ЖЕТІСТІК ЖОЛЫНДА АЯНЫП ҚАЛМАЙМЫН

Уақыты: 10.01.2025
Оқылды: 1465

Кейінгі жылдары елімізде футзалдағы ішкі бәсекелестік артып, чемпионаттың деңгейі өсті. Мықтылардың арасында төбе көрсетіп, үздік ойынымен айрықша ықыласқа бөленгендер қатарында «Жетісу» да бар. Биылғы маусымды сәтті бастаған ұжым әлі де өз биігінен түскен жоқ. Еліміздегі титулды «Қайрат» чемпион «Семеймен» терезесі тең ойнап, басқалардан үш ұпайды олжалап отырды. «Жетісу» сапында ерекше ойынымен көзге түсіп жүрген жас ойыншы, Қазақстан жастар құрамасының мүшесі Әлімжан Сейітнұрмен әңгімелестік. Ол өткен маусымда ­29 ойында екі гол салса, жаңа маусымда әзірге 12 ойында екі голдың авторы атанды.


Біздің анықтама:
 2006 жылдың 4 маусымында Алматы қаласында дүниеге келген. Бауыржан мен Жайдардың шаңырағындағы екінші бала (алдында әпкесі, артында төрт інісі бар). Әлімжанның екі жасында әкесі мен анасы Жетісу облысы, Көксу ауданы, Мұқыры ауылына көшіп келді. Мұқырыдағы Қалқа Жапсарбаев атындағы мектептің түлегі. Бүгінде Талдықорғандағы Жетісу университетінде дене-шынықтыру бағыты бойынша білім алып жатыр.

– «Жетісу» футзал клубына іріктеу арқылы сүрінбей өткен ойыншы есебінде өзің туралы баяндасаң. Алғаш кім арқылы естідің, іріктеуге қалай келдің, кім қабылдады? 
– Жалпы футзалмен кәсіби түрде айналысу мен үшін арман болатын. Қаладағы, аудандағы әуесқой лигаларда ауылдастарыммен доп теуіп жүрдім. «Жетісу» футзал клубы 19 жасқа дейінгілер арасында команда ашып, жергілікті ойыншыларға басымдық береді дегенді естіп, өз мүмкіндігімді байқап көргім келді. Ең алғаш мені көрген де, одан кейін футзалды үйреткен де, командаға шақырған да Бекет Парух.  Ол кісіге айтар алғысым шексіз. 

– Еліміздегі ойыншылар бас бапкер Биро Жадені маман есебінде жоғары бағалайды. Сен үшін қандай бапкер? Басқа жаттықтырушылармен салыстырғанда басты ерекшелігі неде? 
– Өз ісін жақсы біледі және сүйеді. Әр жаттығуы ерекше. Жастарды қолдайды, командаға мотивация бере алады. Өзге бапкерлерден мен білетін ерекшелігі – адам психологиясына енеді, сенің жай-күйіңді түсініп, санасады. Кез келген сәтте қолдау білдіріп, ойын алдында жігерлендіре біледі. 

– Жастар арасындағы ұлттық құрамаға қабылданған сәтте қандай сезімде болдың, нені басты назарда ескеру керектігін ұқтың? Кака қалай қабылдады, сені көргендегі алғашқы сөзі қалай болды? 
– Бізде әзірге тек оқу-жаттығу жиындары өтті. Алдағы уақытта тағы да жаттығу болады. Әрине, өз еліңнің намысын қорғау кез келген спортшы үшін үлкен мәртебе. Ойын болар күнді тағатсыздана күтіп жүрмін. Ал Кака бапкердің Ұлттық құрамамен жеткен жетістігі үлкен тарих. Білікті маманның бағыт-бағдар көрсетіп, білмегеніңді үйретуі ерекше сезім сыйлайды. Әр жасты жылы қабылдап, ақыл-кеңесін аямады. Жалпы Ұлттық құрамаға қабылданудың өзі үлкен жетістік.

– Былтырдан бастап «Жетісудың» негізгі құрамына қосылып, ара-тұра ойындардан көрініп, тіпті кей матчта гол да салдың. Алғашқы ойының жөнінде айта кетсең, одан кейін өзіңе ерекше есте қалған голың, ол несімен ерекше? 
– Әр ойында гол салып, командаға жеңіс сыйлауға тырысамыз. Негізгі командаға қабылданып, кілең мықтылардың арасында екі-үш минутқа алаңға шыққанның өзі үлкен жетістік болды. Ерекше голым және есте қалғаны, ол «Қайрат» командасына әлемнің үздік қақпашысы Игита қорғаған қақпаға салған голым. Шыны керек, сол кезде өзім түсінбей қалдым. Бірақ ерекше гол болды деп ойлаймын.    

