Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 5 мамырдағы бұйрығына сәйкес, Қарулы Күштерде 7 қараша Әскери журналист күні кәсіби мереке болып бекітілді. Осыған орай мереке қарсаңында семсер сөзді жанына серік етіп, Отан алдында адал қызмет атқарып жүрген Жетісу гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жанат Сембаев жайлы жазуды жөн көрдік.
Темiрдей тәртiптi талап ететiн әскери салада өзiне жүктелген жауапты мiндеттi атқара жүрiп абырой мен беделге ие болған, майор шенін иығына қадаған Жанат Сембаев 1978 жылы 18-ші желтоқсанда Кербұлақ ауданы, Басши ауылында дүниеге келді. Ол бала күнінінен қиындығы мен қызығы мол әскери салада қызмет істеуді арамандайды. Туған ауылындағы Райымбек батыр орта мектепті 1995 жылы бітіріп, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің дене тәрбиесі және спорт факультетіне түсіп, оны 1999 жылы тамамдайды.
Еңбек жолын Талдықорған қаласындағы №19 Мағжан Жұмабаев атындағы қазақ орта мектеп-гимназиясында дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып бастады. Сол жылдың күзінде мерзімді әскери қызметке шақыртылып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып қайтады. Әскерден оралған соң білімін жетілдіру мақсатында 2001 жылы Алматы қаласындағы нарық және құқық академиясының заң факультетінің сырттай бөліміне оқуға түсіп, «Заңгер» мамандығын алады.
Мұнан кейін Талдықорған қаласындағы Дәнеш Рақышев атындағы қазақ мектеп-интернатына алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып қызметке тұрып, 2002 жылы алғашқы офицерлік лейтенант әскери атағын алады. 2003 жылы Алматы облысы өртке қарсы қызмет департаментінің Талдықорған қалалық өртке қарсы қызмет бөлімінің инспекторы болып жұмысқа тұрды. 2008 жылы Алматы облысы өртке қарсы қызмет департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі болып тағайындалады. Кейіпкеріміз жауапкершілігі мол қызметті абыроймен атқарады. Өз жұмысының нағыз маманы Жетісу телеарнасында «01-хабарлайды», «Құтқару қызметі» хабарларын жүргізіп, «Құтқарушы» газетін қолға алып, айына бір рет шығарып тұрды. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне қызметке ауысып, Талдықорған қаласындағы десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің 18404 әскери бөлімі 1-ші десанттық-шабуылдаушы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымында қызмет атқарады.
2014 жылы Талдықорған қаласындағы №48386 әскери бөліміне ауысып, тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі бөлімінде идеологиялық жұмыс және арнайы насихат жөніндегі аға офицері лауазымында болды. Сол қатарда «Көкжал», «Қазақстан әскері» қатарлы газеттерді шығарады. Аталған әскери бөлімде 5 жылдай абыройлы қызмет атқарып, 2018 жылы Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылындағы №29108 әскери бөліміне тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі бөлімінің мемлекеттік тілді дамыту және мемлекеттік-құқықтық дайындық жөніндегі аға офицері лауазымында қызметке жіберілді. 2020 жылы Қарулы Күштерде алғаш ашылған гарнизондық баспасөз қызметіне келеді. Отанға адал қызмет атқара жүріп, екінші рет майор шенін иығына қадайды. Бүгінде Жетісу гарнизоны баспасөз қызметін атқарып жүр.
Қалам мен қаруды қатар ұстап, құқықтық тәртіп пен қоғаммен байланысты алтын көпірдей жалғастырып жүрген әскери тілшінің жұмысы көпке үлгі.
Айдар ҚАЛИЕВ