"ЖЕТІСУ" КӨШБАСЫНДА

Уақыты: 25.01.2025
Оқылды: 433

Петропавлда әйелдер арасында Ұлттық лиганың үшінші тур ойындары аяқталды. Марко Грчиш жаттықтыратын команда барлық ойында жеңіске жетіп, турнирлік кестенің көшін бастады.


 МАРКОНЫҢ УӘДЕСІ

«Жетісу» үшін үшінші тур маңызды болды. Маңыздылығы – басты қарсыластары «Қуаныш» (Солтүстік Қазақстан), «Берел» (Шығыс Қазақстан облысы) командаларымен ойнап, турнирлік кестедегі бірінші орын мәселесін шешу. Ал Талдықорғанда болатын төртінші турда «Жетісу» екі мықтымен де ойнамайды. Плей-офф алдында тізімді бірінші болып аяқтау – кез келген команда үшін айтарлықтай тактикалық жүріс. Команда бапкері Марко Грчиш жарыс алдында «Мен өз командама сенемін. Барлық ойыншы дайын, олар жеңіс жолында аянып қалмайды» деген еді. Волейболшылар да сөзін жоққа шығармады. Жарыстың бірінші күнінен соңына дейінгі ойындарда жеңіске жетті. Жарыс алдындағы жиында барлық ойыншыны, жаттықтырушыны жинаған Марко Грчиш «біз бір кемедеміз. Әр адамның өз міндеті бар. Бір адам қателік жіберсе, барлығымыз суға кетеміз. Сондықтан да жүктелген тапсырманы мүлтіксіз орындауға тырысайық. Әр жеңіс маңызды. Бұл турда тек жеңіске жетуіміз керек. Осыған дейінгі екі турда кеткен есені қайтаратын сәт (І-турда «Берелден» 2:3, ІІ-турда «Қуаныштан» 2:3 жеңілген еді). Мен сендерге сенемін», – деді. 

  «Жетісу» үшінші турды толық жеңіспен аяқтады. Ал оған дейін бірде-бір команда турдың барлық ойынында жеңіске жетпеген еді.

     ҚҰТҚАРУШЫ

Қызылжарда сары-ала доптың сайысы басталған сәттен-ақ «Жетісу» ұпай бермей, төпелеген үстіне төпелей түсіп, «аш қасқырдай» алдына келгенін бас салып отырды. «Қарағанды», «Алматы», «Ару Астана», «Грация KZ», «Ертіс» командаларын 3:0 есебімен жеңді. Жергілікті «Қуаныш» командасымен болған кездесудің бірінші сетінде ойынға кіріге алмаған жетісулықтар 21:25 есебімен жеңілді. Одан кейін бапкер ойынға өзгеріс енгізіп, диагональдағы шабуылшы Татьяна Никтинаны Перизат Нұрбергеноваға алмастырды. Ойын барысында алаңға Ольга Хаджиголо, Ирина Кенежабаева ауысып кіріп отырды. Қалған үш сетте 25:23, 25:11, 25:13 нәтижесімен ұтты.  Өскеменде өткен алдыңғы турда «Жетісу» барлық команданы жеңіп, тек «Қуаныштан» 2:3 (16:25, 25:17, 19:25, 25:23, 18:20) есебімен жеңілген еді. Ойыннан кейін «Жетісудың» байланыстырушысы Дарья Шаргордская «Бірінші сетте жолымыз болмады. Одан кейінгі сеттерде бапкердің тапсырмасын толық орындадық, өз ойлағанымыз да жүзеге асты» деді. «Жетісу» мен «Қуаныш» арасындағы кездесудің үздігі – Карина Денисова. Ол 24 ұпай (20 шабуыл, 2 эйс, 2 блок) жинады. Одан кейінгі нәтиже Перизат Нұрбергенова (18 ұпай – 12 шабуыл, 3 эйс, 3 блок) мен Сильви Уаттараға (18 ұпай – 17 шабуыл, 1 блок) тиесілі.

Турдың соңғы ойынын «Жетісу» «Берелге» қарсы өткізді. Талдықорғандықтар бірінші сетті сәтті бастап есепті 23:18-ге дейін жеткізіп, бес доп айырмасымен ұтып тұрып, соңғы сәтте қателіктерге жол берді. Абырой болғанда таблодағы есеп – 25:23. «Жетісудың» пайдасында. Ал екінші сетте бірінші кезеңнің соңында басталған қателіктер сериясы жалғасып, жетісулықтар ұпай жоғалтты. Допты ойынға қосу барысында, шабуылдау кезіндегі қателіктер қарсыластар пайдасына шешіліп отырды. Екінші сетте 26:28, ойынның үшінші бөлігінде 23:25 есебімен жеңілді. Диагональмен шабуылдайтын ойыншының қапталы тағы да сыр берді. Татьяна Никтинаның ойыны жүрмеді, орнына кірген Перизат Нұрбергенова да ойынға кіргенше қателіктер жіберді. Өткен «Қуанышпен» болған маңызды ойында «Жетісудың» жеңіске жетуіне үлес қосқан – Перизат Нұрбергенова. Ал төртінші сетте талдықорғандықтар күш алып 26:24 есебімен жеңіп, бесінші сетте 15:9 есебімен аяқтады. Матчтың үздігі – Карина Денисова. Ол 24 ұпай (3 эйс, 21 шабуылдан) жинады. Ал ойын ортасында қосылған Перизат Нұрбергенова 9 ұпай (1 эйс, 7 шабуылдан, 1 блок) алды. Екі ойынның да құтқарушысы – Перизат Нұрбергенова. Диагональді шабуылшының міндетін жақсы атқарды. 

КЕЛЕСІ ТУР ТАЛДЫҚОРҒАНДА

«Жетісу» жеңісті сериясын әлі де жалғастыруға ниетті. Сол үшін  де еңбектенеді. Петропавлдан кейінгі көңіл-күй Талдықорғанда да аспандай түссе дейсің. Плей-оффтың алдындағы төртінші тур Талдықорғанда 4-12 ақпан аралығында болады. Бұл турдағы «Жетісудың» қарсыластары – «Тұран», «Ақтөбе», «Қарағанды», «Алматы», «Ару Астана» және «Грация KZ». Жалпы 21 ойыннан кейін (19 жеңіс, 2 жеңіліс) 58 ұпай жинап турнирлік кестенің бірінші сатысында тұрған «Жетісу» өз орнын сақтап қалу үшін әрекет жасайды. Одан кейін кестеде «Берел» (21 ойын, 19 жеңіс, 2 жеңіліс – 55 ұпай) мен «Қуаныш» (21 ойын, 16 жеңіс, 5 жеңіліс – 49 ұпай) орналасқан. Талдықорғандағы турдың бірінші күні екі мықты өзара кездеседі. 

Үшінші турды қорытындылаған «Жетісу» волейбол клубының капитаны Карина Денисова «Әрине, біз үшін соңғы «Берелмен» болған ойын қиынға түсті. Бірінші сетті пайдамызға шешкенімізбен, екінші-үшінші сетте өзіміз көп қателік жібердік. Ал төртінші, бесінші сетте тактикалық жүріс те, ойыншылардың жеке шеберлігі жеңіске жетуімізге септігін тигізді. Енді Талдықорғанда болатын турда ұпайдан шашау шығармай, барлық ойында жеңіске жеткіміз келеді»,– деді. 

Серік ҚАНТАЙ