Маңдайың жарылса да, маңдайға жазған кетпейді

Уақыты: 20.08.2016
Оқылды: 2026

Рионың төрінде өтіп жатқан Олимпиада ойын­да­­ры аяқ­та­луға жақын. Кіл мықтылар суырылып ал­­ға шықты. Са­рап­қа түскен жүлдеге қол созатын спорт­­шылар көп. Со­лар­дың ара­сын­да ел үмітін ар­қа­лап аттанған Данияр Елеусінов те болды.

Бокс құрамасының капитаны талантты ұл Даниярдан жүлде күткеніміз анық. Әу бастан-ақ басты үміткерлердің санатында болған. Сол сенімді селге жібермеген Да­нияр қарсыластарын атойлап жүріп ұтты. Жігіт­тердің намысы құлап жатқанда жа­сымай, қайсарлық танытып, әріптесте­рінің есесін қайтарды. Жартылай финалдағы бок­сы да ел сүйсінерліктей еді. Әлемнің жұл­дызы, кәсіпқой бокста атын алтын әріп­пен жазған Флойд Мейвейзердің өзінің Даниярдың шайқасына бас шайқап, арнайы келіп көргені біздің ұлға берілген үлкен баға. Шаршы алаңда найзағайдай жарқыл­дап, француздық спортшыны бет қаратпай ұтқаны көпке үлгі болса, алдағы қарсылас­та­рына көрсеткен сесі еді. Шамасының жет­­пейтінін білген француздық спортшы құй­тырқы әрекетке барып, отандасы­мыз­дың маңдайын баспен соғып, жаралап тынды. Маңдайы жарылса да қаймықпай айқасты. Ақыры қарсыластың арам пиғылы іске аспай өзі қуылды. Сонымен алтынға бір адым қалды. Алда жұдырығын түйіп өзбек боксшысы күтіп тұрды. Барлығымыз да іш тартып, Даниярдың жағдайы қалай болады деп алаңдадық. Санамыз сан саққа жүгіріп, биылғы Олимпиададан боксшыларымыз алтынсыз қайта ма деген ой мазалады. 69 келіде кілең алтын жалғасып келе жатқан үрдіс осымен үзіле ме деп іштей тындық. Қазақтың салмағы саналатын 69 келі төрт Олимпиадада да алтынмен елге оралып еді. Енді күміспен қайтатын болды деген алаң басым. Бірақ батырдың ұрпағы, ер­жү­рек елдің ұланы емес пе, маңдайы жа­р­қыраған ұлдың кішкентай жарақаты кедергі кел­тірмеді. Найзаның өзін тікен кірген құрлы көрмейтін баһадүрдей атойлап шайқас алаңына бет алды. Бұрынғысынан да қатты қай­раттанған. Көзінде от, тас шай­нап, құм түкіргендей қарсы келгеннің жігерін құм етпек. Мырзағали Айтжановтың да түсі суық. «Қарсы келгеннің қабырғасын сөгеді менің батырым» дегендей алшаң басып шаршы алаңға жетті. Бір орында тұра алмай, бастаңдар айқасты деген кейіп танытады. Тақым қысып, иә, Жаратқан, ұлыңды қолдай гөр деп біз отырдық. Алашапанды ағайын­ның батыры да оңай шағылатын жаңғақ емес. Жас дегенің болмаса нағыз талант иесі. Үлкен дуға алғаш түсуім деп тұрған өзбек жоқ. Келсең кел, мен дайын деп жұдырығын көтерді. Басталды, қос мықты бір-бірін төпелеп әкетті. Данияр маңдайын алып қашып, жұдырығын жұмсады. Шық­шыт­тан әдемі тиді. Қарсыласы ызаланып, қайта шабуыл жасады. Көздегені бір-ақ жер. Маңдайдан бір соқсам алтын менікі деп ойлап жүргені анадайдан белгілі. Бапкерлері де мықтап тапсырманы берген екен. «Маң­дайды көзде, маңдай» деген дауыстар да естілді. Біздің қыран берілсін бе, қайта шүйлігіп, азуын батырды. Осылайша Данияр үш раунд бойы қарсыласын бұрыштан бұрышқа тұқыртып жүріп соқты. Ақыры қол­да тұрған жеңісті ешкімге ұстатпай алтынға қол созды. Алдындағы ағалары жалғас­тырып келген 69 келідегі алтын дәстүрді Данияр үзіп алмай келесі Олимпиа­даға дейін жалғады. Ұлтын ойлаған алтын ұлдың Ұлы Далаға сыйлаған алтын жүлдесі осылайша қолға тиді.