ІЛЕНІҢ СУЫ НЕГЕ АЗАЙДЫ?: "УӘДЕСІН ОРЫНДАМАЙ ОТЫР"

Уақыты: 29.07.2020
Оқылды: 3235

Қазақтың талантты ғалымы Шоқан Уәлиханов Қашқария сапары барысында жазып қалдырған «Іле өлкесінің географиялық очеркі» атты еңбегінде: «Бұл (Іле өзені) қазақ даласындағы ең суы мол өзендердің бірі екендігі сондай, ол терең құмды бойлай отырып, 200 шақырымнан астам жолды басып өтсе де өзінің мол сулы қалпын өзгертпестен тура Балқашқа барып құяды», – деп таңдана жазады. Сондай-ақ, Іле өзеніне құятын өзеншелер мен сол аумақты мекендеген қазақ тайпалары туралы да құнды мәліметтер қалдырды. Осы жазба хатқа түскелі бір жарым ғасыр уақыт өтті. Бұл адамзат тарихы үшін аса бір ұзақ уақыт саналмайды. Бірақ ғалымның жазбасындағы ақиқат пен бүгінгі Іле өзенінің жағдайы, салыстыра зерделейтін болсақ, терең ойларға жетелейтіні анық. Кешегі ақжал толқындары жағаны осқылап, аяқтыға өткел бермеген алып өзен бүгінгі таңда он жасар бала кешіп өте шығатын жағдайға жетті. Оны қойшы, Іле өзеніндегі су деңгейінің азаюы Балқаш көлінің экологиялық жағдайын бұза бастады. Оған кім кінәлі?

Алдымен бұл кінәні осы өзенді жағалай қоныстанған қазақ, қытай тарапындағы елдің табиғат байлығы мен экологиялық ахуалға немқұрайды қараған пендешілігінен іздеген жөн. Ең алдымен, орман байлығының орасан бүлінуі, өзен суының мақсатсыз пайдаланылуыосы қиындықты туындатып отыр.

Әрине, бұл үшін басты жауапкершілікті Қытай тарапы арқалауы керек. Өйткені, аталған өзен суының 80 пайызы көрші елден ағып шығады. Жалпы, Іле өзенінің Қытай жағындағы жалпы ұзындығы 125 шақырым, оған оңтүстіктен 26 өзенше мен бұлақ, солтүстіктен 12 өзенше мен бұлақ құяды.

Қытай тарапының Іле өзеніне құятын Текес, Күнес, Шақпы өзендерінің 2004 жылғы су мөлшерін 1959 жылғы мөлшермен салыстыра зерделесек, жаға ұстатар қауіпті сезінуге болады. Яғни, Текес өзенінің 1959 жылғы жалпы су ағыны 17 миллиард 729 миллион, Күнес өзенінің су мөлшері 1 миллиард 648 миллион, Шақпы өзенінің су ағыны 839 миллион 370 мың текшеметр болса, 2004 жылы Текес өзені 12 миллиард 773 миллион, Күнес өзені 964 миллион, Шақпы өзені 588 миллион текшеметрге түсіп қалған.  Жоғарыда айтылған 26 өзенше мен бұлақтың жалпы су ағыны 1959 жылы 636912 текшеметр болса, 2004 жылғы есепте 433374 текшеметргедейін азайған.

Содан бері 16 жыл уақыт өтті. Аталмыш өзен-бұлақтардың дәл бүгінгі су қоры туралы нақты ақпарат қолымызға түспегенімен нәтижесінің көңіл көншітпейтіні бесенеден белгілі.

Осындай жағдайдан туындайтын басты олқылық – ормандардың мейлінше оталуы. 1984 жылы Қытайдағы жаппай сыртқа есік ашу саясатының нәтижесінде орман байлығы мен су көздері мейлінше бүліншілікке ұшырады. Соның салдарынан Іле өзенінің екі жағалауындағы, нақтылап айтсақ, Еренқабырға мен Борахожыр тауларындағы сыңсыған орман қаржы табу жолына құрбандыққа шалынды. Бас-аяғы жиырма жылдың ішінде қарағайлы алқаптар қу тақырға айналды. Сонымен қатар, өнеркәсіптің өрлеуіне орай өзен-бұлақтарды жағалай қалашықтар менэлектр стансыларының салынуы,кен өңдейтін зауыт, су қоймаларының көптеп бой көтеруі салдарынан бөлініп шыққан улы газдардың мөлшері артып, тау шыңдарындағы муздықтардың еріп кетуін тудырды. Бұл келеңсіздіктер Іле өзеніне құятын өзен-бұлақтардың тартылып қалуына әкеліп соқтырды.

Кейінгі жылдары Қытай тарапы орманды алқаптар мен жайылым жерлерді қайта тынықтыруға қатысты жобаларды атқара бастады. Бірақ бұл қадамның 20 жылда бүлінген дүниені енді қанша жылда қалпына келтіре алатындығына қазірше белгілі уәж айту қиын.

Қазақстан тарапынан орманды отау немесе Іле өзенінің жағалауына зауыт салып, тоспа құру сынды заңсыздық оқиғалары жаппай орын алған жоқ. Сондықтан Іле өзеніне құятын өзен-бұлақтар суының азаюы Қытай тарапына қарағанда көп емес. Бірақ, кейінгі жылдары Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолының салынуына байланысты және аймақтағы құрылыс жұмыстарының қарқын алуы салдарынан өзен арнасын бүлдіретін әрекеттер көбейіп барады. 

Әдетте, өзен арнасынан қиыршық тас, құм алу бір қарағанда тұрғындардың қажеттілігін шешу үшін істеліп жатқан сияқты көрінеді. Бірақ оның су байлығын азайтып, өсімдіктерді өлтіріп, су жануарларының тіршілігін бүлдіріп жатқанын ескеріп жатқан ешкім жоқ.

Қазақстан Республикасы Су кодексінің  125 бабы, 1 тармақ, 5 тармақшасында: «Өзен арналарынан ешқандай қазба байлық алынбауы керек» деп көрсетілген. Осы тұрғыдан келгенде мұндай әрекеттің барлығы заңсыз деп саналуы тиіс. Мұндай келеңсіз әрекеттер күткендегідей экономикалық пайда әкеліп жатқан жоқ. Есесіне, өзенарнасын бұзып, судың бір бөлігі Балқаш көліне жетпестен жер астына сіңіп кететін жағдайға әкелуде.

Өзен арналарынан қиыршық тас, құм алып, оны құрылыс жұмысына қолданатын мысалдар әлемнің барлық елінде бар. Дамыған елдерде мұндай жұмыспен айналысатындар өзен суы тартылып, бос қалған арна бойынан, тас пен құмы мол жерден құрылыс материалын өңдейтін зауыт салып, ел игілігіне асырады. Оның пайдасыда көп, экологияға, әсіресе, өзен суларының азаюына тигізер қатері де аз. Демек, біздің компаниялар да өзен арнасы тартылған аңғарлардағы құм мен қиыршық тасты дәл осылай өңдеп, табыс табумен айналысуы керек еді. Өкінішке қарай, олар өңдеу жұмысымен айналысып жатқан жоқ. Оңай олжа табу мақсатымен өзен арналарынан қиыршық тасты қазып, құмды сүзіп алып, оны тасымалдаумен ғана айналысып келеді. Көп шығын шығармай, мол пайда табудың жолында жүр.

Алматы облысындағы өзен аңғарларынан қиыршық тас алумен айналысатын компаниялар бұл орайдағы жұмыстарға 2025 жылға дейін рұқсат алған. Олардың заңды құжатында «Өзен арнасын барлау» деп көрсетілген. Оларға бұл рұқсат Қазақстан Республикасының Экология кодексі қабылданбай тұрған мезгілде жергілікті жердің өкілетті органдары тарапынан берілген.  Ал 2007 жылы қабылданған ҚР Экологиялық кодексі бойынша бұл рұқсаттар заңсыз деп табылып, келісімшарттар мемлекет тарапынан қайта қаралуы керек. Жаңа Су кодексі бойынша өзен арналарының бойында өнеркәсіптік қызметпен айналысуға ешбір мекеменің құқығы жоқ, демек, рұқсатты қайтарып алу қажет.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Парламентінде жаңа Экологиялық кодекстің жобасы қаралып жатыр. Мүмкін, сол кодекс қабылданған кезде аталған кемшілікке бір тосқауыл қойылатын  шығар...

Егер, табиғатты біртұтас тұлға деп санайтын болсақ, бір өңірдегі экологиялық ахуалға жасалған қиянат тұтас табиғаттың бүлінуіне ақпал етеді. Сондықтан Іле өзенінің экологиялық ахуалын тұрақтандыру үшін Қазақстан мен Қытай тараптары бір мәмілеге келіп, өзен арнасының қаңсып қалмауы үшін жұмыс жүргізуі керек.

Расында,елімізде трансшегаралық өзен-суларды тиімді пайдалану өте өзекті мәселе саналады. Соған орай Қазақстан Республикасы осы мәселеге қатысты барлық халықаралық конвенцияларды ресми рәсімдеген. 2011 жылдың 12-15 маусымында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоның кездесуінде трансшегаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мен оны қорғау туралы келісімге қол қойылды. Десек те нәтиже ойлағандай болмай тұр.  Халқының саны көп болуына байланысты қытайлықтар ішкі өзен-көлдері мен су қоймаларындағы тіршілік көзін көп тұтынады. Салдарынан елімізге ағып келетін өзен  суының  мөлшері тиісті деңгейде болмай тұр. Мұның өзі көршілеріміз бізге берген уәдесі мен халықаралық келісімшарттың талабын толық орындамай отыр деген сөз.

2000 жылғы есеп бойынша Іле өңірінің жалпы су қайнары 17 миллиард 244 миллион текшеметр деп есептелген. Бұл судың 957 миллион текшеметрін Қазақстан жерінен ағып кіретін өзен сулары құрайды. Дәл сол жылғы есеп бойынша Қазақстанға Қытай жағынан Іле өзенінің бойымен 11 миллиард 226 миллион текшеметр су кіретін. Өкініштісі, кейінгі жылдары көрші ел түрлі қитұрқы әрекеттер арқылы Іле өзені бойынша келісілген мөлшердегі су қорына түрлі шектеу шараларын қолданып келеді.

Бірнеше жылдың алдында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің тапсырысымен ҚХР Мемлекеттік даму-реформа комитеті, Су игілігі министрлігі, Тұрғын үй және  қала-ауыл министрлігі су шаруашылығы саласын реформалау мен дамытудың «13-ші бесжылдық жоспарын» жариялады. Жоспарда Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданындағы 18 су қоймасының саны 25-ке жеткізілетіні анық көрсетілген. Демек, оның бірқатары Іле өзенінің аңғарынан орын алады. Бұл жоспар орындалыпта қойған шығар деп ойлаймын. Қазақстан мен Қытайдың трансшегаралық өзендерде бөлінбеген еншісі көп екенін ескерсек, бұл жерде кімнің екі жеп би болғысы келіп тұрғаны түсінікті болып тұр.

Осы жоспарда тағы да: «Қытай үкіметі кейінгі жылдары шегаралық аймақта орналасқан кіші және үлкен су қоймаларында  өмір сүретін балық және тамаққа пайдаланатын омыртқасыз су жәндіктерін өсіретін шаруашылықты мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру жұмысын жүргізеді» деп нақтыланған. Бұл қадам Қазақстан мен Қытай арасында ағатын трансшегаралық өзендердің және жерасты суларының ластануы мен азаюына әкеліп соқтырады. Мұның зияны екі ел ортақ пайдаланатын Іле өзеніне ғана емес, Жоңғар Алатауынан ағып шығып, Балқаш көліне құятын Ақсу, Көксу, Тентек, Қаратал, Сарқан өзендеріне де тиюі мүмкін.

Қысқасы, Іле өзеніне жасалған қиянат ең алдымен Балқаш көліне құятын су мөлшерінің азаюын туындатады. Бұл тұтас Орта Азияның экологиялық ахуалын реттеп отырған Балқаш көлінің тартылып қалуына себеп болуы бек мүмкін. Егер Балқаш көлінде Арал қасіретіндей жағдай орын алса,оның зардабыҚазақстанның Жетісу өңіріне емес, Қытайдың Такламакан шөліне дейінгі өңірдегі тіршілікке қауіп төндіретіндігі белгілі. Бұл көршілес екі мемлекет тұрғындары үшін де қауіпті іс. Сондықтан Қытай тарабы екі ел Президенттерінің 2011 жылғы келісімі және трансшегаралық өзен суларын реттеуге бағытталған халықаралық келісімдер бойынша Іле өзенін ортақ пайдалану және оның экологиялық ахуалын қорғаудағы жауапкершілігін айқындап, тоспа салып, канал қазып, суды бұрып, Қазақстанға ағып шығатын су мөлшерін азайтуды тоқтатып, адамзаттың ортақ игілігі жолындағы мақсаттарға ұмтылғаны дұрыс. Ал Қазақстан тарапы да келісімде көрсетілген жауапкершілікті өзек ете отырып, өз міндетін заңмен реттеп, жоғарыда айтылғандай кемшіліктерге тосқауыл қойғаны жөн. Сонда ғана адамзат баласын алдағы күндері ауыр қасіретке душар ететін қауіптен сақтап қалуға болады.

Қажет Андас
Сурет ғаламтордан алынды