Құстай ұшып жетер еді

Уақыты: 02.06.2016
Оқылды: 2003

 

Дәл бүгін ол 52 жасқа толар еді. Туған күнінде қызметтестері мен туған-туысының құттықтаулары мен жылы сөздерін естіп, көңілі бір марқайып қалар ма еді? Әттең, оған тағдыр 52 жасын тойлауды жазбапты. Туған күніне он шақты күн қалғанда қызметтік міндеті бойынша көмекке мұқтаж сәбиге құстай ұшып жетіп, оны құтқарам деп асыққан мейірбан жан өз жүрегі дүрсілінің соңғы сәттері соғып жатқанын сезген жоқ.

Сол бір қаралы оқиға 27 қаңтар күні орын алған еді. «Аспан» компаниясының тікұшағы науқас баланы Үшаралдан Тал­ды­қорғандағы облыстық ауруханаға жет­кізуге бет алған. Бортта бес адам, нақты ай­татын болсақ, жоғарыда біз сөз еткен дә­рі­гер, облыстық балалар ауруханасының кар­дио­­ревматология бөлімінің меңгерушісі Бақыт­гүл Қайсанова, облыстық санавиа­ция­ның фельдшері Гүлнұр Хамитова мен екі айлық баласы бар ана және ұшқыш бол­ған. Ішкі ағзасынан қан кетіп, лейкоз ау­руы­на шал­дығуы мүмкін деп болжам жа­сал­­ған сәби дереу облыстық балалар ау­ру­ханасына жеткізілуі тиіс еді. Алайда тік­ұшақ жетер жеріне жетпеді. Ауа райы­ның күрт бұзылып, боранға тап болуынан Ақсу ауданының Қапал елді мекенінен 3 шақы­рым жерде құлаған.

Суық хабар алынған бойда апатқа ұшырағандарды іздестіру, мүмкін болса құтқару жұмыс­тары бас­талды. Бұл іске төтенше жағдай қызметі, ішкі істер органдарының қыз­мет­кер­ле­рі­мен қоса жұртшылық өкілдері де жұмыл­дырылды. Бірақ, бәрі кеш еді...

Бұл Бақытгүл Қайсанованың туған ауы­лынан 20 шақырымдық қана жер. Сол күні кезекшілік бойынша ұшқан фельдшер Гұлнұр­дың да кіндік қаны тамған мекен осы маңдағы Жансүгіров ауылы. Қос жүректің туған жерінде үзілуі кездей­соқ­тық па, әлде тағдырдың жазуы ма? Қалай десек те, олардың қызметін адал атқару жолында опат болғаны анық. Әсі­ресе, Бақытгүл Иебек­қызы сәбидің ауыр халде жатқанын естіп, оған өзінің ғана көмек бере алатынын айтып, Талды­қорғаннан Үш­аралға санавиа­ция­ның тікұша­ғымен жетуге асыққан. Өйт­кені Бақытгүл Ие­бек­қызы облыстағы жалғыз онкогематолог болатын. Ең ауыр халдегі, қиын жағдай­дағы бала­ларға көмек беру осынау ақ же­леңді абзал жанға жүктелген міндет. Оны ол шын жүре­гімен, адал пейілімен, терең жауапкершілік сезіммен атқарды.  Бала кезден дәрігер болуды арман етті. Сол арман жетегінде Алматы медицина инсти­ту­тында 7 жыл оқып, педиатрия факуль­те­тін бітірді. Бірден Қапал ауылдық ауру­ха­насына учаскелік дәрігер болып орна­ласты. Аудан тара­ғаннан кейін туған ауы­лы Көш­кенталдағы ауылдық  медици­на­лық бөлім­шеде дәрігер болды. 2003 жыл­дан бастап Талдықорған қаласын­дағы об­лыс­тық балалар ауру­ханасында еңбек етті.

Бақытгүл Иебекқызы еңбек ете жүріп, іздену мен білімін толықтырудан еш шар­шаған емес. Бірнеше рет Алматыда, Аста­нада білік­тілігін арттырып, Румынияға барып, тәжірибе алмасып қайтты. Лор, балалар кардиологы сынды маман­дық­тарды қоса меңгерді.

Елімізде онкогематологтар тапшы болған­дықтан үш жыл Мәскеуде оқып  келген соң қаншама балаға шарапаты тиді.

Осыдан бір ай бұрын ғана лейкоздың бір түрі пластикалық анемияға шалдыққан 14 жасар қыздың өмірін сақтап қалу үшін жанын салды.  Күнара қан құйып, тром­бацит 300 болу керек болса, 2-3-ті ғана көрсетіп, ауыр халде жатқан жасөспірімнің бетін бері қаратты. Қан  табыл­май жатқан жағдайда  да бар мүмкіндікті салып,  қажетті шараның бәрін жасап, Алма­тыдағы инс­титутқа жібер­генше тыным тап­пады. Әрбір науқас балаға осындай жан­ашырлық сезім­мен қарады.

