Бүгінде Кербұлақ ауданда 9 өнеркәсіп орны жұмыс істейді. Соның бірі «Алацем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Аталған өнеркәсіп орнында былтыр 1 млн. 380 мың тонна цемент өндірілген. Электроэнергия тарату жұмыстарын іске асыратын «Жетісу энерготрейд» ЖШС-нің үлесі 4,4 пайыз десек, 1 жылда бұл жерде 1 млрд. 593 млн. теңгеге электр энергиясы таратылған. Қалған шағын кәсіпорындарындағы жұмыстар да талапқа сай. Мәселен, «Жоламан қиыршық тас зауыты» ЖШС-де өткен жылы 560 млн. теңгеге 190,2 мың тонна, алдыңғы жылы 155 млн. теңгеге 94 мың тонна шағыл тас өндірілген.
Бұл кәсіпорын 2022 жылдың наурыз айынан жұмысын тоқтатқан болатын. Ал 2023 жылдың басынан ісін қайта жандандырып, 54 млн. теңгеге ұсақтау-сұрыптау кешенінің жаңа желісін орнатты. Бүгінгі күні жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал «Таза су» ЖШС былтыр 92,2 млн. теңгеге 4,1 мың тонна цеолит өндірсе, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,1 мың тоннаға немесе 36,4 млн. теңгеге жоғары.
Айта кетейік, биылғы 1 қаңтардан өңірде 3 757 бірлік шағын және орта бизнес субъектілері қызмет көрсетеді, оның 1519-ы жеке кәсіпкер болса, 160-ы заңды тұлға, қалғаны шаруа қожалықтары. Ел жағдайын жақсартып, аудан экономикасын көтеру бағытындағы жұмыстар биыл да ретімен жалғасуда.
Айгүл Байжұмақызы
Кербұлақ ауданы
Фото: Ақорда