Дәл бүгін ол 52 жасқа толар еді. Туған күнінде қызметтестері мен туған-туысының құттықтаулары мен жылы сөздерін естіп, көңілі бір марқайып қалар ма еді? Әттең, оған тағдыр 52 жасын тойлауды жазбапты. Туған күніне он шақты күн қалғанда қызметтік міндеті бойынша көмекке мұқтаж сәбиге құстай ұшып жетіп, оны құтқарам деп асыққан мейірбан жан өз жүрегі дүрсілінің соңғы сәттері соғып жатқанын сезген жоқ.
Сол бір қаралы оқиға 27 қаңтар күні орын алған еді. «Аспан» компаниясының тікұшағы науқас баланы Үшаралдан Талдықорғандағы облыстық ауруханаға жеткізуге бет алған. Бортта бес адам, нақты айтатын болсақ, жоғарыда біз сөз еткен дәрігер, облыстық балалар ауруханасының кардиоревматология бөлімінің меңгерушісі Бақытгүл Қайсанова, облыстық санавиацияның фельдшері Гүлнұр Хамитова мен екі айлық баласы бар ана және ұшқыш болған. Ішкі ағзасынан қан кетіп, лейкоз ауруына шалдығуы мүмкін деп болжам жасалған сәби дереу облыстық балалар ауруханасына жеткізілуі тиіс еді. Алайда тікұшақ жетер жеріне жетпеді. Ауа райының күрт бұзылып, боранға тап болуынан Ақсу ауданының Қапал елді мекенінен 3 шақырым жерде құлаған.
Суық хабар алынған бойда апатқа ұшырағандарды іздестіру, мүмкін болса құтқару жұмыстары басталды. Бұл іске төтенше жағдай қызметі, ішкі істер органдарының қызметкерлерімен қоса жұртшылық өкілдері де жұмылдырылды. Бірақ, бәрі кеш еді…
Бұл Бақытгүл Қайсанованың туған ауылынан 20 шақырымдық қана жер. Сол күні кезекшілік бойынша ұшқан фельдшер Гұлнұрдың да кіндік қаны тамған мекен осы маңдағы Жансүгіров ауылы. Қос жүректің туған жерінде үзілуі кездейсоқтық па, әлде тағдырдың жазуы ма? Қалай десек те, олардың қызметін адал атқару жолында опат болғаны анық. Әсіресе, Бақытгүл Иебекқызы сәбидің ауыр халде жатқанын естіп, оған өзінің ғана көмек бере алатынын айтып, Талдықорғаннан Үшаралға санавиацияның тікұшағымен жетуге асыққан. Өйткені Бақытгүл Иебекқызы облыстағы жалғыз онкогематолог болатын. Ең ауыр халдегі, қиын жағдайдағы балаларға көмек беру осынау ақ желеңді абзал жанға жүктелген міндет. Оны ол шын жүрегімен, адал пейілімен, терең жауапкершілік сезіммен атқарды. Бала кезден дәрігер болуды арман етті. Сол арман жетегінде Алматы медицина институтында 7 жыл оқып, педиатрия факультетін бітірді. Бірден Қапал ауылдық ауруханасына учаскелік дәрігер болып орналасты. Аудан тарағаннан кейін туған ауылы Көшкенталдағы ауылдық медициналық бөлімшеде дәрігер болды. 2003 жылдан бастап Талдықорған қаласындағы облыстық балалар ауруханасында еңбек етті.
Бақытгүл Иебекқызы еңбек ете жүріп, іздену мен білімін толықтырудан еш шаршаған емес. Бірнеше рет Алматыда, Астанада біліктілігін арттырып, Румынияға барып, тәжірибе алмасып қайтты. Лор, балалар кардиологы сынды мамандықтарды қоса меңгерді.
Елімізде онкогематологтар тапшы болғандықтан үш жыл Мәскеуде оқып келген соң қаншама балаға шарапаты тиді.
Осыдан бір ай бұрын ғана лейкоздың бір түрі пластикалық анемияға шалдыққан 14 жасар қыздың өмірін сақтап қалу үшін жанын салды. Күнара қан құйып, тромбацит 300 болу керек болса, 2-3-ті ғана көрсетіп, ауыр халде жатқан жасөспірімнің бетін бері қаратты. Қан табылмай жатқан жағдайда да бар мүмкіндікті салып, қажетті шараның бәрін жасап, Алматыдағы институтқа жібергенше тыным таппады. Әрбір науқас балаға осындай жанашырлық сезіммен қарады.
