Тың жобаларды жүзеге асыру, өңір экономикасын еселеудің негізі. Осыған сәйкес өткен жылы Жетісу облысының орталығындағы негізгі капиталға 73,5 млрд теңге инвестиция тартылып, нақты көрсеткіш 117,6 пайызға жеткен.
Талдықорған қаласы әкімдігінің мәліметінше, салынған инвестициялардың 68 пайызы немесе 50 млрд теңгесі бюджет қаражатынан тыс, бұл бұрынғы жылмен салыстырғанда 49,7 пайызға жоғарылаған. Аталған қаржының 47,6 млрд теңгесі, яғни 95 пайыздан астамы кәсіпорындар мен жеке ұйымдардың және халықтың меншігі болса, 2,4 млрд теңгесі алынған несие есебінен. Қала әкімінің орынбасары Рүстем Бершінбековтің сөзінше, былтырғы жылы өнеркәсіп саласында 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 8,7 млрдтеңге көлемінде инвестиция тартылған. Осы уақыт ішінде барлығы 155,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, соның ішінде 652 пәтерлі 12 тұрғын үй жеке құрылыс салушы компаниялар қаражатымен салынған. Сонымен қатар, осы барыста демеушілер есебінен волейболға арналған оқу-жаттығу спорт кешені тұрғызылып, үстел теннисі орталығы ашылса, «Жетісу» волейбол клубы үшін 4 қабатты жатақхана салынған. Шаһарда бұл салаға инвестиция тарту бойынша жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады.
Еске сала кетсек, бүгінде қала бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындардың саны 15 мыңнан асады. Осыған сәйкес аймақта әр жылы 2 мыңға жуық адамды баспанамен қамту көзделген. Мәселен, өткен жылы тұрғын үй саласына бөлінген 37 млрд теңге қаражат уақытылы игеріліп, 155 мың шаршы метрге жуық жаңа тұрғын үй қолданысқа берілсе, бұл үрдіс биыл да қарқынды жүргізілуде.
– Қала тұрғындарын қолжетімді әрі жайлы баспанамен қамту мақсатында 50-ден астам жаңа тұрғын үй бой көтереді. Бұл шамамен 150 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда шаһардағы «Құлагер» шағын ауданында 346 пәтерлік 11 несиелік және 97 жалға берілетін үйдің құрылысы және Оңтүстік-батыс тұрғын үй ауданында инженерлік желілердің құрылысы аяқталған. Аталған аумақтан алдағы уақытта тағы 409 пәтерлі 12 несиеге, 108 пәтерлі жалға берілетін 4 тұрғын үйдің құрылысын салу жоспарланған. Бұдан сырт Қаратал өзенінің оң жағалауында 952 пәтерден тұратын 20 несиеге берілетін үй мен әскерге шақыру пункті салынбақ,– дейді қалалық құрылыс бөлімінің жауаптылары.
Сала мамамдарының айтуынша, бүгінде аймақтағы қарапайым халықтың қажеті үшін білім мен денсаулық, спорт пен мәдениет, ауыз су, жол, тұрғын үй, жарық, газбен қамту мен басқа да әлеуметтік салаларда инфрақұрылымдарды жақсарту бағытында көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Солардың нәтижесінде шаһардағы өнеркәсіп, құрылыс, бөлшек сауда, басқа да өндірістегі өнім көрсеткіштері бұрынғы жылдармен салыстырғанда бірнеше пайызға жоғарылаған. Бұл аймақтың барлық саласында тұрақты дамудың оң үрдісін қалыптастыруда. Сондықтан да тартылған инвестиция өңірдің дамуына тың серпін беруде.
Айдын КӘЛІМХАН