"ӘЛІ ДЕ ЕҢБЕКТЕНУ КЕРЕК": РЕКОРД ЖАҢАРТҚАН ЖЕЛАЯҚ ОЛИМПИАДАНЫ АРМАНДАЙДЫ

Уақыты: 02.06.2020
Оқылды: 1087

Жүгірумен он жасынан бастап айналысқан Айбол Омар Кербұлақ ауданына қарасты Сарыөзек ауылында 2005 жылы дүниеге келген. Бүгінде Талдықорған қаласындағы резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде оқиды. Жүгіруден жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы.

– Шыны керек, дәл осындай нәтиже көрсетемін деп ойлаған жоқпын. Сол жарысқа дайындық Қырғызстанның Чолпон-ата қаласында өтті. Оқу-жаттығу жиыны әдеттегіден өзгеше, күрделі болды. Жеңіске жеткізген де сол дайындық, – дейді өз сөзінде Айбол.

Ауыл баласы жүгіруге икемді келеді, ал оны спортқа айналдырып, соңына жеткізетіндер сирек. Алғашқы бапкері балаларды іріктеп жатқан сәтте, өзінен бір жас үлкендермен бірге қабылданып, солармен жаттықты. Бастапқы жарыстар Айбол үшін сәтсіз аяқталды. Сол жеңілістер жас баланың намысын жанымаса, еңсесін түсірмеді. Жүлде алған бірінші жарысы – Үштөбе қаласында өткен Алматы облысының чемпионатында үшінші орын алды.

– Алғаш рет жүлде алғандағы сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Үйге Олимпиаданы жеңіп келген спортшыдай маңғаздана кіргенім есімде, – деп еске алды кейіпкеріміз. – Әр турнирдің, чемпионаттың алдында жарысты көп ойламауға тырысамын. Назарымды басқа дүниеге аударып, өз көңіл-күйімді көтерумен боламын. Қобалжымас үшін мотивациялық әуендер, композициялар тыңдаймын. Кез келген жарысқа міндетті түрде жоспар құрамын. Қалай жүгіретініме дейін елестетемін. Ол сол жарыстың соңында өкініп қалмау үшін.

Айбол 16 жасқа дейінгілер арасында 3000 метрді жүгіруден 26 жыл сақталып келген рекордты биыл ақпанда Өскеменде өткен Қазақстан чемпионатында бұзды. Осыған дейінгі рекорд 9 минут, 34 секунд болса, Айбол межеге 9 минут, 10 секундта келді.

Алғашқы бапкері: Асхат Жанқұтдинов. Қазіргі бапкерлері: Мұрат Жүзгенбаев, Еркен Сепбосынов, Әсет Арыстанов.

Айбол Қазақстан чемпионатында осы уақытқа дейін жалпы 13 жүлде (5 алтын, 4 күміс, 4 қола) ұтты. Кейіпкеріміз бұл жетістігін әке мен ананың ақ тілегі деп біледі.

– Айта кету керек, әкем мен анам спортқа келуіме қуанбаса, ешқашан қарсы болған жоқ. Керісінше қолдап, қолпаштап, ақыл-кеңестерін айтып отырады. Жеңілсем де, жеңсем де қасымда! Сол тілекші жандардың арқасы да шығар, осындай нәтижелерді көрсетіп жатқаным, – деп сөз арасында айтып өтті.

Айбол өзі үлгі тұтатын кениялық желаяқ, аңыз спортшы Олимпиада және Әлем чемпионы Элиуд Кипчоге сияқты биік белестерді бағындырғысы келеді.

– Иә, кез келген спортшының арманы – Олимпиада ойындарына қатысу және сол жерде чемпион болу. Төрт жылдықтың басты бәсекесіне қатысу үшін өзімді қазірден дайындап жатырмын. Әлі де көп еңбектеніп, тер төгу керек. Өз мақсатым үшін қолымнан келгеннің бәрін істеймін, – дейді Айбол.

Арманы орындалып, Олимп тұғырында ел туын биіктетіп, Әнұранымызды шырқатуға жазсын. 

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы