Қуанса, бала қуансын

Уақыты: 02.06.2016
Оқылды: 1704

Облыстық «Айналайын» балалар үйі – ата-ана қам­қор­лы­­ғын­сыз қалған балдырғандарды тәрбиелеп, жеткізіп, қа­нат­­тан­ды­рып ұшырып отырған бірден-бір білім-тәрбие ошағы. Облыс әкі­мі­нің орынбасары Бақтияр Өнербаев шуақ­ты мерекеде та­лай жет­кіншектің жылы ұясы, ыстық ме­ке­ніне айналған осынау үлкен шаңы­рақта болып, жет­кін­шектерді құттықтады.

– Халықаралық Балалар күнінің 1 мау­сым­да атап өтілуі тегіннен-тегін емес деп ой­лаймын. Жаздың алғашқы күнінің өзі ме­реке. Ол балаларды алдағы қызықты де­ма­лысқа бастайды. Жаздың жайма-шуақ кү­нінде балалар құмары қана ойнап, суға шо­мылып, жаңа оқу жылына тың күш жи­найды. Балалардың әрбір күнін бақыт­ты, жазғы демалысын қызықты өткізуге елі­мізде барынша жағдай жасалуда. «Бала­лық шақ – патшалықтың тағына тең» деп Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев айтпақшы, адам өмірін­дегі ең бір шуақты кез – осы бал­дәурен шақ.

Сіздер бақытты балаларсыздар. Осын­дай дамыған мемлекетте, оның ішінде жер жаннаты Жетісуда өмір сүріп жатырсыздар. Елбасы жеткіншектердің ешнәрседен тар­шылық көрмеуі үшін барлық жағдайды жасап отыр. Жыл сайын қаншама бала­бақ­ша, мектеп салынып, спорттық нысандар бой көтеруде. Облыс әкімі Амандық Бата­ловтың да сендерге арнаған сыйлығы бар. Сіздерді облыс басшысының атынан мере­кемен құттықтып, сый-сияпат табыс етуге келіп отырмын, – деді Бақтияр Әлтайұлы.

Өз кезегінде балалар үйінің тәрбие­ле­ну­шілері ағаларына алғыс ретінде өнер­лерін ортаға салып, ән айтып, би биледі. Әсі­ресе, «Стрейт Данс» заманауи би бай­қауының жеңімпазы болып табылатын балалар үйінің жеткіншектерінен құралған «Джеккей» би тобының «Ұлы дала» қойылымы мерекеге үлкен тарту болды.

Бүгінде 137 бала тәрбиеленіп жатқан үлкен шаңырақтан екі түлек түлеп ұшуда. Он оқушы оқу жылын үздік нәтижемен тамамдап отыр. Үздік шәкірт Дарья Степа­нова Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу­шысы  әрі «Жамбыл оқулары» байқауының жеңімпазы. Сондай-ақ, бірқатар шәкірт рес­публикалық, облыстық, қалалық бай­қау­лар мен спорт жарыстарының жүлдегері әрі олар­дың есімі мақтанышпен аталды.

Осындай дарынды, білімді шәкірттер тәрбиелеп отырған «Айналайын» балалар үйі­нің тәрбиешілерінің қолқалауымен Бақ­тияр Өнербаев мұндағы балалардың ана­сына айналған асыл жандар үшін гитарамен «Анашым» әнін орындап берді. Мұндай тосын сыйға риза болған балақайлардың қуанышы еселене түсті. Облыс әкімінің тарту еткен ойыншықтары мен сәнді киім­деріне де ерекше шаттанған жеткіншектерді мерекелік дастарқан күтіп тұрды.

Алма ЕСЕНБАЕВА