«Қос қуанышың қабат, жан-жағың абат болсын» деген сөздің мәні Ескелді ауданында ашылғандай. Тәуелсіздік мерекесіне орай баба есімімен аталатын ауданда қос қуаныш қабат келді. Шымыр және Елтай елді мекендерінде спорт кешендері тұрғындарға тарту етілді. Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі көпшілікке алда күтіп тұрған жаңалықтарды айтып, бір серпілтті.
Шымыр ауылында ашылған спорт кешеніне ауылдың тұрғындары түгел жиылыпты. Көптен күткен қуаныш болған соң ауылдың ақсақалы Ерназар Әбдірашов шымырлықтар атынан жаңадан ашылған нысанға тарту жасады. Өз сөзінде ауылдан талай доданың шаңын шығаратын саңлақтар шықсын деген тілегін де жеткізді.
– Бірер жыл бұрын Шымыр ауылы қараусыз қалғандай сезілетін. Атқамінерлерге уәжімізді айтып, талай есікті тоздырдық. Аудан әкімі Елдос Ахметов ауылдың көсегесін көгертуде. Ауыл мектебі күрделі жөндеуден өтті. Амбулатория салынуда. Газ желісі тартылуда. Бүгін, міне, спорт кешені ашылуда. Ауыл тұрғындары атынан аудан басшылығына алғаусыз алғыс білдіреміз, – деді Е. Әбдірашов.
Мұнан кейін Елдос Тұрсынбайұлы Елтай ауылындағы спорт нысанының ашылуына қатысты. Сонда тұрғындарды жыл соңына дейін ашылатын әлеуметтік нысан көп екенін, бұл қарқында жұмыс жүргізілсе бірер жылда аудандағы халыққа қажетті нысандарға сұраныстың азаятынын алға тартты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет. Спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс» деп халықтың спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін арттыруды тапсырған еді. Осы бағытта Ескелді ауданында бірқатар жұмыс жүзеге асып жатыр. Бірер жыл бұрын Қарабұлақ ауылында дене шынықтыру сауықтыру кешені салынды, былтыр пилоттық жоба аясында Көкжазық ауылында блокты-модульді спорт кешені салынып, қолданысқа берілді. Қарабұлақ, Ақын Сара және Матай Байысов ауылдарында спорт алаңдары салынды. Жетісу, Шымыр және Елтай ауылында спорт кешені бой көтерді. Келер жылға жоспарымыз көп. Бастысы, елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарымыз жемісті болсын! – деді аудан әкімі.
Еске сала кетейік, Ескелді ауданындағы пайдалануға берілген қос нысанның құрылысын «Эснаф» ЖШС жүргізген. Жоба құны 120 млн. теңгеге жуық. Жыл соңына дейін осы мердігер құрылысын жүргізген Жетісу ауылындағы спорт кешені де пайдалануға берілмек.
Дастанбек САДЫҚ