– Бірде әңгімелесіп отырып, «тағы өмір бе­рілсе кім болар едің, қандай мамандықты таң­дар едің» деп сұрадым, – дейді тетелес інісі Мейрам Қайсанов. – Бақытгүл бірден-ақ, «Дәрігер, оның ішінде бала дәрігері болар едім» деп жауап қатты. Сосын мен «Бала­лар қай жері ауырып тұрғанын айта ал­майды. Ал сен түсінбей дал боласың, қиын емес пе» десем, «Бала деген періште ғой, ол са­ған айтпаса да жанын ұғып тұрасың» деген еді.

Өзінің жаны да баладай кіршіксіз бола­тын. Әрбір адамға көмекке асығып тұра­тын. Бүкіл ауыл, тіпті Ақсу ауданы бір жағдай бола қалса, Бақытгүлге жүгінетін. Уақыты болмай жатса да ешкімнің көңілін қимай, «келіңіз көмек­тесейін» дейтін.

Ауылда дәрігер болып істеген жылдары қиын кез болатын. Бүгінгідей көлік те жоқ. Түн жарымында терезені тарсылдатып көмек сұрап келген адамға еш қабақ шыт­пай, күннің де суықтығына қарамай, көмек­ке баратын еді.

Кейінгі жылдары ауыр науқасты бала­ларды емдеді. Жұмыс уақыты бітсе де үйге қайтуға асықпайтын. «Қайдасың» деге­німізде, «ауыр жағдайдағы бала түсті, тас­тап кете алмаймын. Жанынан өзім табыл­ма­сам бол­майды», – деп түннің бір уағына дейін жұмыс­та жүретін. Астана, Алматыға ауыр науқас­тарды жібергенде әріптестері тара­пынан «Бақытгүл Иебек­қызының қойған диаг­но­зы әркез тура болып шығады. Бірде-бір рет қа­­те­лескен емес», – деген жақсы сөздер ести­тін­біз. Ол Гиппократ сертіне берік, білікті дә­рі­гер болды деп толық сеніммен айта аламыз.

Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Марат Досқалиев та әріптесі жайлы лебізін жеткізді.

– Бақытгүл Иебекқызы ауруханадағы ең күрделі кардиоревматология бөлімін басқарды. Жан-жақты білімді әрі білікті дәрігер болды. Республиканың белгілі онкогематологтарымен ты­ғыз байланыста жұмыс істеді. Бұл биік нә­ти­­жеге ол осы салаға терең берілгендігі, ізде­нім­паздығы арқасында қол жеткізді. Медицина бір орында тұрмайды. Күн сайын жаңа­шыл­дық еніп жатыр. Соның бәрін біліп, үйренуге де­ген құштарлығы жоғары еді. «Бізде мына нәр­­се жетің­кіремей жатыр, соны барып, мең­ге­ріп қайтайын» деп өзі сұранып тұратын. Жұ­­мысқа бар ынта-жігерімен берілген адам еді. Сенбі-жексенбі күндері де осында жүре­тін. Еңбегін бұлдап, бір нәрсе сұрап көрген емес. Бірінші орында жұмысы тұратын. Қал­ған мәселені екінші қатарға ысырып қоятын.

Осы күнге дейін баспанасы болмағаны да жаны­мызға аяздай батуда. Бақытгүл Иебек­қызы сынды білікті дәрігерді жоғалту біз үшін орны толмас өкініш, – деді.

Бақытгүл Иебекқызы жұмыс-жұмыс деп жүріп, отбасылық бақытты да сезіне алмады. Өмірдегі бар жұбанышы сәби кезінен бауы­рына басқан бес жасар қызы Ақерке еді. Жұмыстан қолы қалт еткенде Ақеркесін есіктің алдында ойнатып, соның тәтті қылықтарын тамашалаған сәт – ол үшін үлкен демалыс саналатын. Жұ­мыстан «Әкөнайыма барайын» деп кететін. Үйге келсе кішкентай Ақеркесі мойнына асылып, анасынан: «Бәрінен артық кімді жақсы көресіз?», –  деп сұрайды. «Бәрінен артық Әкө­найды жақсы көремін»,  – дейді мейі­рімді ана. Ол сөзді қайта естігісі келген қызы: «Сіз үшін өмірдегі ең қымбат жан кім?», – дейді. «Сенсің Әкөнайым», – дейді ана. Осынау тәтті сәтті әріптестеріне айтып, бір мезет қуаныш құша­ғына бөленетін дәрігер. Сөйткен Ақеркесі кішкентай да болса «өскенде дәрігер боламын» деп, ана жолын жалғауды үміт етіп отыр.