– «Жетісу» футзал клубының жүйесі дұрыс. Өзің қатарлы жергілікті ойыншылар өсіп келеді. Қатарластарыңнан кімді ерекше айта аласың? 
– Жыл сайын командаға қосылып жатқан қатарластарымнан, одан кейінгі інілерімнің арасында ерекше үміт күтетіндерім өте көп. Оны өздеріне де айтамын. Әр матчтың алдында бір-бірімізді қолдап, қанаттандырып жүреміз. Қатарластарымнан айтуға тұрарлық ойыншылар көп болса, артымыздан келе жатқан Бексұлтан Тілеуханның ойынын ерекше айта аламын. Жастар құрамасына қабылданса деген де тілек бар.  

– «Жетісудың» биылғы маусымына тоқталсақ. Турнирлік кестеде үздіктер санатындасыңдар. Биылғы маусым жөнінде айтсаң.
– Бір орында тоқтап қалғымыз келмейді. Спорт болғандықтан күнде даму мен өсу жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрады. Негізгі мақсат – плей-офф сатысы. Сол кезеңде жеңіс үшін барымызды саламыз. УЕФА Чемпиондар лигасына жолдама алу үшін қолымыздан келгенін істейміз. Оған командамыздың деңгейі де, дәрежесі де жетеді. Ұжым мықтылармен жасақталған.

Қысқа-нұсқа 

– Joma әлде Nike? 
– Joma. Аяққа ыңғайлы, жұмсақ. 

– Бірге ойнағың келетін ойыншы?
– Ұлттық құраманың, «Қайраттың» ойыншысы Эдсон.  

– Сен үшін ең қиын қарсылас болған ойыншы?
– Ол да Эдсон (күліп). 

– Талдықорған сен үшін...
– Менің үйім.

– Неге 9 нөмір?
–  Ешқандай құпиясы жоқ. Командаға қабылданғанда бос болды. Оның үстіне менің позициямдағы ойыншылар дәл осы нөмірмен ойнайды. 

– Таңертеңгі әлде кешкі жаттығу ұнай ма?
– Таңертеңгі. Күні бойы сергек жүруге, күнді жақсы бастауға әсер етеді. 

– Кофе әлде шай? 
– Шай дұрыс (күліп).

– Есте қалған ерекше ойын? 
– Биылғы маусымда «Семейге» қарсы ойыным өзім үшін ерекше есте қалды.

– Елімізде допты қаққан қазықтай бір орында ұстап тұрып, шабуыл ұйымдастыратындар баршылық. Ол Альберт Ақбалықов, Азат Валиуллин, Дәурен Тұрсағұлов. Қай ойыншының шеберлігі сені таңғалдырады, қайсысы саған қолдау білдіріп ақыл-кеңесін айтты? 
– Өз шептерінің нағыз шеберлері. Аты аталған ағаларымыздан үйренеріміз өте көп. Әзірге қоян-қолтық араласып, сөйлеспедім, бірақ көргенде ағалық қамқорлық танытады. 

– Ең алғашқы жалақыңа не алдың, несімен есте қалды? 
– Ата-анама бердім. Ол кісілер қатты қуанды. 17 жасымда алғашқы жалақымды алып, үйдегілерді қуанту  мен үшін нағыз бақытты сәт. 

– Легионерлермен бірге ойнау, оның үстіне елімізге белгілі Ұлттық құраманың мүшелерімен бірге доп тебу қандай? Қай ойыншы саған ерекше әсер етті, кімнен не үйрендің? 
– Кез келген команда тәжірибе алмасу мақсатында команданың ойынын өсіру үшін легионерлер шақыртады. Егер шынымен мықты болса ол қатты көмектеседі. Ал Ұлттық құрамада доп теуіп жүрген, осыған дейін ойнаған ойыншылардың да қамқорлығын сезінеміз. Ірі жарыстарды көргендіктен олардың да айтары мол, нұсқау беретін тұсы көп. Жас болғандықтан әр ойыншыдан футзалдың бір элементін жетік меңгеріп алуға тырысамыз. Алаңда да, ойыннан тыс та ақыл-кеңесін аямайтын жандардың бірі капитанымыз Болат Сарбасов. 

– Жас ойыншының  болашаққа деген арман-мақсаты көп екені белгілі. Біз де білсек бола ма?
– Ұлттық құрамаға қабылданып ел намысын әлем, Еуропа чемпионатында абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көрінгім келеді. Сол мақсаттың жолында үйрене бермекпін. Жеңіс қашанда еңбек пен жаттығуды талап етеді. Жетістік жолында аянып қалмақ емеспін. 

Сұхбаттасқан: Серік ҚАНТАЙ