АМАНГЕЛДІ СЕЙІТХАН: "МЕН БОЛАШАҚ ЧЕМПИОНДАРДЫ ҚАЛАЙ ТАНЫДЫМ?"

Уақыты: 30.06.2020
Оқылды: 1444

Алакөл ауданы, Жыланды ауылында шаршы алаң тігілетін болды. Белгілі меценат Бауыржан Оспанов Әлем чемпионатында қойылған рингті сатып алған екен. Соны көрсету мақсатында камерамызды арқалап бардық.

Сонда Бауыржан айтады. «Қазақ ырымдайды. Әлем чемпиондары шыққан рингтен Жыландыдан бір чемпион шықпай ма? Ата-ана баласын үйірмеге бермей ме? Баланың өзін қанаттандырмай ма?» – деп. Сол кезде пікір алу үшін ринг жағалап жүрген баланы шақырдық. Алдық. Синхрон барысында баланың тұла бойын бір шолып шығып: «Әлем чемпионы боласың!» – деп арқасынан да қақтық.

Балақай үйіне барған. Әке-шешесіне «Амангелді аға Әлем чемпионы боласың деп айтты» деген. Үйдегілерде «аузы дуалы азамат» деп қостаған. Арада уақыт өтті. Әлгі бала ұмыт болды.

Кейіннен қазақ бокс әлеміне Жәнібек Әлімханұлының есімі жарқ етіп шыға келді. Әлем чемпионы болды. Микрофонымызды қолға алып, чемпионға бардық.

Аз-кем сөзден кейін Жәнібек: «Аға, сіз мені таныдыңыз ба?» – деді. «Қалайша? Сен Жәнібексің. Әлем чемпионысың!» Ол қайыра: «Оны түсіндім. Шынымен танымадыңыз ба?» – деді. Ойланып тұр едік өзі: «Есіңізде ме, Жыландыға камераңызды арқалап келіп сұхбат алып едіңіз ғой. Сол кезде алтыншы сынып оқимын. Маған Әлем чемпионы боласың деп айтқан өзіңіз едіңіз сол сәтте».

Бітті. Бәрі еске түсті. Тұлпар болатын, аламанда бәйге алатын Жәнібекті ауыл рингінде таныппыз.

* * *

Атланта Олимпиадасының алдында Қарғалыда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан еркін күрестен Қазақстан құрамасы жөнінде сюжет әзірледік.

Жаттығып жүргендердің ішінен көзіміз Мәулен Мамыровқа түсті. Сұхбатқа шақырдық. Мәулен «не айтамын?» деп бастапқыда қашқалақтады. Айттық. «Камерадан қорықпаған – қарсыласынан қорықпайды», – деп жүріп келістірдік. Содан артынша сұраймыз ғой. «Қалай, мүмкіндік бар ма?» деп. «Ширек финалға жақындап барсам жетістік болғалы тұр» дейді. «Әй, қарашы. Екеуін жеңесің, топ етіп ширек финалға жетесің, одан жартылай финалың тұр. Оған жетсең, жүлдең дайын», – деп намысын жаныдық. Қанаттандырдық. Жүлде алды. Артынша камераға да үйренді. Одан кейін камераға сайланып, өздігінен келетін болды.

Амангелді СЕЙІТХАН,

спорт журналисі