ҚЫЗЫҚТЫ САЯХАТ

Уақыты: 19.12.2018
Оқылды: 1411

Сыныбымызбен Ақын Сара мұражайын көріп қайту үшін Қапал елді мекеніне бардық. Ауылға жақындаған сайын қар көбейе түсті. Таулардың үстінде аппақ кілемдей болып төселіп жатты. Барлығымыз бұл өлкеде қардың ерте жауғанына қарап таң- ғалдық.

Бізді Ақын Сара мұражайының меңгерушісі қарсы алып, тарихи-мәдени орынның ішін аралатты. Мұражай 1992 жылы 26 қазанда ашылғанын және үш бөлмеден тұратынын айтты. Бірінші бөлмеде ақын Сараның әдемі әшекей бұйымдарымен таныссақ, екінші бөлмеде балалық шағы, өмірі, шығармашылығын насихаттайтын түрлі дерекке қанықтық. Апамыздың кішкентай кезінде киім тігіп, домбыра тартқанына көз жеткіздік. Бөлмеде әртүрлі кітаптар, сол заманда байлардың киген киімдері де болды. Үшінші бөлмеде ақын Сара мен Біржан салдың айтысып отырған мүсініне куә болдық. Мұнда апамыздың киген әдемі киімдері де ілініп тұрды. 
Мұражайдың меңгерушісі тағы да Қабанбай батыр атамызға арналған төртінші бөлменің бар екенін айтып қызықтырды. Онда батырдың шын есімі Ерасыл болғанына, қандай қару-жарақтар ұстағанына назар аудардық. 
Мұражайдан шыққанда шыршалармен көмкеріліп тұрған жолды көрдік.  Суретке түсіп, автобусқа отырдық. Ары қарай тағы біраз жол жүріп, Тамшыбұлаққа да жеттік. Біз ұзын баспалдақпен төмен қарай түстік.  Айнала жап-жасыл, ағаштар мен жапырақтар жан сарайыңды ашады. Бұл судың қасиеті қыста қатпайды, айналасындағы шөптер де жап-жасыл болып өсіп тұрады. Су көзді, тағы да басқа ауруларды емдейтін көрінеді. Бұл жерде шетел саяхатшысы Томас Аткинсонның бірінші баласы туыпты. Осынау жердің қасиетіне тамсанған Люси анасы баласының есімін Алатау Тамшыбұлақ деп қойыпты. 1869 жылы саяхатшы Қапалдың ерекше табиғаты жайлы  газетке  мақала жазған. Бұл жерге әлі де адамдар келіп қасиетті суын ішіп емделеді. Бізде табиғаттың тосынсыйына тамсанып, ұзақ тұрдық. Мұндай тамаша сәттің, тарихи сапардың жадымызда мәңгі сақталары анық. 
 
Анель Маратова,
оқушылар сарайы тарихи-өлкетану үйірмесінің жеткіншегі