Жыл сайынғы көктемгі дала жұмыстары қызатын күн жақын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға сәйкес биыл егістік көлемі 510,7 мың гектарды құрайды. Оның 373,8 мың гектары көктемде себіледі.
Биыл 295,3 мың гектар жерге дәнді, 89,7 мың гектар жерге майлы дақылдар егіледі. 12,2 мың гектарға қант қызылшасы мен 6,8 мың гектарға картоп, 8,9 мың гектарға көкөніс-бақша дақылдары және мал азығы дақылдарын 97,3 мың гектарға егуді жоспарлап отыр.
Облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Шампиковтың айтуынша, егіс алқаптарын әртараптандыру аясында бидай 2,9 мың гектарға, қант қызылшасы 1,5 мың гектарға, дәндік жүгері 1,1 мың гектарға қысқарады. Ал арпа, майлы дақылдар, картоп, көкөніс-бақша дақылдар ұлғаяды.
Көктемгі дала жұмыстарының жоспары бойынша 127 мың гектарда ылғал жабу жұмысы жүзеге асты. 136,9 мың гектарды тырмалау, 246,8 мың гектар жер жырту және 373,8 мың гектарға жаздық дақылдар себу жұмыстары қолға алынуда.
– Бүгінгі күнге 4,3 мың гектардың ылғалы жабылды. 0,6 мың гектарға тырмалау жұмыстары жүргізілді. Ескелді ауданында 44 гектарға масақты дәнді дақылдар себілді. Жаздық ауылшаруашылығы дақылдары тұқымдарын зертханалық тексеру жұмыстары жүзеге асырылуда. Тексеруге жататын 31,6 мың тонна жаздық дәнді дақылдар тұқымынан 28,5 мың тоннасы зертханалық тексеруге түсті. Ал Көксу қант зауытына 3080 себу бірлігі шетелден жеткізілді. Тұқымның басым бөлігі Германия, Франция, Даниядан алынды. Америкалық тұқымның 1000 себу бірлігі аптаның аяғына дейін елге жеткізілмек. Шаруалар үшін Көксу қант зауыты 6080 қант қызылшасының тұқымын беруге дайын. Бұл 4 мың 677 гектарды қамтиды. Жетісу әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы 6267 себу бірлігі қарастырылған. Қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруалар өз қаражаты есебінен басқа тұқым жеткізушілерден сатып алуына да болады, – деді Бахтияр Шампиков.
Биыл минералдық тыңайтқыштарды қолдану көлемі 58,8 мың тоннаға дейін ұлғайтылған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 49 мың тонна болған. Шаруалар 29,6 мың тонна тыңайтқыш сатып алды. Ал қоймадағы қорда 5,3 мың тонна минералды тыңайтқыштар бар.
Көктемгі дала жұмыстарына 5,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Наурыз айына қарастырылған 960 тонна дизель отынының 660 тоннасы шаруаларға жеткізілген. Мамандар алдағы уақытта дизель отынынан қиындық туындамайтынын тілге тиек етті.
Көктемгі дала жұмыстарына 20,6 мың бірлік техника жұмылдырылады. Егістік алқаптағы жұмысқа 9452 трактор, 2659 соқа, 1537 сепкіш, 791 қопсытқыш, 6182 жер тырмалар дайын. Мұның барлығы 100% жөндеуден өткен.
– Көктемгі дала және егінді жинау жұмыстарына Аграрлық несие корпорациясы арқылы 14,3 млрд. теңге несие қарастырылған. «Кең Дала-1» және «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Шаруалар несиеге бөлінген қаржының 3,7 млрд. теңгесін алып, игеруде. Бүгінгі күнге дейін 195 шаруашылықтан 4,8 млрд. теңгеге өтінім қабылданып 106 шаруашылыққа 3,0 млрд. теңге несие берілді. Қысқасы, шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан қолдау жан-жақты көрсетіледі. Жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіледі. Білікті мамандар жұмыстың оңтайлы жүргізілуін тікелей қадағалауға алады, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Еңлік Кенебай
Фото: Inbusiness.kz