"Қойған сауалға «no» немесе «yes» деп жауап береді": Бала тілі неге дұрыс шықпайды?

Уақыты: 03.06.2023
Оқылды: 1094

Қазіргі қоғамда логопед-дефектолог іздеген отбасы көп. «Балам ­– болашағым» деген жұрттың уайымы – ұрпағы. Себебі, бала тілі бал болмай тұр. Жиі-жиі күн мінберінен түспейтін осынау мәселенің ушығып тұрғанын сұраныстан-ақ аңғаруға болады. Газет ашсаң да, желі парақтасаң да «Мықты логопед керек» не «Тәжірибелі логопедке жүгініңіз» деген жарнамадан көз сүрінеді. Соған қарағанда бала тілінің мүкістігі де әбден індеттеген сыңайлы. Ал бұл жайға не түрткі? Себебі қайсы? Салдары қандай? Янукович суреттеген балалар қайда?

Бұрындары үлкендер жағы тілі былдырлай шыққан бүлдіршінін ортаға алып, әлек болушы еді. Қазір үш әріпті біріктіріп, төл әріпті кіріктіріп сөйлейтін бала көп. Кейбірі сөйлемейді. Сөйлемейді болғанда, олармен тіл табысу қиын. Кей бала төл тілінде тіл сындырмай жүріп, ағылшынша санамақ айтып, тіпті сөйлеп жүр. Табанға шөңге кіргендей мына жайттың жөнін білмекке Көксу ауданы, Балпық би кентіндегі облыстық білім басқармасына қарасты № 12 облыстық психологиялық-медициналық педагогтық консультациясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне бас сұқтық. Ескелді, Қаратал, Кербұлақ және Көксу аудандары бойынша психикалық дамуы тежелген, тіл мүкістігі және өзге де ауытқуы бар балаларға қызмет көрсететін мекеменің жұмысы қауырт. Бала жетектеген аналар тоқтаусыз келіп, қызметін алып кетіп жатыр. Мамандардың қолы қалт етіп босаған сәтін пайдаланып біз де тілдесіп қалдық. Мекеме әдіскері Құралай Азбергенованың айтуынша, жоғарыда аталған аудандар бойынша 1790 бала арнайы тіркеуде тұр.

 – Қазір орталыққа тек тіл мүкістігімен 28 бала келіп тіркелді. Ал бізде тіркеуде тұрған 1790 баланың бәрінде тіл мүкістігі байқалады. Баланың уақытында сөйлемеуі немесе тілінің мүкістенуінің бірнеше себебі бар. Бала тілінің кеш шығуына немесе дімкәс болуына бірнеше фактор әсер етеді. Ана жүкті кезіндегі денсаулығы маңызды рөл ойнайды. Жүкті әйел дұрыс күтінбесе, оған жағдай жасалмаса шаранаға қауіп. Одан өзге тұқымқуалаушылық, бала дүниеге келген соң емізікпен тамақтандыру арқылы ауыз қуысының дұрыс қалыптаспауы сынды себептері бар, – деді әдіскер.

Баба жұрт баласының тілі мүкіс не кекеш болса сөйлеп кетуі үшін жоралғы жасаған. Баланың нағашысынан мал ұрлап әкеліп, оның ішегімен буындырған. Мұның әсері қандай боларын мекеме мамандарынан сұрап көрдік. Құралай Азбергенованың сөзінше, бұл дәстүр медициналық тұрғыда дәлелденбеген. Маман көп жағдайда бала іште жатып-ақ тіл мүкістігін бойына дарытатынын алға тартты.

 – Көп жағдайда іштегі балаға отбасындағы жанжал, ұрыс-керіс әсер етеді. Ұрпағының сау болмағын ойлаған ата-ана ыдыс-аяқ сылдыратпауға тырысуы қажет. Есесіне, ананың пайдалы азықпен қоректенгенін, таза ауада серуендеуін қамтамасыз еткен абзал. Жыл сайын сөйлей алмайтын балалардың көбейіп жатқаны қынжылтады, – деді маман.

Поляк саяхатшысы Янукович өткен ғасырда: «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалары шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деген екен. Ал бала 3-4 жасында сөйлемесе дабыл қағу керек. Мамандар солай дейді.

Шын мәнінде 2 жастағы баланың тілі жатық әрі түсінікті болуы керек. Ал 3 жастан асқан баланың сөзі қалыпты болмаған жағдайда дабыл қағу керек. Өйткені бұл жастағы балалар сөйлем құрап, айналасындағыларды сұрақтың астына алып отыруы тиіс. Әрине, бала тілінің мүкістігі мен кеш шығуының себебін білмейінше салдармен күресу қиын, – деді Құралай Азбергенова.

