Бұйырғаны жалғыз ұпай

Уақыты: 04.06.2016
Оқылды: 1748

Футболдан премьер-лига ойындарының он төртінші туры өз мәресіне жетті. Талдықорғандық «Жетісу» футбол клубы өз алаңында Ақтөбенің «Ақтөбе» командасын қабылдады. Бұған дейінгі ойындарда ала-құла өнер көрсеткен жерлестеріміз ақтөбеліктерге қарсы қарқынды ойын көрсетті. Турнир кестесінде іркес-тіркес келе жатқан екі команда жасыл алаңда аянып қалмады. Маусым басынан бері жеңілістің кермек дәмін көп тартқан «Жетісу» командасы жыл соңына дейін қалай өнер көрсетеді деген үміт басым. Оның үстіне шабуыл өтінде жүретін ойыншылар жарақат алып, ойынға араласпады. Сонымен екі команданың арасындағы кездесуде алаң иелері жағы басым болды.

Ойынның бірінші минутынан-ақ тізгінді өз қолдарына алып, қо­нақтар қақпасын торауылдаумен болды. Шабуылшы Бауыржан Тұрысбек бірнеше мәрте қақпаны нысанаға алғанымен нәтижелі соққы жасай алмады. Тепкен добы қисық кетіп, жанкүйерлердің жүйкесін тоздырды. Неге екені белгісіз, Самат Смаков бастаған ақтөбеліктер бұл ойынға қарқын­мен кірісе алмады. Жасыл алаңға аяқтары тиісімен атой салатын қонақтар сылбыр қимылдап, қор­ға­ныс шебінде ғана ширақтық танытты. Әйтеуір бұрынғы ойын өрнегін көрсете алмаған қонақтар жанкүйерлерді де терең ойға батырды. Қос команданың ара­сын­дағы кездесудің бірінші таймы тең нәтижемен аяқталды. Бірінші таймның өзінде қонақтар қақпа­сына бірнеше рет бұрыштама добы белгіленді. Өкінішке орай бұл мүмкіндікті жерлестеріміз пайдалана алмады. Оқша зулай­тын Савич бұл жолы сылбыр өнер көрсетті. Меніңше біздің коман­даға жаңа ойыншылар шақыру керек секілді. Мынадай ойынмен алтылықтан орын алу қиынға соғары анық. Мәселен «Жетісу» жетінші орында тұрса да Қазақ­стан премьер-лигасында өз қақ­па­сына ең көп гол жіберген команда. 13 ойында 20 рет қақпасының торынан доп қармады. Осының өзі-ақ қай шебін күшейту керек екен­дігін меңзеп тұрған жоқ па? Екі қақпашысы жасыл алаңға алма-кезек шығады. Шабанов жеті ойын­да 13 рет, Пасеченко алты ойында жеті рет қапы қалды. Қайсысы негізгі қақпашы? Негізгі деп Пасеченконы атап жүрміз. Тіпті, капитандықты да сол атқа­рып жүр емес пе? Бәлкім, бар кінә­рат қорғанысында болар. Яғ­ни, тасқамал, жанкешті қор­ғау­шылар да керек-ақ... Шабуыл­шы­ның да шекесі қызып тұрған жоқ. Орталықтан асырылған пасты голға айналдыра алмаған ойын­шы­дан не пайда? Жә, енді ойынға көшейік. Екінші таймда бұрынғы сүр­леуге көшті. Қонақтар жағы бә­сең шықты. Ал алаң иелері қа­р­қын қосты. Дүркін-дүркін ша­буыл жа­са­ды. Ойынның орта тұсына кел­ген­де қонақтар біздің айып алаң­ға лап қойды. Оң қапталдан ұйымдастырылған шабуыл қақпа алдын опыр-топыр жасады. Қақ­па­шы да қырағылық танытып, ала доптан көз жазып қалмауды ой­лады. Қорғаушылар да қызу кі­рісіп қауіп бұлтын сейілтті. Әсі­ресе, Джалович пен Бористің ең­бегін ерекше атап өткен жөн. Төніп келген шабуылшыға қай­сар­лық танытып, қақпа мен қақ­па­шыны қорғап қалып отырды. Осыдан кейін ойынның 70-мину­тында «Жетісудың» қақпасының алды тағы да опыр-топыр, ұмар-жұмар болып Цвейбаның акро­ба­тикалық тәсілде соқан добы қақпа ішінен бір-ақ шықты. Салы­мыз суға кетіп, өкініш өзегімізді өртеп отырғанда күн қайта жар­қырағандай болды. Ал алаң ие­лері таразы басын ізін суытпай теңестірді. Араға үш минут салып Әмірсейітов айып соққысын орын­дап, алыстан шірене тепкен добы қақпа торын да тесіп кете жаз­дады. Енді мақсат үш ұпай енші­леу. Бірақ оған шамамыз жетпеді. «Жетісу» қонақтарынан басым­дау көрінгенімен, ойын осылай тең аяқталды.

Айтпақшы, ұмытып бара жатырмын. Екі команда арасындағы ойында то­сын­сый орын алды. Тұңғыш рет фут­бол­дан ел чемпи­она­тында мемлекеттік Гимн шырқалмады. Ойын­шы­лар жасыл алаңда сап түзеп, Гимннің қойылуын күтті. Иә, бұл жай ғана техникалық ақаулық. Менің жүрегіме бат­қаны, дәл осындай сәтте футболшылар не істеу керек. Кеу­десіне қол­­дарын қойып, дауыстап шырқай салса несі кетер. Әлде фифаның шартында болмай ма? Әй қайдам, азуын айға біле­ген фифа ондайға бара қоймас. Біздің фе­дерациядан болып тұр-ау. Алдын ала осындай жағдайда шыр­қап жіберіңдер деп біреуі де ақыл бере қоймаған шығар. Қалай болғанда да Мемлекеттік рәміздерге құрмет болу ке­рек. Бізде осылай, әншіміз де, футболшымыз да фоногра­ммамен айтып үйреніп қалғанбыз. Айтпақшы, бүгін рәміздер күні!..

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