ҮШ ОЙЫННАН ТОҒЫЗ ҰПАЙ

Уақыты: 14.01.2025
Оқылды: 344

Үшінші турдың үшінші ойын күні «Жетісу» «Ару Астана» командасымен жолығып, айқын басымдылықпен жеңді. Таблодағы нәтиже – 3:0 (25:14, 25:6, 25:12). Осылайша Марко Грчиштің командасы үш ойыннан тоғыз ұпай алды.


«Ару Астана» үшінші турды сәтсіз бастады. Бірінші ойында екі тур бойы жеңіске жетпеген «Ертіс» командасынан 2:3 (25:18, 20:25, 30:28, 23:25, 10:15) есебімен жеңілді. Екінші кездесуінде «Грация» (Орал) командасын бес сетке созылған ойында 3:2 (25:23, 25:23, 20:25, 23:25, 15:10) көрсеткішімен басым түскен. Үшінші кездесуінде тәжірибелі «Жетісумен» жолығып, үш сетте де жеңілді. Ал «Жетісу» болса үшінші тур басталғалы «Қарағандыны», «Алматыны» 3:0 нәтижесімен ұтты.

«Жетісу» мен «Ару Астана» арасындағы ойынның үздігі – Татьяна Никитина. Ол 11 ұпай жинады (1 сетте – 4, 2 сетте – 5, 3 сетте – 4 ұпай). Татьяна 18 мәрте шабуылға шығып, 9 ұпай алса, 2 ұпайды допты ойынға қосу барсында жасаған эйстің арқасында алды. Ал жалпы «Жетісудың» ойындағы шабуылдау көрсеткіші – 54 пайыз. «Ару Астананың» шабуылға шығу есебі – 20 пайыз. Талдықорғандықтар 14 эйс жасаса, қарсыластары мүлдем жасамаған.

Ойыннан кейін «Жетісудың» диагоналді шабуылшысы Зарина Мубаракзянова «Бапкердің бүгінгі ойынға қойған жоспарын толық орындадық. Соның арқасында жеңіске жетіп отырмыз. Біз үшін маңызды кездесулер енді басталады. Соған дайындаламыз» деді. Ертең жарыстағы командалар үшін демалыс. Одан кейін жетісулықтар "Грация" (Батыс Қазақстан облысы), "Қуаныш" (Солтүстік Қазақстан облысы), "Ертіс" (Павлодар облысы) және "Берел" (Шығыс Қазақстан облысы) командасымен ойнайды.  

Серік ҚАНТАЙ
арнайы Петропавлдан 
(фото автордікі)

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ.

- "ЖЕТІСУ" ЖЕҢІСПЕН БАСТАДЫ

- ҚАТАРЫНАН ЕКІНШІ ЖЕҢІС