  «Қайрат» 47 ұпай жинады. «Жетісу» болса жалпы 23 ұпай жинап, 11-орынға тұрақтады. Кестеде одан кейін 20 ұпаймен «Тұран» (Түркістан) және «Шахтер» (Қарағанды) 10 ұпаймен орналасты. «Шахтер» биылғы чемпионатта тек екі ойында жеңіске жетті. Бірі «Астанамен» (1:0) екіншісі «Тобылмен» (1:0). Екі жеңісті ойында да гол салған – Рохер Каньяс. Биылғы чемпионат голға сараңдау болды. Жалпы чемпионатта 369 голдың куәсі болдық. Былтыр 445 гол болса, 2022 жылы 478 гол, 2021 жылы 468 гол соғылған еді. Биылғы бас мерген атанған үш ойыншы Ислам Чеснаков («Тобыл»), Николай Сигневич («Атырау») және Жоао Пауло («Қайрат») 10 голдан салды. «Қайраттың» ойыншысы Жоао Пауло былтыр 17 голдың авторы атанып, бомбардир есептелген еді. «Жетісу» сапындағы үздік мерген, команда капитаны – Серікжан Мұжықов (5 гол салды). Өткен чемпионатта команданың бомбардирі 6 гол салған Анес Рушевич болған еді. «Жетісу» жалпы чемпионатта 17 гол салып, 33 гол өткізді. Бұл көрсеткіш тек 39 гол жіберіп, 16 гол салған «Тұран» мен, 12 гол салып, 45 гол жіберген «Шахтердан» ғана жақсы. «Жетісудан» жылда бір автогол орын алады. Былтыр Асхат Балтабеков салса, биыл соңғы турда Егор Ткаченко өз қақпасына кіргізіп алды. Екінші айналымдағы 12 ойында «Жетісу» бір жеңіске («Елімайды» өз алаңында 2:0 есебімен жеңді) жетті, бар болғаны бес гол ғана салды.

Вице-капитан, сол қапталдағы қорғаушы Асхат Балтабеков биыл алғаш рет Ұлттық құрама қатарына шақырту алды. Алматының Орталық стадионында өткен Қазақстан мен Словения арасындағы ойынның 64 минутында Ислам Чеснаковты алмастырып, дебют жасады. Қараша айының басында болған Аустриямен Норвегия арасындағы кездесуге Асхатпен қатар «Жетісудың» ойыншысы Мейрамбек Қалмырза да шақырту алып, құрама қатарында ойнады. Одан бөлек, «Жетісудың» түлегі, бүгінде «Қайсарда» (Қызылорда) жүрген Айбар Жақсылықов та Ұлттық құрама қатарына тұрақты шақырылып жүр. Ал Қазақстанның жастар құрамасында (U 21) «Жетісудан» Мейрамбек Қалмырза, Егор Ткаченко, қақпашы Санжар Ерниязовтың әр ойында алаңға шыққаны бізді де қуантады. Ал Ұлттық құраманың ересектер қатарын алғаш қабылданған Мейрамбек Қалмырза: «Ойыншылар өте жақсы қабылдады. Өзіме берілген сенім мен үмітті қолымнан келгенше ақтауға барымды саламын. Ұлттық құрама сапында ойнау кез келген ойыншының мақсаты», – дейді.  

«Жетісудың» биылғы басты ерекшелігі – құраманың басым бөлігі жергілікті ойыншылар мен ел футболшыларынан жасақталды. Мәселен, «Қайратпен» болған ойында Рауан Орынбасар, Мейрамбек Қалмырза, Нұрлан Дайыров, Дінмұхамед Қараман, Серікжан Мұжықов негізгі құрамда шықса, қарсыластардан жалғыз Еркебұлан Сейдахмет ойнады. Оның алдында «Жеңіспен» өткен матчта астаналықтар қатарында Сағи Совет қана бастапқы құрамда ойынға араласса, талдықорғандықтардан Асхат Балтабеков, Абылайхан Жұмабек, Мейрамбек Қалмырза, Рауан Орынбасар, Серікжан Мұжықов, Дінмұхамед Қараман ойын өрнегін көрсетті. Соңғы турда «Астанамен» болған кездесуде қарсыластар сапынан Ян Ворогговский ғана бастапқы құрамда болса Серікжан Мұжықов, Мейрамбек Қалмырза, Егор Ткаченко, Дінмұхамед Қараман, Асхат Балтабеков, Данияр Үсенов, Абылайхан Жұмабек «Жетісудан» сапынан алғашқы минуттан ойынға араласты. Бас бапкер Қайрат Нұрдәулетов легионерлерден гөрі ел футболшыларына басымдық беретініне жанкүйерлерде, футбол мамандар да, аладопты жазып жүрген журналистер де сүйсінген. Оның үстіне Премьер-лигадағы «Қайраттан» кейін (орта жасы 25,6) ең жас команда «Жетісу» (орта жас 26,3).

Әйгілі transfermarkt.world сайты «Жетісудың» жалпы құнын 3,98 миллион еуро деп көрсеткен. Одан кейін «Қайсар» (Құны 3,91 миллион еуро), «Тұран» (3,65 миллион еуро) және «Шахтер» (3,50 миллион еуро) тұр. Ең қымбат командалар – «Ордабасы» (10,50 миллион еуро), «Астана» (9,55 миллион еуро), «Қайрат» (9,10 миллион) және «Тобыл» (8,50 миллион еуро).

Чемпионат тамам. «Жетісу» былтыр да 11-орын алған (ол кезде 26 ойында 29 ұпай жинады), биыл 24 кездесуде 23 ұпай еншіледі. «Астана» болса былтыр да күміске ие болған, «Ақтөбе» де қоланы қатарынан екінші жыл алып отыр. Келесі маусымда УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде ел намысын «Қайрат» қорғаса, «Астана» мен «Ақтөбеде» Конференция лигасында жорық жасап көреді. Басшысыз қалған «Жетісу» (2022 жылдан бастап команданың директорлық қызметін атқарған Қалмұхамет Дөңсебаев 1,8 миллиард теңге жымқырғаны үшін қамауға алынған болатын) келесі жылы жаңа басшымен чемпионат көрігін қыздырады деген сенімдеміз.

Серік ҚАНТАЙ