Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы жеке білім беру салалық кеңесінің отырысында ваучерлік қаржыландыру жүйесінде туындаған мәселелер талқыланды.
Салалық кеңес төрағасы Маржан Ахметжанова былтырдан бастап мектепке дейінгі білім беру саласында ваучерлік қаржыландыруды енгізуге байланысты реформа басталғанын атап өтті. Білім министрлігі мектепке дейінгі тәрбиені дербестендірілген қаржыландыру жөніндегі пилоттық жобаны реттейтін 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №372 бұйрықты бекітті. Жоба операторы болып «Қаржы орталығы» АҚ тағайындалды, ал пилоттық жобаға қатысушылар қосылу шартына қол қоюға міндетті.
Отырыста: «№372 бұйрық алгоритмінің 47-тармағының 8-тармақшасына сәйкес қосылу шартының ақы төлеу және пилоттық жобаға қатысушылардың өзара іс-қимыл шарттары жазылған үлгілік нысанын қаржы орталығы бекітеді. Осы шарттар арқылы бюджет қаражатын игеру көзделіп отыр. Білім министрлігі бұл ұйымға әкімшілік рәсімдердің барысын дербес анықтауға және өзгертуге мүмкіндік берді. Осыған орай «Қаржы орталығы» АҚ жергілікті атқарушы орган қаражатына билік етуі заңды ма, бұл ретте бюджет кодексінің нормалары сақталды ма?», – дейді Маржан Ахметжанова.
Осыған байланысты жеке білім беру жөніндегі салалық кеңес мүшелері «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының 33-2-бабында талап етілгендей, қосылу шарты сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамадан өтпейтіндіктен бизнес қандай жағымсыз салдарды сезінуі мүмкін екендігі туралы ойланды. Салалық кеңес мүшелері қосылу туралы шарттың 4.1-тармағына сәйкес «Қаржы орталығы» АҚ немесе оның өкілдері көрсетілетін қызметтердің шарт талаптарына және техникалық ерекшелікке сәйкестігіне бақылау және тексеру жүргізе алатынын атап өтті.
Тапсырыс беруші осы мақсаттар үшін айқындалған өз өкілдері туралы өнім берушіні хабардар етуге міндетті. Алайда, қаржы орталығы акционерлік қоғам бола отырып, мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын өзіне жүктеп, кәсіпкерлік кодекстің талаптарын бұзды, барлық жағымсыз салдар осы жерден туындап отыр. Шартта бұл кодекс туралы айтылмаған.
Соңында жеке білім беру кеңесінің төрағасы Маржан Ахмет-жанова кәсіпкерлердің бұл шартқа қол қоюдан бас тарту мүмкіндігінен айырылғанын, өйткені келісім жұртшылықпен талқыланбағанын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өтпегенін назарға алды. Мұндай шартқа осындай шарттармен қол қойған кәсіпкерлер оны бұза алмайтынына ерекше алаңдаушылық білдірді.
ҚР Азаматтық кодексінің 389-бабының 1-тармағына сәйкес, олардың шартты бұзуды талап етуге құқығы жоқ. Өйткені олар оның күрделі болатынын білді немесе білуі тиіс. Шартқа әлі қол қоймаған кәсіпкерлер Білім министрлігі ваучерлік қаржыландыру Жетісу жеріне жеткенге дейін оны түзетуді талап етті. Олар пилоттық жобаны енгізуге қарсы еместігін, бірақ қосылу шартының талаптарына алаңдайтынын баса айтты.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА