ЖЕРІНІҢ АСТЫ ДА, ҮСТІ ДЕ БАЙЛЫҚҚА ТОЛЫ

Уақыты: 18.06.2021
Оқылды: 2221

Райымбек ауданы – шын мәнінде туризмнің ошағы іспетті. Хантәңірі шыңынан бастап Сырт, Шұбартал, Көккемер, Шәлкөде, Ойқарағай, Байынқолдың өңірлері, бәрі-бәрі өсімдік, жан-жануар, құстар әлеміне тұнып тұр. Жерінің асты да, үсті де байлыққа толы. 

Райымбектей батыр бабаларымыз білектің күші, найзаның ұшымен қорғап, ұрпағына аманаттап кеткен қастерлі де қасиетті жердің құшағында алтын да, көмір де, темір де, мыс пен қорғасын да, Менделеев кестесіндегі түрлі қазынаның бәрі табылады. Ұйыса өскен қарағайы сап түзеп, аршасы мен қырмызы гүлі бұрқырап, қайың, талы, бозқарағаны, табиғи жеміс ағаштары көзді баурап жататын өлкеде жанға шипа, бойға қуат  бастау, бұлақтары, өзен-көлдері баршылық. Алтын тамыр, қымыздық, адыраспан, марал шөп, шетен, жер бауырсақ, орман бүлдіргені, жалбыз секілді емдік қасиеті мол шөптерді айтсаңызшы?!
Өткен жылы Райымбек ауданының аумағына екі жүзге жуық шетелден, екі мыңға тарта республикамыздан келген туристер мен қонақтар демалып қайтты. Туристерге көрсетілген қызметтен 15,7 миллион теңге қаражат түскен. Аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов бастаған азаматтар өңірде туризмді дамытудың жолдарын қарастырып келеді. Өткен жылы Хантәңірі шыңының етегіндегі Шоғансай өңіріне дейін жол жасалып, асфальтталды. Жаз маусымында 5 мыңға дейін демалушыларды қабылдау үшін «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы несие алуға құжаттар дайындалуда. Алдағы уақытта Жамбыл ауылдық округі аумағынан экотуристік нысанның құрылысын бастау жоспарланған.
Зеңгір көкке найзаның ұшындай болып қадала орын тепкен әйгілі Хантәңірі шыңының етегіндегі Асутөр, Алтынкен, Байынқол өңірлері ежелден тамаша табиғат әлемімен, мөлдірей аққан бастау, бұлақтары, арынды өзендерімен тамсандыра көзді тартып келе жатқан жер. Міне, осы өңірде «Шоған сай» деп аталатын сай-салалар ұштасып жатады. Жаз маусымында қарағайы, орман-тоғайы неше түрлі шөп пен гүлі, мөлдір бұлақтары жадырай, жайнап тұратын сайдың ішінде «Шоған сай – Әлішер» ЖШС-нің экотуризмге арналған демалыс орны бар. Ерлі-зайыпты Алдан Түзелбаев пен Сәрсенхан Нұрбекова бұл тамаша демалыс орнын 2007 жылы ашты. Қысы мен жазын, әрбір арайлы таңдары мен шуақты күндерін осында өткізіп келе жатқан олар қасиетіңнен айналайын орман-тоғайлы, жазиралы жерге келіп, өмір сүре бастағалы бойларында бар сырқатынан құлан-таза айығып, денсаулықтарының жақсара түскенін айтып отырады. Бұл осы Шоғансайдың мөлдір суының, тап-таза ауасының, жасыл шыршалы ортаның берген шарапаты десек, артық айтпаймыз. 
