Еліміздің алғашқы эмбриологі Салтанат Берденқызы жақында Талдықорғанға келді. Ол жүкті болу бақытын аңсап жүрген әйелдермен кездесу өткізді.
Ғылым арқылы табиғаттың тылсым жұмбағын шешкен дәрігер ана бақытын сезінгісі келген келіншектердің сұрағына барынша жан-жақты жауап берді.Қарапайым, білгір, іскер маманның сөз саптауы, нәзікжандыларға деген жанашырлығы тәнті етті. Бір адам сауал берсе, соның алдағы күнге деген сенімін оятқанша дәрігер тоқтаусыз кеңес береді. – Арманы сөнгелі тұрған отты тұтату бәрі Жаратқанның қолында. Дегенмен, негізгі ықылас-пейіл өзіңізде жатыр. Шешімі жоқ дүние болмайды. Тек сеніп, үмітті жану керек. Шын сұраса құдайдың беретіні хақ, – деген сөзі салы суға кетіп жүрген әйелдердің еңсесін көтерді. Өздеріндегі кінәратты ежіктей жеткізіп, сәби сүю үмітінің мүлде жоқтығын айтып күмілжіген әйелдерге дәрігер бала көтерудің сан қырлы жолы барын айтып, жігерлендірумен болды. Маман «бар», «болады», «басқа жолдарын қарастырамыз», – деген кеңес-лебізі арқылы келіншектердің күдігін сейілтті.
Жиналғандар: «Денеден тыс ұрықтандыру» деген тәсіл жайлы айтып беруді өтінді.
– Ол – аналық ұрықты денеден тыс, яғни «құтыда» ұрықтандыру. ДТҰ – бүгінгі таңда бедеулікті емдеудегі ең тиімді және нәтижелі тәсілі. Бұл әдіс әйелдің жатыр түтікшелері жоқ немесе өткізу қабілеті нашар, еркек белсіздігінде, эндометриозда, аналық бездің дұрыс жұмыс атқара алмауында, бедеуліктің себебі анықталмаған кезде, ем қонбай қойғанда қолданылады.
– Денеден тыс ұрықтандыру әдісі арқылы генетикалық сырқаттарды анықтауға бола ма?
– Аталмыш әдіс арқылы тұқым қуалайтын әртүрлі генетикалық кеселдерді анықтауға болады. Бұл әдіс эмбрионды жатырға салмай тұрып жасалынады. Зерттеу әдісін имплантация алдындағы генетикалық диагностика деп атайды. ИГД әдісімен даун синдромы, гемофилия, тағы да басқа сырқаттарды анықтауға болады.
– Жүктіліктің жүзеге асырылуына қандай кепілдік бар?
– Қалыпты жағдайда жүктілік үдерісі нашар атқарылады. Мысалы, 20 жастағы әйелде бала көтеру мүмкіндігі 15-20 пайыз, 30 жаста – 10 пайыз, ал 40 жаста – 5 пайыз. Денеден тыс ұрықтандыру және эмбрионды жатырға қондыру әдістерінде аналық безді ұрықтандырудың арқасында бұл көрсеткіш екі есе артады, – деді дәрігер.
Облысымыздың жер көлемі үлкен. Бірақ, адам қарасы соған сай емес. Демографиялық саясат бойынша өңір тұрғындарының санын арттыру көзделуде. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Салтанат Берденқызының келудегі мақсаты – демографиялық өсудің түйінді мәселелерін қарастыру. Ол республика көлемінде қолға алған бұл игілікті істі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнапты. Алдағы уақытта ұрпақ өрбітуші маман республиканың басқа да облыстарына сапар шекпекші.
Биология ғылымдарының докторы бедеулік пен белсіздікті емдейтін дәрігерлердің аздығын айтты. Ол соңғы жылдары өз емханасында 100-ден аса маман тәрбиелеген. Сондай-ақ, 20-дан астам зертхананың ашылуына себепші болған. Ендігі мәселе –облыстардағы мамандарды оқыту, біліктілігін жетілдіру. Осылайша ерлі-зайыптыларға нәрестелі болу бақытын сыйлау.
Әйелдің жан-дүниесі, ағзасы өте күрделі құрылым. Бірақ, оның бойындағы нәзіктіктің тасасында ұлы күш бар. Ол – адамзаттың тіршілігін жалғастыру жолындағы жауапкершілік күші. Әйел – ұрпақ жалғастығы үшін адам сенгісіз қиындыққа шыдай алады. Ендеше, бесік тербетер бақытқа бөлете гөр қыз-келіншектерді деген тілеу тілейік.
Гүлжан Тұрсын