Бала мен ата-ананың байланысы азайған

Мамандардың сөзінше, әке-шеше мен бала арасында байланыс азайған. Екі тарап мүлдем сөйлеспейді. Есесіне қалтафон беріп, бала сонда теліміріп, тыныш отырса болды деген ата-ана көп. № 12 облыстық психологиялық-медициналық педагогтық консультациясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің сурдопедагогы Әлия Ерланның сөзінше, балалар теледидар мен телефон арқылы «тілсіз» қап жатыр.

Шынында, бұрын қазақта бала тәрбиесіне көп мән берілген. Баба жұрт салтына қарасақ, балабақша деген атымен жоқ. Ол уақтағы балабақша – әжелер еді. Қазіргі әжелердің қызығы – балаларға тәлім беруден гөрі телехикая тамашалап, қырқыс пен айқасқа толы бағдарламалар тамашалағаннан басталады. Сананы нарық билеген тұста ата-аналар күндізгі уақытын жұмыс істеуге, табыс табуға бағыттайды. Ал осы уақытта әжелер немерелерімен сөйлесіп, солардың былдырлаған тілін қызық көруі «Қызыл кітапқа» енгенін айтады мамандар. Құрама үлгідегі №2 ясли балабақшаның ІІ санатты дефектолог-логопеді Айдана Хусаинованың айтуынша, балалардың тіл мүкістігі көбейгеніне төл дәстүріміз бен ғұрпымыздан тысқары кетуіміз себеп екен.

Қазіргі ата-аналар балаларын «шектен тыс жақсы көру» синдромына шалдыққан. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген ғой. Шынында қазіргілер балаларды тым қатты жақсы көреді. Ештеңеден тарылтпайды. Тым артық еркелетеді. «Құлыным», «жұлыным» деп еркелететін бұрынғының кісілері. Бірақ артыққа кетпейтін. Қазір «ути-путидің» заманы. Бұрынғының баласы жеткенін киіп, тигенін ішетін еді. Қазіргілерде бәрі бар, не жеймін, не ішемін демейді. Бұрынғылар тәрбиелейтін еді, қазіргілер үйретеді. Ұқсауға үйретеді. Сондай болуға тәрбиелемейді. Міне, мәселе осыдан туындайды негізі. Қазақтың нар тұлғаларының қайсысы болсын, дені әже тәлімін алғандар. Әже тәлімі күллі қазақ қоғамын алға ілгерілетіп келді. Қазіргі әжелер немерелеріне ертегі айтқанын, батырлар жырын жаттатқанын көрмейсіз. Ата-ана жұмыста, әжелер теледидар алдында, балалар ғаламторда. Адаммен тілдеспеген баланың тілі қайдан шықсын? Мұнан соң бала тілі қалай бал болсын, – дейді Айдана Хусаинова.

Маман сөзіне илансақ, балалар – сұрақ, ал үлкендер – жауап. Ересектер жауап берілмеген сұрақтарды балалар басқа маңнан іздейді. Сана тостағын басқа жерден толтырады. Мәселен, ғаламтордан. Сол ғаламтордан ағылшынша тостағын толтырған баланың санасына басқа дүниені сыйғызу үшін үлкен күш керек. Мұнан өзге қазір мықты логопед мамандар барын айтты. Бірақ қоғамда оларға сенім аз екен. Тілі шықпай жүрген 3-4 жастағы баласын логопед мамандарға апарудың орнына, бала тілі әбден сақауланғанда көмекке жүгінеді-мыс.

Қимылсыздық тілсіздікке жетелейді

Қазіргі балалардың қимыл-қозғалысы өте аз. 4 қабырғаға қамалған бала не жарытып ойын ойнасын. Бұрын балалар асық ойнайтын, ләңгі тебетін. Күндіз дала кезіп, ойынмен ой өсіретін. Бүгінгі жай мүлдем басқа. Қозғалыс аз. Мамандар қозғалыссыздықтың осы дертке түрткі болып жатқанын айтуда. Мәселен, логопед Шұғыла Айтқазының айтуынша, алақаны мен табаны топырақ көрмеген баланың сөйлеуінде міндетті ақау байқалады.

 – Бұрынғы балалар топырақпен ойнайтын. Түрлі ұлттық ойындармен есейетін. Қазір 4 қабырғаға және телефонға байлаулы. Телефон көрген адамның қозғалысы аз. Сәби дүниеге келгенде оң жақ жарты ми жақсы жұмыс істейді де, сол жақ жарты ми қабылдау арқылы жұмысын дамытады. Алақан мен табанда сипап сезу рецептрлары бар. Олар миға сигнал беріп, оның қалыпты дамуына әсер етеді. Қоршаған ортадан әсер алмаған баланың миы дұрыс дамымайды. Осылайша сөйлеуі тежеледі, – деді маман.

