МЕРЕКЕЛІК ТАРТУ

Уақыты: 10.12.2018
Оқылды: 1474

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Тәуелсіздік мерекесіне орай орман шаруашылығы мекемелеріне 7 жаңа  автокөлік сыйға тартты. Осыған орай облыстық орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде автокөлік кілттерін табыстау рәсімі өтті. 

Шара облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айбек Қонақбаевтың алғысөзімен бастау алды. 
– Құрметті қауым, баршаңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы істеріңіз табысты болсын. Еліміз аман, іргеміз бүтін болса қазақ елінің алар асуы мен шығар биігі әлі алда. Халқымыздың береке-бірлігі артып, мемлекетіміздің айбыны асқақтай берсін! – деді ол.
Өз кезегінде сөз алған облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басшысының орынбасары Қанат Нүсіпбаев: «Жалпы облыстық орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жағынан республика бойынша алғашқы орында тұр. Соның жарқын дәлелі – бүгінгі шара. Шілдеден бастап орман шаруашылығы қызметкерлерінің жа-    лақысы 20 пайызға өсті және  Елбасының тапсырмасына сәйкес қаңтар айынан бастап тағы 25 пайызға көтеріледі», – дей келе жұртшылықты мерейлі мерекесімен құттықтады.  
 Осыдан кейін облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айбек Сапарбекұлы автокөлік кілтін табыстады. Атап айтсақ, Алакөл, Бақанас, Нарынқол орман шаруашылығына «Нива Шеврале», Ұйғыр, Үйгентас, Жоңғар, Бақанас орман шаруашылығына «Нива Урбан» автокөлігінің кілті табысталды.   
Жиын соңында шараға жиналған қауым орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбектері елене берсін деп ақ тілектерін ақтарды. 

Айдар ҚАЛИЕВ