Алматыдағы «Шымбұлақ» тау шаңғы кешенінде жасөспірімдер арасында фристайлдан Әлем чемпионаты аяқталды. Фристайл – фристайл-акробатика, могул, шаңғымен секіру сынды түрін қамтыды. Кейінгі жылдары фристайлдан жасөспірімдер құрамасы айтулы жетістіктерге жетіп, ел абыройын асқақтатып жүр. Алатаудың баурайында өткен сындада спортшыларымыз мерейді өсірді.
Әуелі, фристайл-акробатикадағы тұңғыш алтын жөнінде. Жас спортшы Дінмұхамед Райымқұл финалдық сында 104.52 ұпай жинады. Күміс медальды Юч Юнхен (Қытай) алса, қола медаль тағы бір Қытай спортшысы Ян Чжичэнге бұйырды. Дінмұхамед іріктеу сынында 4-орын алып, финалдық кезеңге жолдама алған болатын. Жалпы, фристайл-акробатикадан жасөспірімдер арасында өтетін әлем біріншілігінде бұған дейін еншімізге алтын медаль бұйырмаған. Алматы төріндегі Әлем чемпионатына 16 елден үздік спортшылар қатысты.
Фристайл-акробатикадан бас бапкер Іңкәрбек Бағлан Дінмұхамед Райымқұл-овтың Әлем чемпионатындағы өнеріне баға беріп, алдағы жоспары жөнінде: «Дінмұхамед Райымқұлов жайлы айтатын болсақ, ол биылғы жастар арасындағы Әлем чемпионатында керемет нәтиже көрсетті. Спортшы өзіне жүктелген міндетті жоғары деңгейде ақтады. Оның жеңіске жететініне еш күмәнім болмады. Ендігі басты мақсат – Азия ойындарында керемет өнер көрсетіп, жазда өткен дайындықты ақтау», – деді.
Ал тарихи алтынның алдында Анастасия Городко параллель могулда топ жарды. Ұлттық құрама барлық жарыс күні жүлдеге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, турнирдің алғашқы күнінде Анастасия Городко өзін көрсете білді. Ол могулдан күміс жүлдеге ие болса, жарыстың екінші күні параллельді могулда алтыннан алқа тақты. Бұл оның алғашқы алтыны емес, ол осыған дейін екі рет жарыс жеңімпазы атанған еді. Городко 2022 жылғы Италияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы нәтижесін қайталады. Сондай-ақ, аталмыш жарыста Федор Бугаковпен бірге аралас командалар арасында күміс жүлдеге ие болған. Одан кейін жас спортшы ауыр жарақатына байланысты бір маусым сынға түспеді. Анастасия 2024 жылы Кьеза-ин-Вальмаленкода өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жүлдеге ие болды. Сол жылы отандасымыз Могулда 1-орынға ие болса, параллельді могулда екінші нәтиже көрсетті. Осындай нәтиже көрсете білген Анастасия Городко бүгінде үш дүркін әлем чемпионы атанды.
Анастасия суперфиналда америкалық спортшы Рис Чэпделейнмен жарысып, мәреге бірінші келді (1. Анастасия Городко - 21.00 ұпай; 2.Рис Чэпделейн (АҚШ) - 14.00 ұпай; 3. Эбби Макларнон). Қазақстандықтың әлем чемпионатындағы нәтижесі туралы фристайл-могулдан ұлттық құраманың бас бапкері Елена Круглыхина: «Анастасияны екі алтын медаль алуға дайындаған едім. Бірақ қателік жіберіп алдық. Бұл бізді бір алтын медальдан айырды. Дей тұрғанмен, Анастасия сөзсіз дарынды спортшы. Ол өзінің көрсеткіштерін жақсартуға әрдайым тырысады. Спортшы ретінде оның болашағы керемет боларына еш күмәнім жоқ. Ал ұлттық құрамаға келер болсақ, барлығы бірдей дайындалды. Әрине, біз Анастасияның 2022 жылғы жарақатынан кейінгі жағдайы мен физикалық мүмкіндіктерін ескердік. Дегенмен, барлығы жоспар бойынша өтті», – деді.
Серік ҚАНТАЙ
Фото: Спортты дамыту дирекциясы