 «Шоған сай – Әлішер» демалыс орнында келушілерге барлық жағдай жасалған. Жайлы қонақүйлер, жаз маусымына арналған қазақ үйлер, кең де жарық тамақтанатын орындар жұмыс істейді. Келушілер табиғат аясына шығып, заманға лайық жасалған моншаға түсіп тынығады. Жаяулап немесе атпен қарсы беттегі биік таудың басына шығып, Хантәңірі шыңын тамашалап, суретке түсіп қайтып жатады. Демалыс орны 30 адамға лайықталып жасалған. Жетісу өлкесінен, республика аумағынан, алыс-жақын шетелдерден жыл сайын келіп тұратын тұрақты демалушылары бар. Оншақты күн саумал мен қымыз ішіп қайтпаса көңілдері құлазып тұратын жекелеген қаламгерлер, өнер адамдары, журналистер де баршылық. Жаз маусымында таңнан келіп табиғат әлеміне саяхаттап, бала-шағаларымен, дос-жарандарымен демалып қайтатын өңір тұрғындары да жетіп-артылып жатады. Осының бәрі атамекеніміздің баға жеткісіз байлығы мен қадыр-қасиеті, шарапаты. 
– Біз келушілерге ұлттық тағам түрлерін  ұсынамыз. Маусым кезінде құрт, сарымай, ірімшік, маңыз, қымыз бен саумал үзілмейді. Тапсырыс бойынша дәмділеп бесбармақ, сірне, тағы да басқа тамақ түрлерін жасаймыз. Самаурынмен шай қайнатып береміз. Олардың керегіне жарайтын ұлт аспаптары, киелі қоңыр домбыра да төрімізден табылады. Қалың көпшілік біздің ақ жүрек, адал пейілімізбен жасаған қызметімізге алғысын айтып аттанып жатады. Жұрт табиғат құшағында жайлы демалып, тынығып, саумал арқылы денсаулығын да нығайтып  жатса, біздің де көңіліміз жайлана түседі. Мынау бір қонақ өмірде елдің алғысы, батасын алғанға не жетсін, – дейді «Шоған сай – Әлішер» ЖШС-нің жетекшісі Сәрсенхан Нұрбекова күлімдей тіл қатып. 
Айтса айтқандай, ерлі-зайыпты жандар осында төрт түлік мал өсіреді. Жаз маусымында оншақты бие байланады. Оннан аса сиыр сауылады. Қой мен ешкілері де бір отарға жуық. Сәрсенхандай еңбекқор, іскер,  заманға лайық жұмыс істеп жүрген кәсіпкер ананың белді көмекшілері бар. Жаз маусымында онға тарта адамды жұмыспен қамтып отырады. Алдандай асыл жары серіктестіктің мал шаруашылығының жұмысын айналдырып, төлін төлдетіп,  өрісін құлын мен бұзауға, қозы мен лаққа толтырып жүрген еңбекқор жан. Теңіз деңгейінен  үш мың метр биіктікте орналасқан Шоған сайда тұрып жатқан ерлі-зайыпты жандар алдағы уақытта демалыс орнының көлемін 60 адамға дейін жеткізуді жоспарлауда. Заманға лайық жаңа нысандармен толықтыра түсу ойларында. Осынау демалыс орнына келетін жол жасалса, жақсы болар еді. Аудан орталығынан, Жамбыл, Қаратоған ауылдарынан онша қашық емес жерде орналасқан демалыс орнының аясында дәл осы жердегі тау бөкетерінен шаңғы базасы ашылса, мұнда қысы-жазы келушілер толастамас еді. Бұл мәселеге Райымбек ауданының әкімдігі назар аударады деген сенімдеміз.   
Атамекеніміздің таңғажайып табиғат әлемін, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, экотуризмді өркендетіп жүрген ерлі-зайыпты кәсіпкер жандарға алғыстан басқа айтар жоқ. Уақытыңыз болса, көгілдір көктем күндерінен бастап «Шоған сай – Әлішер» демалыс орнына арнайы ат басын бұрып тұрыңыз, ағайын!

Қанат БІРЖАНСАЛ
Жамбыл ауылдық округі,
Райымбек ауданы