НАЙЗАҒАЙ НАМЫС

Уақыты: 19.12.2018
Оқылды: 1647
Желтоқсанның ызғары сол жылы тым ерекше болды. Ұлтын сүйген жанартау намыс қазақ жастарының көкірегін жарып шықты. Әр кеудеде бұлқынған жүрек ұзақ жылғы бодандықтың бұғауын үзіп, ғасырлар бойы бабалар аңсаған азаттықтың ақ таңына батыл қадам жасады. Бүгінгі қазақ ұлтының Әнұранына айналған Шәмші мен Жұмекеннің “Қазақстаным” әні Алматының орталық алаңынан алты Алаштың аспанына асқақ рухпен көтеріліп жатты. “Әр ұлтты өз перзенті басқарсын” деген ұранмен алаңға шыққан қазақ жастары солақай саясаттың соқыр көзқарасымен нашақор, басбұзар, алқаш атанып, аяусыз басып-жаншылды. Намысты ұлдарымыз темірмен түйрелді, қыздарымыз шашынан сүйрелді. Қызыл қоғамның бұйрығын екі етпей орындаған жендеттер желтоқсанның тоң мұзын еріткен ұлттық рухтың алауын су шашып өшіре алмады. Бірақ, ұлтым деп жұлқынған қазақ жастарының қардай аппақ арына қара күйе жағылды. Нәтижесінде қазақтың қайсар ұл-қыздары бүлікшіл атанып, жауапқа тартылып, түрмеге қамалды. 
1987 жылдың маусымы. Сот залы. Қайрат Рысқұлбеков бастаған бір топ қазақ жастарын тұрғызып қойып, үкім оқылды. Не деген қайсарлық, не деген намыс пен жігер?! Тағдырлары талқан болып, 37-ші жылы қорғасын оқ құшақтап кеткен Алаш арыстарындай өлім жазасына кесіліп тұр. Біреуінің жүзінде қорқыныштың ұшқыны байқалмайды. Керісінше, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қасқайып тұр. Сот аяқталып, үкім шығарылды. Асқақ рухты жастар қасқайып тұрған қалпында темір тордың ар жағына кетті. Дәл сол сот залынан түскен сурет күні кеше ғана ғасыр тойын тойлаған Алматы облыстық “Жетісу” газетінің 1987 жылғы    19 маусымдағы нөмірінде жарияланды (суретте). Цензураға селт етпей, қазақтың жазықсыз ұлдарының қызыл қоғамның шешіміне именбей қарап тұрған суретін басып жіберді. Бұл ерлікті жасаған газеттің сол кездегі бас редакторы Мамадияр Жақып ағамыз болатын. Газет шыққан күні билік өре түрегеліп, солақай саясаттың сойылын Мамадияр ағамыздың басына үйіреді. Қасқайып тұрған қазақ жастарының суретін басқаны үшін партиядан шығарылып, сол кездегі Күрті аудандық “Шұғыла” газетінің жауапты шығарушысына дейін төмендетіледі. Тым болмаса қатардағы журналист болып еңбек етсе бір жөн еді. Мамадияр ағаның бойындағы асқақ рух ол сынға сынбады. Керісінше, ұлт алдында перзенттік борышын осылай болса да өтегеніне іштей риза болды. Кейбір қазақ атқамінерлері Колбиннің ұр тоқпағына айналып, шаш ал десе, бас алуға дайын тұрғанда қаламгер ағамыз қарапайым ғана бір сурет арқылы қазақтың қайсар келбетін көрсеткені ерлікпен пара-пар еді. Уақыт өтіп, төрелігін айтып, сол кезде ең төменгі сатыға қудаланған Мамадияр ағаны төрге оздырды. Қазір Мамадияр Жақып есімі аталғанда ызғарлы Желтоқсандағы осы бір оқиға еске оралады. Маусымның соңында өткен ата басылымның 100 жылдық торқалы тойына Мамадияр ағамыз да келді. Қатардағы қаламгер емес, ардагер журналист, қазақтың қаһарман ұлы ретінде төрге жайғасты. Сексеннің сеңгіріне енді ғана шыққан найзағай намысты ағамыздың қасында отырып, сөзін тыңдадық. Бүгінгі жастар көзін көрді. Алатаудай алып денелі ағамыздың ақ батасын алдық. Жүзі мейірімге, жүрегі нұрға толы ағамыздың бойындағы қайсарлық бүгінгі жастарға да жұғысты болғай. Ұлт тағдыры таразыға түскен сәтте қара басының қамына қарай ауып кетпей, Мамадияр ағамыз сынды «анамыз ұл таптым деп қалжа жеген» ұлдай қасқайып тұруды нәсіп етсін. 
Ұлты үшін қандай сынақ кездессе де қасқайып тұрудың асқан үлгісін көрсеткен, Мамадияр аға, тағдыр шешті кезеңде жасып қалмай азаттықты аңсаған асқақ рухты інілеріңіздің суретін газет бетіне басып жіберіп, басыңызға бұлт үйірілсе де кеудесін тік ұстап, аяғын нық басқан сізге өзіңіз бір сурет арқылы атын аңызға айналдырған ата басылымның жасын берсін. Біз сізді мақтан тұтамыз найзағай намысты қазақтың қайсар ұлы!!!
 
 
Жұматай ӘМІРЕЕВ