КӨЛСАЙДЫҢ ТАБИҒАТЫ ТАМСАНДЫРДЫ

Уақыты: 29.06.2021
Оқылды: 3865

Жер жаннаты Жетісу өңірінің самал желі мен тұмса табиғаты, саф алтындай ауасы адамды баурап алады. Сондықтан болар, тасын түртсең тарихы көрінетін Ұлы Далада туризм саласы күн санап түрленіп келеді. Аймағымызға туристерді көптеп тарту, ішкі туризмді дамыту үшін ілкімді істер жүйелі түрде атқарылуда. Осыған орай «Жетісу Медиа» орталығының мұрындық болуымен Кеген мен Райымбек аудандарында БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өтті.

Әуелі Тянь-Шаньның сұңғақ бойлы шыршаларымен қоршалған Көлсайға ат басын бұрдық. Мөлдір көл мен жерге жайылған кілем тәрізді жасыл желекке оранған дала әсемдігімен баурап алады. Көлсай үшке бөлінеді. Ені 300 метр, ұзындығы бір шақырымға созылған, теңіз деңгейінен 1818 метр биіктікте орналасқан кіші көлдің хош иісті ауасы кеудені кере еркін тыныстауға мүмкіндік береді. Ортаңғы көл 2552 метр биіктікте, төменгі көлден 8 шақырымдай жерде. Ол көлемі жағынан үлкендігімен ерекшеленеді. Жоғарғы Көлсай үш көлдің ішіндегі ең шағыны екен. Жан-жағындағы биік таулардан төніп тұрған жасыл қарағайлар көлдің сәнін келтіріп тұр. Бұл келушілердің зейінін өзіне тартады да тұрады. Меймандарға барлық жағдай жасалғандықтан мөлдір көлдің жағасына жиналған туристердің қарасы өте көп. Бірі суретке түссе, екіншісі таза табиғатты аралап жүр. Көлдің маңына тігілген киіз үйлер тіпті керемет. Жаңа заманға сай туристік қонақүйлер де бар. Қуаныштысы, Саты ауылының тұрғындары да өз кәсібін дөңгелентіп отыр. Бірі алыс-жақын шетелдерден келген меймандарды үйлеріне күтсе, екіншісі жылқыларын жалға береді. Ең бастысы, туристердің саны жыл санап артып келеді.

Сапар барысында «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Республикалық ММ бөлім басшысы  Сағыныш Әзімов:

– Көлсай көлдеріне 2019 жылы 87 мың адам келсе, 2020 жылы карантинге қарамастан 83 153 адам келген. Биылғы маусым жаңа басталса да осы уақытқа дейін 45 мың адам келді. Былтыр шетелден 53 турист келсе, биыл 70-80-ге жуық адам Көлсайдың кереметін тамашалады. Қазір ұлттық паркте 7 туристік бағыт бар, оның екеуі үлкен сұранысқа ие. Біріншісі, төменгі Көлсай көлі, екіншісі Қайыңды көлі. Сондай-ақ Көлсай көліндегі су маршруты да үлкен сұранысқа ие. Жол жөнделгелі адамдардың 70 пайызы Көлсайға келіп жатыр. Адамның көптігіне байланысты сыйымдылықты азайту мақсатында Күрметаулы, Қыземшек, Ортаңғы Көлсай бағытын аштық. Алдағы уақытта Көлсай мен Қайыңдыдағы маршрутты атпен және жаяу деп екіге бөлуді жоспарлап отырмыз, – деді.

Осыдан кейін түр-түрімен танылған өсімдіктердің, қылқан жапырақты орманның ортасында, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық паркінің аумағында орналасқан Қайыңды көліне бас сұқтық. Елдер «Ертегі көл» атап кеткен Қайыңдының табиғаты тіптен ерек. Әсем көлге  келуші туристер жетіп артылады. Қалың қайыңның ортасындағы көлдің ұзындығы 400 метр болса, тереңдігі 30 метрге дейін жетеді. Тақтайдай жол жоқ. Десе де тұрғындар бизнестің көзін тапқан. Сатыдан Қайыңдыға дейін жол талғамайтын көлікпен әр адамды 2000 теңгеге жеткізсе, әрі қарай атпен апарып алып келу 5000 теңге болады.

Келесі кезекте Райымбек ауданында орналасқан «Сафари Тау Шелек» демалыс орнына бардық. Мұнда этноауыл, интераңшылық, атпен және жаяу серуендеу басты назарға алыныпты. Бұл жөнінде «Сафари Тау Шелек» ЖШС-і директоры Азат Саматұлы:

– Біздің мақсатымыз – ата салтын ұлықтаған бабаларымыздың дәстүрін дәріптеу. Этноауыл демалыс аймағында қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттау мақсатында 12 қанатты және 8 қанатты киіз үйлер тігілген. Әлі де кеңейту жоспарда бар. Бұл аймақта Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін өсімдіктер мен жан-жануарлар бар. Табиғатты қорғау үшін көлікпен келуге тыйым салынады.  Соған сай біз экотуризмді дамытуды көздеп отырмыз, – деді. Сонымен қатар, демалыс орнының директоры Текес пен Құтырған өзендерінің бастауы қодас өсіруге қолайлы екенін айтып, жуырда 50 бас қодас әкелінетінін жеткізді. Тың жобаны қолға алған кәсіпкерлер қодас санын екі мыңға дейін жеткізуді көздеп отыр.

Пресс-тур барысында ішкі туризмді дамыту бойынша атқарылып жатқан оң істерге куә болдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар нәтиже беруде. Келешекте де осындай игі істердің молынан атқарылатынына, Жетісу жақұттары туризм төріне айналарына сеніміміз мол.

Айдар ҚАЛИЕВ