Атақты чехиялық футболшы Иржи Ярошик қарағандылық "Шахтер" футбол клубымен жаттықтырушы ретінде келісімшартқа қол қойды.
Бүгіннен бастап Иржи Ярошик "Шахтер" футбол клубының бапкерлер құрамына кірді.
Сонымен қатар "Шахтер" футбол клубының жаттықтырушылар штабына Петар Алексеевич пен Джозеф Муха да қосылды. Бұрынғы жаттықтырушылар Андрей Финонченко, Игорь Маштаков және Сергей Ткачук өз қызметтерін жалғастырады.
Иржи Ярошик кәсіби мансабында "Челси" сапында Англия премьер-лигасының чемпионы, ЦСКА сапында Ресей чемпионы, "Селтик" сапында Шотландия чемпионы және "Спарта" сапында Чехия чемпионы атанған.
Иржи Ярошик бұған дейін "Спарта", "Ружомберок", "Теплице" және басқа да клубтарды жаттықтырушы ретінде қызмет еткен.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан премьер-лигасының биылғы маусымында қарағандылық "Шахтер" клубы 10 ұпай жинап, турнир кестесінің соңғы орнын місе тұтқан болатын. Осылайша қарағандылық клуб бірінші лигаға түсіп қалды.