АЛАКӨЛ АУДАНЫ: АУЫЛ АЗАМАТТАРЫ ҰСТАЗҒА АРҒЫМАҚ МІНГІЗДІ

Уақыты: 27.01.2020
Оқылды: 1851

Асаутай Ақжолов – Қызылащы ауылының тумасы, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған білікті ұстаз. Спортта да белсенді ауылдың беткеұстар азаматы 1950 жылы Киров кеңшарында дүниеге келген.

1957 жылы Қызылащы орта мектебінде 1-сынып­­қа қабылданып, 1967 жылы аталған мек­теп­ті біті­ріп шықты. Одан кейін Алматы қаласындағы Гоголь атындағы сурет­ші­лер училищесіне оқуға түсіп, оны 1971 жылы тамамдайды. Сол жы­лы Қызылащы орта мек­тебінде ұстаздық жо­лын бас­тайды. Сурет, сызу пән­дерінен дәріс беріп, шә­кірт тәрбиеледі. Волей­болдан аудан чем­­пионы, аудан құрама­сының мүшесі бол­ған ол мұғалімдер ара­сында өткен түрлі тур­нирлерден жүлделі орындарға ие болған. Өмірінің 41 жылын ұстаздыққа арнап, 2012 жылы зейнетке шыққан. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр.

Қызылащы ауылы ауызбірлігі жарасқан мекен ретінде ел аузында. Асутай Ақжоловтың 70 жылдық мерейтойын бір кісідей ұйымдастыруы – со­ның айғағы. Ауыл аза­маттары мұрындық бо­лып, мерейтой екі күнге созылған волейбол ойы­нымен жалғасты. Одан бөлек, шақырылған қонақтар мен команда ойыншылары, ауыл тұрғындары, мектеп ұжымы, ауылдық округтің қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Жиында мерейтой иесіне Алакөл ауданының тумасы «Ер-Тарғын» инвестициялық-өндірістік корпорациясы» ЖШС басшысы Ержан Оспанов ауыздықпен алысқан арғымақты мінгізсе, ауыл азаматтары шапан жауып, құрмет көрсетті. Келген қонақтар арнайы мерекелік дастарқанның қонағы болды. Өз кезегінде округ әкімі Талғат Маманов, мектеп директоры Мейіржан Саятұлы да ізгі тілектерін білдірді.

Соңынан ардагерлер арасында аудандық жарыс ұйымдастырылды. Оған 10 команда қатысып, бас жүлдені «Қызылащы» құрама командасы жеңіп алды. Сондай-ақ, жастар арасында өткен аудандық турнирге 13 команда қатысып, бас жүлдені «Жай­пақ»  құрама командасы иеленді.

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», – деп ақын Ілияс Жансүгіров жырлағандай, шағын ауыл азаматтарының бұл бастамасын туған жерге деген ыстық махаббаты деп қабылдадық. Алдағы уақытта туған жерге тәу етер ұрпағымыздың қатары көбейіп, жарастығымыздың сәні жалғаса берсін.

Д.САҢҚАЕВ,

Қызылащы ауылдық округі әкімдігінің бас маманы

Алакөл ауданы

Алматы облысы