МӘДЕНИЕТ ТАЗАЛЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

Уақыты: 19.12.2018
Оқылды: 1258

Облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановтың төрағалығымен облыстың елді мекендерін санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмысын жылдық қорытындылау мақсатында жиын өтті.

Жиын облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдар Беркімбаевтың алғысөзімен бастау алды. 
– Облыстағы елді мекендерде санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыруды өткізу мақсатында бірқатар іс-шара атқарылды. Тазалық маусымының мүлтіксіз орындалуын қадағалау мақсатында штаб мүшелерінің жұмыс кестесі жасалып, әр өңірді аралау уақыты бекітілді. Тазалық жұмыстарына облыс бойынша 741 елді мекеннен  520 мың адам қатысты, – дей келе атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен талқылап, кеткен кемшіліктерді де тілге тиек етті.
Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Естебекұлы аудан басшыларына әр өңірде тұрақты  тазалық  жұмыстарын жүргізіп, көрген  көз  сүйсінерлік  өмір  салтын  қалыптастыру керектігін айтып, санитарлық жұмыстарды жоғары дәрежеде өткізген және қоршаған ортаны сақтауға сүбелі үлес қосқандарды марапаттады. Атап айтсақ, Ақсу ауданы әкімдігіне облыс әкімінің I дәрежелі дипломы және трактордың кілті, Панфилов ауданы әкімдігіне облыс әкімінің II дәрежелі дипломы және жүк көліктің кілті табысталса, Ескелді ауданының әкімдігіне облыс әкімінің III дәрежелі дипломы мен «Нива» автокөлігінің кілті берілді.  «Ең үздік кондоминиум объектісінің басқарушы органы» номинациясы бойынша Талдықорған қаласы «АйШуақ» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Шолпан Орынбасароваға қар тазалағыш, «АРНА-Н» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Назигүл Рахимбековаға шөп шапқыш сыйлады. «Үлгілі үй» номинациясы бойынша Текелі қаласынан Максим Мортынов бейнебақылау қондырғысын, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылынан Майылған Джилангузова балаларға арналған спорт алаңын иеленді. «Ең үздік аула тазалаушы» номинациясы бойынша Қапшағай қаласындағы «ТАН» пәтер иелерінің тұтынушы кооперативінің аула сыпырушысы Александр Лыжинға газонокосилка сыйлады. «Үздік аула» номинациясы бойынша Талғар ауданындағы «Ипотека-Талғар» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Мұрат Жиенбаевқа электр ара, «Алмаз» пәтер иелерінің тұтынушы кооперативінің төрағасы Серік Шоқайбаевқа мотопомпа табыстады.

А. НАЗАРҰЛЫ