СЫР БҮККЕН СУРЕТ

Уақыты: 30.06.2021
Оқылды: 1526

Бүгінде әлеуметтік желі арқылы-ақ әлем алыптарының інжу-маржан сөздерімен танысуға даңғыл жол ашылған. Желіде жарқ еткен сондай бір ой: «Бақытты өмір емес, бақытты сәттер болады»  деген сарында айтылыпты. Санаға салмақ салатын тұжырым. Осы айтылған сөзді бағамдасақ, әр дүниенің сәтті кездері болатынына иланар едік. Ғасырдан астам ғұмыры бар  басылым «Жетісу» газетінің аға фототілшісі Жұмабай Мұсабектің суреті де сол сәттіліктен үзіп алған ғажайып туынды. Жамбы атқан жас қазақтың суретін тамашалағанда жерімізді жаудан, елімізді даудан қорғаған текті бабаларымыздың ұлы өнері, жауынгерлік асқақ тұрпаты елес бергендей. Жүрекке тылсым, бұла күш құйған туындыны да әдеби әдептеп «шедевр» демеске шара жоқ!

   

Әлемді таңдандырған сурет туындыларын тамашалап отырсаңыз, сіз ең алдымен өнер иесінің талантына, байқампаздығына баға бересіз. Қылқалам шеберлерінің көкірек көзі, дүниетанымы мен ішкі тереңдігіне бас шұлғисыз. 

Фотоаппаратын жанына серік еткен Жеңіс Ысқабайды ел көлемінде танымалдылыққа ие жан десек қателеспейміз. Қашанда ең сәтті тұсты дөп басып түсіре білетін, бірқатар көрме қойып, көпшілікке еңбегін насихаттаған Ж. Ысқабайдың қос қартты түсірген бұл фотосын әдеби тілмен «шедевр» деп қана бағалауға болар... 

Саба түбі сарқынды жасқа жеткен қариялардың жанарға жылы ұшыраған бейнесі неткен асқақ, неткен терең сезімге жетелейді десеңізші. Ұзынсонар ой сорабына түсірер туынды «ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген ұлы тәмсілді таңдайда ұйытады!

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"