– Бірде әңгімелесіп отырып, «тағы өмір берілсе кім болар едің, қандай мамандықты таңдар едің» деп сұрадым, – дейді тетелес інісі Мейрам Қайсанов. – Бақытгүл бірден-ақ, «Дәрігер, оның ішінде бала дәрігері болар едім» деп жауап қатты. Сосын мен «Балалар қай жері ауырып тұрғанын айта алмайды. Ал сен түсінбей дал боласың, қиын емес пе» десем, «Бала деген періште ғой, ол саған айтпаса да жанын ұғып тұрасың» деген еді.
Өзінің жаны да баладай кіршіксіз болатын. Әрбір адамға көмекке асығып тұратын. Бүкіл ауыл, тіпті Ақсу ауданы бір жағдай бола қалса, Бақытгүлге жүгінетін. Уақыты болмай жатса да ешкімнің көңілін қимай, «келіңіз көмектесейін» дейтін.
Ауылда дәрігер болып істеген жылдары қиын кез болатын. Бүгінгідей көлік те жоқ. Түн жарымында терезені тарсылдатып көмек сұрап келген адамға еш қабақ шытпай, күннің де суықтығына қарамай, көмекке баратын еді.
Кейінгі жылдары ауыр науқасты балаларды емдеді. Жұмыс уақыты бітсе де үйге қайтуға асықпайтын. «Қайдасың» дегенімізде, «ауыр жағдайдағы бала түсті, тастап кете алмаймын. Жанынан өзім табылмасам болмайды», – деп түннің бір уағына дейін жұмыста жүретін. Астана, Алматыға ауыр науқастарды жібергенде әріптестері тарапынан «Бақытгүл Иебекқызының қойған диагнозы әркез тура болып шығады. Бірде-бір рет қателескен емес», – деген жақсы сөздер еститінбіз. Ол Гиппократ сертіне берік, білікті дәрігер болды деп толық сеніммен айта аламыз.
Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Марат Досқалиев та әріптесі жайлы лебізін жеткізді.
– Бақытгүл Иебекқызы ауруханадағы ең күрделі кардиоревматология бөлімін басқарды. Жан-жақты білімді әрі білікті дәрігер болды. Республиканың белгілі онкогематологтарымен тығыз байланыста жұмыс істеді. Бұл биік нәтижеге ол осы салаға терең берілгендігі, ізденімпаздығы арқасында қол жеткізді. Медицина бір орында тұрмайды. Күн сайын жаңашылдық еніп жатыр. Соның бәрін біліп, үйренуге деген құштарлығы жоғары еді. «Бізде мына нәрсе жетіңкіремей жатыр, соны барып, меңгеріп қайтайын» деп өзі сұранып тұратын. Жұмысқа бар ынта-жігерімен берілген адам еді. Сенбі-жексенбі күндері де осында жүретін. Еңбегін бұлдап, бір нәрсе сұрап көрген емес. Бірінші орында жұмысы тұратын. Қалған мәселені екінші қатарға ысырып қоятын.
Осы күнге дейін баспанасы болмағаны да жанымызға аяздай батуда. Бақытгүл Иебекқызы сынды білікті дәрігерді жоғалту біз үшін орны толмас өкініш, – деді.
Бақытгүл Иебекқызы жұмыс-жұмыс деп жүріп, отбасылық бақытты да сезіне алмады. Өмірдегі бар жұбанышы сәби кезінен бауырына басқан бес жасар қызы Ақерке еді. Жұмыстан қолы қалт еткенде Ақеркесін есіктің алдында ойнатып, соның тәтті қылықтарын тамашалаған сәт – ол үшін үлкен демалыс саналатын. Жұмыстан «Әкөнайыма барайын» деп кететін. Үйге келсе кішкентай Ақеркесі мойнына асылып, анасынан: «Бәрінен артық кімді жақсы көресіз?», – деп сұрайды. «Бәрінен артық Әкөнайды жақсы көремін», – дейді мейірімді ана. Ол сөзді қайта естігісі келген қызы: «Сіз үшін өмірдегі ең қымбат жан кім?», – дейді. «Сенсің Әкөнайым», – дейді ана. Осынау тәтті сәтті әріптестеріне айтып, бір мезет қуаныш құшағына бөленетін дәрігер. Сөйткен Ақеркесі кішкентай да болса «өскенде дәрігер боламын» деп, ана жолын жалғауды үміт етіп отыр.