ҚАТАРЫНАН ЕКІНШІ ЖЕҢІС

Уақыты: 13.01.2025
Оқылды: 244

Петропавлда әйелдер командалары арасында Ұлттық лиганың үшінші тур ойындары өтіп жатыр. «Жетісу» әзірге екі ойын өткізіп, екеуінде де сенімді жеңіске жетті. Ұпайдан шашау шығармаған Марко Грчиштің командасы әр кездесуді жоғарғы деңгейде өткізді.


Жарыстың екінші күні «Алматымен» өткізген талдықорғандықтар 3:0 (25:13, 25:16, 25:20) есебімен жеңіске жетті. Ойынның статистикасы бойынша 12 ұпай жинаған орталық тосқауыл қоюшы Наталья Борисенко үздік ойыншы болды. Марконың бүгінгі ойынға жасаған өзгерісі – кеше ойынды толық өткізген либеро Мадина Бекет, орталық тосқауыл қоюшы Кристина Аниконова, диагональдан шабуылдайтын Татьяна Никитина бүгінгі ойынға шыққан жоқ. Оның орнына Мария Сырыгина (либеро), Наталья Борисенко (орталық тосқауыл қоюшы), Перизат Нұрбергенова (диагональ) кездесуді соңына дейін ойнады. «Жетісудың» бүгінгі ойында шабуылдағы белсенділігі – 44 пайыз. Ал «Алматы» 32 пайыз шабуылға ие. Кешегі ойынмен салыстырғанда блок саны көп. «Жетісуда» - 7, «Алматыда» - 5. Эйс бойынша жетісулықтар 5, алматылықтар 1 ұпай алды.

«Жетісудың» волейболшысы Перизат Нұрбергенова ойыннан кейін «Бүгін «Алматы» командасын жеңдік. Әрине, қиын болды. Оның үстіне таңертең ерте ойнағаннан кейін, қалыпқа түсу үшін де уақыт жоғалтып аламыз. Алдағы күндері маңызды ойындар күтіп тұр. Ол кездесулерден де ұпай жоғалтпай, барынша жақсы ойын көрсетуге тырысамыз» деді.

«Жетісу» ертең «Ару Астана» командасымен ойнайды. Турнирлік кестеде талдықорғандықтар әлі де екінші орында (Бірінші орында жеңісінің көптігіне байланысты «Берел» орналасқан).  

Серік ҚАНТАЙ
арнайы Петропавлдан
(Фото автордікі)

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ - "ЖЕТІСУ" ЖЕҢІСПЕН БАСТАДЫ