АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 600 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ СПОРТПЕН ЖҮЙЕЛІ ШҰҒЫЛДАНАДЫ

Уақыты: 18.10.2020
Оқылды: 1452

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көптеген маңызды мәселелерді айтты. Нақты тапсырма жүктеліп, істің негізгі тетіктерін айқындап көрсетіп берді. Оның ішінде спорт саласына да қатысты тапсырмалар бар. Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы Жолдауды негізге ала отырып, көптеген шара өткізуде.

Жолдауда көрсетілген нақты тапсырманың бірі: «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет». Осы тұрғыда облыста көптеген ауқымды іс жүзеге асуда. Бүгінгі таңда спорт нысандарының саны артып келеді. Әр аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылып, халықтың игілігіне берілуде. Нақтырақ айтсақ, биыл төрт денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 4,3 млрд. теңге қаражат бөлінді. Соның ішінде үш кешеннің құрылыс монтаждық жұмыстары басталып, Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылындағы, Балқаш ауданы Бақанас ауылындағы, Көксу ауданы Балпық би ауылындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу қалды.

Тағы да үш спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылы, Іле ауданы Байсерке ауылы және Текелі қаласы кірді. Жалпы айтқанда облыста 2021 жылға дейін 20 дене шынықтыру сауықтыру кешені пайдалануға беріледі деп отырмыз. Бұл мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылады және облыс басшысының тікелей назарында болады. Сондай-ақ, ең үлкен жаңалықтың бірі сәуір айынан бастап Талдықорған қаласында жабық жүзу бассейннің құрылысы басталған. Дәл қазіргі уақытта негізгі жұмыстары аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Бұл - әлемдік стандартқа сай құрылыс нысаны. Мұнда үлкен көлемдегі жарыстарды өткізуге жағдай жасалған. Жүзу, синхронды жүзу, трамплиннен секіру спорты болады. Теңдесі жоқ кешен тек қана жарыс өткізу үшін емес, арнайы спорттық мектеп ретінде ашылады. Аталған сауықтыру кешендері жастар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына арналған. Бұқаралық спортты дамыту және халықтың денсаулығын нығайтуда, оларды спортқа тарту мақсатында атқарылып жатқан іс. Сол секілді Талдықорған қаласында жүзу спортынан да үйірмелер ашылып, қала тұрғындарын және жас жеткіншектерді спортқа қызықтыруға мол мүмкіндік туып отыр.

Мемлекет басшысы: «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет», – деп атап өтті. Олай болса, біздің облыс дәл осы тұрғыда толайым жұмысты атқарып жатыр десем, асыра айтқандығым емес. Бұдан басқа балалар мен жасөспірімдердің 42 спорт мектебінде 49 спорт түрімен 37 519 спортшы шұғылданады, 1397 оқытушы-жаттықтырушы жұмыс істейді. Алакөл ауданының Лепсі ауылындағы спортта дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында 5 спорт түрімен 140 оқушы, Талдықорған қаласындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде 10 спорт түрімен  482 оқушы, олимпиадалық резерв дайындау орталығында 8 спорт түрімен 144 спортшы, жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде 19 спорт түрімен 378 спортшы шұғылданады.

Бұл сан сөйлегенімен сапасы өте жоғары. Дәл осы аталған мектептің тәрбиеленуші спортшылары мемлекеттің мәртебесін көтеріп, әлемдік аренада Көк туымызды желбіретуде. Бұл бір шетінен халық денсаулығы десек, екіншіден ұлттық рухты көтеретін үлкен идеология деп айтар едім. Жылдың басынан  бері 1 еңбек сіңірген спорт шебері, 34 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 173 спорт шебері, 998 спорт шеберлігіне үміткер және 425  бірінші дәрежелі спортшы дайындалды. Халықаралық және республикалық жарыстарда  2537 медаль (906 алтын, 709 күміс және 922 қола) жеңіп алынды.

Облыста спортпен жүйелі түрде  626 175 адам шұғылданады,  бұл дене шынықтыру және спортпен айналысатын облыс халқының 30,5 пайызын қамтиды. Әр жылғы Жолдаудың басты тапсырмасының бірі бұқаралық спортты дамыту болса, Жетісу жері бұған үлкен үлес қосуда. Кәсіби спортта да асығымыз алшысынан түсіп отыр. Біз республика бойынша жолдама санынан бірінші орында тұрмыз.

Қазіргі таңда облысымыздың спортшылары 2020 жылы Токио қаласында өтетін ХХХII жазғы Олимпиада ойындарына садақ атудан, жеңіл атлетика, велосипед спорты және грек-рим күресінен 9 жолдама ұтып алды. Жолдама алған әрбір спортшының оқу-жаттығуы жіті бақыланып, дайындықтары жүз пайыз деп айтсам қателеспеймін. Әрине, биылғы өтетін Олимпиада ойындары кейінге шегерілді. Әлемді жаулаған пандемия спорт саласына да кедергісін келтіріп жатыр. Әйтсе де, спортшыларымыз үй жаттығуын жасап, спорттық қалыбын сақтауда. Қазіргі уақытта оқу-жаттығу жиындарына қайта кірісіп, алаңсыз шұғылдануда. Мұнда да бүгінгі жағдайға байланысты санитарлық талаптарды қатаң сақтап, арнайы мамандар спортшылардың денсаулығын жіті бақылауда ұстап отыр.

Осы тұста Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет», – деп көрсетті.

Осы орайда басшы ретінде мен аптаның әр бейсенбісінде азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдаймын. Олардың қордаланып қалған мәселелерін шешуге тырысып, заң аясында мағлұмат айтамын. Спорт саласында көптеген проблема бар. Сол түйіні тарқатылмаған жұмысты шешуге белсене атсалысамын. Бұл қазір онлайн режимде өтіп жатыр. Кейін азаматтармен бетпе-бет жолығып, жұмысты бірлесе отырып шешеміз. Мұның сыртында ардагер спортшыларымыз да бар. Олардың да маған қояр сауалы көп. Жас кезінде елдің намысын жыртқан ардагер спортшыларымыздың жағдайын жасауға да қол ұшымызды береміз. Бұл дегеніміз, халықпен тікелей байланыс жасау деп нық сеніммен айта аламын.

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ,

Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы