Уәде орындалды, сенім ақталды

Уақыты: 18.03.2025
Оқылды: 437

Волейболдан ел чемпионатында жеңіске жеткен «Жетісу» командасын облыс басшысы Бейбіт Исабев қабылдап, ойыншыларды құттықтады. Өз кезегінде аймақ басшысы команданың әр кездесуін көріп, жанкүйерлік танытқанын айтты. Бапкерлік құрамнан бастап әр ойыншыға жеке тоқталып, сый-сияпат көрсетіп, марапаттады. 

– Волейболшыларымыз өңірімізге үлкен сый жасап, чемпион болды. Командамыз финалда өте жақсы ойын көрсетті. Ойынның сапасы, ойыншыларымыздың шеберлігіне қарап облыс волейболының өскендігін көруге болады. Осымен тоқтап қалмай еңбектеніп, жеңісті дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Сіздер «Жетісуға» чемпиондықты ғана қайтарып қоймай, трипл-жеңіске қол жеткіздіңіздер (Қазақстан Суперкубогы, Қазақстан кубогы, ел чемпионаты). Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өңірімізге іссапармен келгенде «волейбол командасы жеңіске жетеді» деп уәде бергенбіз. Сол сенім ақталғанына қуаныштымын, – деді өз сөзінде облыс басшысы.

Артынша Бейбіт Өксікбайұлы ел спортын дамытудағы үлесі үшін Президенттің Жарлығымен (14 наурыз, 2025 жыл) команда бапкері Марко Гршичті екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Одан кейін «Жетісу» волейбол клубының директоры Нияз Жантілеуов, команда капитаны Карина Денисова, ойыншылар Татьяна Никитина, Мадина Бекет, Перизат Нұрбергенова Жетісу өңіріндегі спорттың дамуына қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысының Алғыс хатын алды. Ал қалған ойыншылар мен бапкерлер құрамына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. 

– Бізге қолдау білдірген басшылыққа, команда бапкерлеріне алғыс айтамын. «Жетісу» волейбол клубының бір мүшесі болғаныма қуаныштымын. Ойыншыларымызға барлық жағдай жасалған. Ал біз жанкүйерлерімізді қуанту үшін барымызды саламыз, – деді команда ойыншысы Перизат Нұрбергенова.

Еске сала кетейік, «Жетісу» волейбол клубы Өскеменде өткен ХХХІІІ ел чемпионатында чемпион атанды. Финалда «Берел» командасын ұтты. Енді «Жетісу» сәуірде Азия чемпиондар лигасында ел намысын қорғайды.

Серік ҚАНТАЙ
Фото: Жеңіс ЫСҚАБАЙ