Петропавлда өтіп жатқан волейболдан әйелдер арасындағы ел чемпионатының үшінші турын «Жетісу» әзірге жоспардағыдай өткізіп жатыр. Төртінші ойынды «Грация KZ» командасымен өткізіп, 3:0 (25:7, 25:13, 25:10) есебімен жеңді. Қарсыласына еш мүмкіндік бермеген жетісулықтар маңызды ойын алдында үш ұпайға ие болды.
Ойынның статистикасы толық «Жетісудың» «уысында». Олардың шабуылдағы көрсеткіші 58 пайыз болса, қарсыластарының белсенділігі 22 пайызға бағаланған. Матчтың үздік ойыншысы – Перизат Нұрбергенова. Ол 8 мәрте шабуылға араласып, 5 шабуылы нәтижелі болса, 6 рет допты ойынға қосу барысында 2 эйс жасап, 1 тосқауылы ұпай алып келді. Команда бапкері Марко Грчиш ойынға шыққан бастапқы құрамында Карина Денисова (капитан), Валерия Якутина, Наталья Борисенко, Дарья Шаргородская, Сильви Уаттара, Мадина Бекет және Мария Сырыгина (екеуі де либеро) болса, ойын ортасында либеролардан басқасы толық ауысты. Жас ойыншылардың да ойынға араласып, нәтижелі әрекет жасады. Мәселен, байланыстырушы Елизавета Мейстер 2 ұпай алды (біреуін қарсыластарын алдап алаң ортасына тастап алса, екіншісін эйс арқылы). Тізімдегі 14 ойыншының барлығы қатысқан ойын болды.
«Жетісудың» келесі қарсыласы – «Қуаныш». Ол турнирлік кестеде үшінші орында. Өткен турдағы кездесуде «Жетісу» 2:3 (16:25, 25:17, 19:25, 25:23, 18:20) есебімен жеңілген болатын.
Серік ҚАНТАЙ
арнайы Петропавлдан
(фото автордікі)
Оқи отырыңыз:
- "Жетісу" жеңіспен бастады
- Қатарынан екінші жеңіс
- Үш ойыннан тоғыз ұпай