Шұғыла Айтқазы атақты доктор Пол И. Деннисонның нейрогимнастика әдісі балалардың сөйлеу қабілетін дамытатынын алға тартады. Деннисон өзі де психикалық тежелуге душар болған. Зерттеп, зерделеудің нәтижесінде нейрогимнастика яғни мидың жаттығуы кемшін балалардың қабілеті төмен болатынын дәлелдепті.

 – Мидың жұмысын су деп алсақ, қозғалыссыз тұрған су уақыт өте келе бүлінеді. Өлі суға айналады. Ал «Ағын суда арам жоқ» деген бар. Сол секілді баланы үйге қамап, қозғалыссыз отырғызғаннан гөрі табиғат аясында, далада серуендеткен абзал. Қимылдауына мұрындық болу керек, – дейді маман.

Шынын да қазіргі көп баланың қозғалыссыз тұрмыс кешіп жүргені жиі айтылады. Маманның сөзі рас болса, қозғалысы кемшін бала түрлі ауруға душар болады.

Смартфон сөйлемейтіндерді қалыптастыруда

Қалыпты жағдай ма, әлде ауытқу ма? Әкесі де, шешесі де таза қазақша сөйлегенмен, тілі жаңа шығып келе жатқан бүлдіршіні ағылшынша не орысша сайрап тұр. Себебі де түсінікті. Смартфон дерті бесіктен белі шықпаған сәбилерге де ауыз салды деген сөз.

Балабақшаға келген балалардың дені қойған сауалға «no» немесе «yes» деп жауап береді. Бұл смартфонның әсері. Әдетте көп ата-ана бала тыныш болсын деп олардың қолына телефон ұстата қояды. Ал балалар қызығатын дүниенің бәрі ағылшын тілінде. Youtube балалардың ең сүйікті бағдарламасы. Ол маңда қазақша мультфильмдер аз. Есесіне, Еуропа мен АҚШ жұрты балаларды қалай қызықтыруды біледі. Одан кейінгі орында орыс ағайынның бейнелері дес бермейді. Ата-анасы азаннан кешке дейін жұмыстан шаршап келгенде балаларының беймазалығын смартфонмен шешуі арқылы олардың тілін ағылшын не орыс тілінде сындыруда. Бала қабылдағыш келеді, алғаш қабылдағаны миында мықтап жазылады, – деді логопед Айдана Хусаинова.

Маманның сөзінше, балалар қанық түсті әрі жылдам қимылды, тартымды музыкалы мультфильмдерге әуес екен. Ал әлеуметтік желінің әлеуетін зерттеп жүргендер Youtube желісіндегі контенттің табыстылығы балаларға арналған бағдарламалар екенін зерделеді. Яғни бұл желідегі түсетін табыстың 80%-ын балалар контенті құраған. Бір уақытта әлемде 2,5 млрд. адам осы желіні парақтаса, оның 2 млрд.-ы балалар деген сөз. Осыдан-ақ, жеткіншектердің қаншалықты ютубқа жегілгенін аңғару қиын емес. Ал қазақ балалары не көріп жүр? Қазақстанда «Balapan» телеарнасы өз өнімдерін Youtube желісіне жүктейді. Бір апта бұрын салынған телеарнаның өнімі бар-жоғы 1600 қаралым жинапты. Бұл – қазақ тілді контент. Ал елімізде балаларған арналған ең көп қаралым жинаған «Рома и Хелпик» арнасы бар. Алыс-жақын шетелге танылған арнаның 3 күн бұрын жүктелген бейнеролигі 36000 қаралым жинапты. Есесіне бұл арна – орыс тілді. «Youtube» желісінде «JG Cruz3D» деген арна бар. Тілі – ағылшын, жазылушылардың саны миллионнан әріге жығылады. Жүктелген бейнелерінің дені 10 секундтан аспайды. Ал көрілім саны жағынан көш бастап тұрған желілік арна. Бір апта бұрын салған бейнесі 11 млн. көрілім жинапты. Арнаның тұтынушыларының дені – бала. Байқағанымыздай, арна балалар елітетін музыкаларды пайдаланып, қуыршақтарды, оның ішінде қатты қызықтыратын мультфильм кейіпкерлерін билетеді. Ал «Balapan» арнасындағы мультипликация өнімдері «JG Cruz3D» деген арнаға қарағанда баланың сатпағы секілді.

Қорыта келгенде, бала саулығы бәрінен маңызды. Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы. Мұны баба жұрт әлдеқашан білген. Содан болар, «Балам болашағым» дейміз. Алайда, бала тілінің кеш шығуы немесе мүкіс болуы алаңдайтын жайт. Ал ол үшін арнайы тіл мамандары жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, балаңыз дені сау, тілі сау болсын десеңіз, баламен тілдесіп, оны тәрбиелеу керек. Онымен сіз сөйлеспесеңіз, ғаламтор тілдеседі, сіз тәлім бермесеңіз, ғаламтор тәрбиелейді.

Дастанбек Садық