САТЫ АУЫЛЫНДА ОҚУШЫЛАР ЖАТТЫҒАТЫН ЗАМАНАУИ СПОРТ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 10.12.2020
Оқылды: 1228

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Саты ауылындағы А.Түркебаев атындағы орта мектепте спорт және мәжіліс залдарының, сондай-ақ, асхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Аталған орта мектеп 1919 жылы күрделі жөндеуден өткізілген болатын. Облыс әкімі А. Баталовтың қолдауымен көрікті Көлсайға баратын үлкен жолдың бойындағы мектеп биыл қосымша құрылыспен толықты. Заманға лайық спортзалы, мәжіліс залы, асханасы жасалып, пайдалануға берілді. Оған бюджеттен 358 миллион теңге қаражат бөлінді. Құрылыс жұмыстарын Сайдулла Сәрсенов бастаған «Риголит» ЖШС мерзімінде сапалы аяқтап шықты.

Облыстық жастар ресурстық орталығы 20 миллион теңге қаражат бөліп, спорт залын заманауи спорт құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етті. Сөйтіп, бірнеше бөлмеге орналастырылған құралдар ауыл жастарының, мектептегі спортсүйер жасөспірімдердің бір уақыт демалып, жаттығатын, дене шынықтыратын сүйікті орнына айналды. Ал «Риголит» ЖШС мектептегі ұл-қыздарға арналған технология кабинетін жабдықтап, азаматтық танытты.

Спорт залының салтаНатты ашылуында аудан әкімі Талғат Байеділов, осы ауылдан түлеп ұшқан азамат, ҚР ҰҚК облыс бойынша департаменті басшысы Сәбит Құрманәлиев, «Риголит» ЖШС директоры Сайдулла Сәрсенов, ардагер ұстаз Жібек Мырқасымова сөз сөйлеп, жаңғырып, жайнаған, қосымша құрылыспен толығып, көркін ашып, бар жақсылығын алға тартқан мектептің ұстаздар ұжымына ізгі тілектерін білдірді.

Аудан әкімі Т.Байеділов мектептің күрделі жөндеу жұмысын, қосымша құрылысын сапалы аяқтап шыққан «Риголит» ЖШС директоры С.Сәрсеновке ауыл, аудан тұрғындары атынан ақбоз ат мінгізіп, иығына зерлі шапан жапты.

Салтанатты рәсім аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы және волейболдан аймақтық жарысқа ұласты.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы