ДАРА ПЕРЗЕНТТІҢ ҚОЛТАҢБАСЫ: ЕУРАЗИЯ ЖҮРЕГІНДЕГІ ЕЛОРДА

Уақыты: 05.07.2020
Оқылды: 1321

1991 жыл. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін алып, түрлі қиындықты басынан кешірді. Нарықтық кезеңге тап болған жұртты жұмыссыздық, азық-түлік жетіспеушілігі сынды тұрмыстық талқы күтіп тұр еді. Алғашқы жылдарда басты орынға экономиканың өркендеуін қойған Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ уақыт өте келе ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесін жоғары деңгейде көтере бастады.

Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен жаңа елорданы орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатында республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттеліп, қаралды. Талдау қорытындысы барлық нұсқаның ішінен ең қолайлысы Ақмола қаласы екенін көрсеткен. Бұл жайлы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «Ақмола Қазақстанның географиялық орталығы деуге болатын, Қазақстан экономикасының өрлеуінде жетекші де өскелең нүктелері болып отырған маңызды шаруашылық өңірлерге жақын орналасқан. Қала ірі көліктік арналардың қиылысында, тоғыз жолдың торабында тұр. Бұдан басқа, қала Қазақстан үшін көптеген шет елге шығудың мейлінше төте жолы – трансеуроазия арналарына таяу қоныстанған», – деп жазған еді.
Еліміз үшін заманға лайық жаңа елордасын салу идеясы тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені баршаға мәлім. Қазақстанның Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде Н. Назарбаевтың ұсынысымен елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Араға бірнеше жыл салып, 1997 жылы 20 қазанда Елбасы астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. Осы құжатқа сай Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап иеленді. Ресми деректерге сүйенсек, елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде, болашақ елорда халқының саны 290 мыңдай ғана болған.
Елордамыз – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі. Бүгінгі күні Тәуелсіздік тұғырының берік орнығуы мен ұлтымыздың қыран ұшқан биікке көтерілуі, бас қаламыздың әлем көз тіккен ғажайып ордаға айналуы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдесі жоқ батыл шешімі мен ерлігі, жеңісі мен жемісі. Ғасырлар тоғысында дүние есігін ашқан елордамыз – Елбасының үмітін ақтаған және мемлекетіміздің символына айналған, әлем таныған қала. Осындай айтулы мереке күні Елбасының болашақты болжай білген сарабдал саясатының арқасында елімізді дүниежүзі мойындап, өркениетті елге айналғаны кеудеге қуаныш, көңілге мақтаныш сезімін ұялатады.
Бұл дегеніміз – жас мемлекетіміздің тұңғыш Президенті – ұлтымыздың дара перзенті Н. Назарбаевтың өлшеусіз еңбегінің нәтижесі. Дүбірлеген дүниенің бірқатар бөлігінде, іргелес жатқан елдерде бейбітшілікке қауіп төніп, халықтың басына ауыртпалық түсіп жатқанда біздің елімізде қалыптасқан ынтымақ пен бірлік, татулық пен келісім қанатын кең жайып келеді.
Жас елордамыздың көз сүйсіндірер келісті келбеті күннен күнге гүлдене түсуде. Көшелері жаңаша қарқын алған құрылысымен ғана емес, соңғы технологиялар негізінде салынып жатқан гүлзарларымен, аллеяларымен сырттан келушілердің назарына ілініп, шетелдіктерді таң қалдыруда. Сайын дала Сарыарқаның төсіндегі Елордамыз жылдар өте келе  алып Азия мен Еуропаның шоқтығы биік қалаларының біріне айналарына, алдағы ғасыр үлесінен орын алып, батыл үмітпен нық сенімнің тұлғалы тірегі боларына сенімдімін.
Елорданың бүгінгі күн санап биіктей түскен еңсесі тәуелсіздігіміздің тегеурінін, еліміздің елдік қасиетін, жасампаздықтың жаңғырғанын айқын көрсетіп тұрғандай. Есілдің жағасында жаңаша сәулеттік нақышпен бой түзеп жатқан бас қаланың сұлу бейнесі көңіл баурайды. Сондықтан болар, оның ертеңіне де барлық қазақстандық үлкен үмітпен қарап, бүкіл әлем  қызыға көз тігуде.
– Халықаралық дәрежедегі іс-шаралар, кездесулер мен әлемдік ауқымдағы басқосулар өтетін, сәні мен салтанаты келіскен, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ХХІ ғасырдың көркем сәулетті қаласы – Нұр-Сұлтан арман емес, ақиқатқа айналған, қиял емес, азғана уақыт аралығында қолымыз жеткен шынайы тарихи жетістік. Бүгінгі Нұр-Сұлтан – қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы. Елордамыздың әлем халқына мақтана көрсетер жетістіктері аз емес. Еразия жүрегіндегі бас қала – болашағы жарқын қала. Сондықтан да Қазақстанның жүрегі мәңгі соғып, бас қаласы одан әрі гүлдене берсін!

Жанболат Жөргенбаев,
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы 
төрағасының бірінші орынбасары