РУСТАМ ӘЛИ: "БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ ӘЗІРЛЕНДІ"

Уақыты: 23.11.2020
Оқылды: 1100

«Жетісу медиа» ақпараттық алаңында баспасөз мәслихаты өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы - бұқаралық спортты дамыту. БАҚ өкілдерінің алаңына Алматы облысы әкімінің орынбасары Р.Әли, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н.Теңізбаев, Талдықорған қаласы қоғамдық палатасының төрағасы В.Буков, Алматы облысы шахмат федерациясының президенті С.Егенбердиев қатысып, ортақ ой қозғады.

Рустам Әлиұлы брифингте: "Биыл бұқаралық спортты дамытуға жаңа жоба әзірленіп, алдағы желтоқсан айында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мұнда халықтың отыз пайызын спортқа тарту мәселесі қарастырылған. Жоспар бойынша пайызын одан ары ұлғайтып, жастар мен жасөспірімдердің уақытын тиімді пайдаланамыз деген ойдамыз. Сонымен қатар, жыл соңына дейін облыста тоғыз спорттық нысанды пайдалануға береміз және келер жылы тағы да үш дене шынықтыру, сауықтыру кешенінің бой көтеруі жоспарда тұр", - деді.

Бұдан кейін облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев жалпы аймақ спорты бойынша ақпар берді.

Жыл басынан бері жетісулық спортшылар 639 медаль жеңіп алып, толайым табысқа қол жеткізді. Сонымен қатар, Токио Олимпиадасына 8 жолдама ұтып, республикалық тізімнің көш басында тұр. Бұдан бөлек, бұқаралық спорт жайлы істеліп жатқан жұмыс жайлы да кеңінен толғады.

Ал Виктор Буков облыс бойынша бұқаралық спортты дамыту үшін жеке федерациялар құру керек дегенді алға тартты. Әр ауыл, қала, мектепте федерацияның президентін сайлап, сол арқылы бұқаралық спортты дамыту керектігін жеткізді. Мұнымен қоса, балаларға тегін доп таратып, жастардың футболға тартылуына себепші болуымыз керек деген пікірді ортаға салды. Одан бөлек, спорттың даму үрдісінде әртүрлі кедергі бар екенін тілге тиек етті. Соның ішінде, көптің көкейіндегі үлкен сауал - легионер мәселесі.

Иә, Виктор Ивановичтің жанайқайын да түсінуге болады. Бірақ легионер әлемдік үрдісте бар тәжірибе. Оны алып тастау мүмкін емес. Әйтсе де санын азайтуға болады. Сонымен қатар, қоғам белсендісінің федерация жайлы айтқанына да жауап айтылды. Жалпы, облыста 63 акредиттелген федерация жұмыс істейді. Ол олимпиадалық, олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша. Бүгінде спорт басқармасы сол акредиттелген федерациямен тығыз байланыста және спорттың дамуына тізе қосып, жұмыс істеп жатыр.

Шахмат федерациясының президенті Саят Егенбердиев жыл басынан бергі жұмыстың нәтижелі болғанын айтты. Карантин кезінде онлайн жарыстар өтіп, интеллектуалды ойынға үйде отырған жастар мен жасөспірім балалар көптеп тартылған.

Баспасөз мәслихаты соңында БАҚ өкілдерінен сауалдар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы