Биылғы қыс қытымырлық көрсеткен жоқ. Ал көктем бұрынғыға қарағанда ерте шыққандай болды. Ауа райының қолайлылығы жетісулық шаруалардың көктемгі егіс жұмысымен тыңғылықты айналысуына септесті. Осы қатарда алакөлдік шаруалар егіс науқанын ертерек аяқтаудың қамында жүр.
Бүгінде Қабанбай ауылында қызу тірлік. Жер бауырын шаңдатқан соқалар мен дән сепкіш техникалардың гүрілі көңілге сенім ұялатады. «Көктемнің бір күні жылға азық» деп сенетін диқандардың қимылы ширақ. Сол қатарда Машен Байзақовтың егіс алқабына да соқа тісі тигелі біраз болды. Көктемгі мамыражай күнмен бірге қарбалас жұмыс басталған. Өйткені биыл шаруашылықтың егіс көлемі артып, жұмыс ауқымы да ұлғая түскен еді.
– Жалпы, егіс алқабымыз суармалы және тәлімді болып 350 гектар жерді құрайды. Биыл оның 150 гектарына қант қызылшасын, ал 200 гектарына май бұршақ себуді жоспарладық. Техникамыз, тұқым, тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмек қорымыз жеткілікті. Көктемгі егіс науқанына қажетті техникалар толық жөнделген. Егіс жұмысын ертерек аяқтаймыз деген сенімдеміз, – дейді шаруашылық басшысы Машен Сембайұлы.
Машен Сембайұлы шаруашылықтың қыры мен сырын, дала жұмыстарының ыңғайын толық білетін кәнігі маман. Өйткені, ол ауданның әртүрлі саласында 42 жылдан артық қызмет етіпті. Соның ішінде ауылшаруашылығы саласына 39 жылын сарп еткен. Зейнетке шыққаннан кейін жеке шаруашылығының тізгінін ұстап, тынымсыз еңбектеніп келе жатқанына да 7 жыл өте шығыпты.
Мемлекеттік қызметте жүргендегі жетістігін айтпағанның өзінде жеке шаруа қожалығының тізгінін ұстағалы жинаған тәжірибесі де мол. Шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру қабілеті жоғары, технологиялар мен заманауи техникалар үрдісінен хабары мол болғандықтан әр ісін жоспармен жүйелеп жүргізеді. Осындай біліктілігін биылғы жылы да көпке үлгі етіп, мол өнімге жол ашатын құрал етпекші.
Қажет АНДАС,
Алакөл ауданы
Фото: baraev.kz