МЕКТЕБІНІҢ МАҚТАНЫШЫ

Уақыты: 14.01.2025
Оқылды: 316

Адам бойындағы қабілет ізденіспен дамып, сан қырланып отыруы керек. Білім мен өнерді ұштастыру бүгінгі жас буынның көздеген мақсаты болуы шарт. Осы ретте өңірімізде жан-жақты, бәсекеге қабілетті жеткіншектердің өсіп келе жатқаны көңіл жадыратады. Солардың бірі  – Еркежан Нәби.

Еркежан мектебіндегі үздік оқушы. Оның бойындағы таланты мен алғырлығы  жас өнерпазды әрдайым алға сүйреуде. Ұстаздары да шәкіртінің жеткен жетістігімен үнемі мақтанып отырады. Мұғалімдері бойжеткеннің сахнада өз өнерін қорықпай көрсетіп жүргеннен кейін, халық алдында да еркін сөйлеп, ойын қысылмай толық жеткізе алатынын, мінезі ұстамды, өзгелерден көмегін аямайтынын, мектепте өтетін ешбір іс-шарадан қалмайтынын айтады. Ән айтып, өлең оқып, би билеп, сонымен қатар жүргізуші де болып сахна төрінен түскен емес дейді.

Еркежан – мектепте өз қатарластарының көшбасшысы екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, аудандық, облыстық байқаулар мен оқулардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанған.

Ол 2021 жылы «Ақ шағала» облыстық хореографиялық фестиваль-байқауына қатысып III орын, 2022 жылы аудандық «Әбіш оқулары» байқауында «Әбіш Кекілбаевтің шығармалары бойынша зерделеу жоба байқауы» бағыты бойынша II орын, 2023 жыл облыстық «Әбіш оқулары» байқауының «Әбіш Кекілбаевтің шығармалары бойынша зерделеу жоба байқауы» бағыты бойынша II орын, 2024 жылы аудандық «Мәшһүр Жүсіп шығармалары» және «Ұлы Даланың ұлы есімдері» бағыты бойынша I орын, 2024 жылы облыстық  «Мәшһүр-Жүсіп оқулары» байқауының «Мәшһүр-Жүсіп шығармалары» және «Ұлы Даланың ұлы есімдері» бағытында  I орын жүлдегері.

Бойжеткеннің алда көптеген белесті бағындыра беруіне, ұлтының рухты қыздарының бірі болып қалыптасуына тілектеспіз.