«ЖЕТІСУ» ЖЕҢІСПЕН БАСТАДЫ

Уақыты: 12.01.2025
Оқылды: 426

Петропавлда волейболдан әйелдер арасында ел чемпионатының үшінші тур ойындары басталды. Ұлттық лиганың алғашқы ойынын «Жетісу» қыздары «Қарағандымен» өткізіп, 3:0 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті.


Үшінші турды сәтті бастаған «Жетісу» «Қарағандыны» 25:21, 25:19, 25:17 (3:0) есебімен, үш сетте де жеңісті бермеді. Ойын статистикасы бойынша «Жетісу» 44 пайыз шабуыл ұйымдастырып, 12 блок, 2 эйс жасаған. Ал «Қарағандының» шабуылдағы әрекеті 34 пайыз болса, блоктан 2 ұпай алып, 4 эйс жасаған. Жалпы матчтың үздік ойыншысы, «Жетісудың» капитаны – Карина Денисова (16 ұпай).

Матчтан кейін талдықорғандық ұжымның ойыншысы Татьяна Никитина «Алғашқы ойын қашанда қиын. Сол бір қиындыққа қарамастан бапкер көрсеткен жоспарды толық орындадық деп ойлаймын. Алдағы ойындарда жеңіс үшін барымызды саламыз» деді.

«Жетісу» сапынан ойынға жарақатына байланысты байланыстырушы Мария Гардер қатыспады. Ол үшінші турдағы барлық ойынды алаң жиегінен тамашалайды.

«Қуаныш» спорт кешенінде өтіп жатқан жарыста жетісулықтар басты фаворит қатарында. Екінші турдан кейін (14 ойында 38 ұпай жинады, жеңіс саны бойынша 36 ұпаймен «Берел» бірінші орында тұр) турнирлік кестеде екінші орын алған «Жетісу», үшінші турда басты қарстыластарымен кездеседі. Ертең «Алматымен» ойнайды.  

Серік ҚАНТАЙ
арнайы Петропавлдан