Қымбатшылық қысып, баға бақылаудан шыққан бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын дамытып, отандық азық-түлік өндірісін өркендетудің маңызы зор. Осыған сай өткен жылы Жетісу облысындағы агроөнеркәсіп кешендерін қолдауға 35 млрд теңге қаржы бөлінсе, оның 23 млрд теңгеден астамы субсидиялауға бағытталған. Биыл мұндай қаржылық демеу тағы да көбейтілмек.
Ал мамандардың мәліметінше, облыстағы егістік жер көлемі 500 мың гектардан асады. Аталған алқаптардан былтырғы күзде 872 мың тонна дәнді, 195 мың тонна майлы дақыл және 266 мың тонна көкөніс пен 132 мың тонна картоп жиналған. Жыл санап өңірдің төл өнімі қызылша өсіруге ден қойған диқандардың да егістік жер көлемі ұлғайып, қазіргі уақытта 14 мың гектарға жуықтаған. Былтыр алқаптарға егілген қант қызылшасынан 630 мың тоннадан астам, яғни, рекордтық көрсеткіште тәтті түбір жиналып, өткен жылды шаруалар табыспен қорытындылаған.
Бұл табысты өнім көрсеткішіне талдықорғандық шаруалардың да қосып отырған үлесі зор. Мәселен, былтыр шаһарда 32 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биылғы жылдың ақпан айының өзінде Талдықорған қаласы бойынша өндірілген өнім 2,4 млрд теңгеге жетіп, нақты көрсеткіш 105 пайыздан асқан. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 45 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Осыған байланысты біз Талдықорған қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Абзал Зейнұлдадан аталған саладағы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша біраз сауалдарға жауап алып қайтқан едік.
– Абзал Секенұлы, қазір Талдықорған қаласы бойынша қанша егістік жер бар, оған қандай дақыл түрлері себілдуде?
– Бүгінде Талдықорған қаласы бойынша ірілі-ұсақты 560-тан астам шаруашылық құрылымы тіркелген. Олардың басым көпшілігі мал және егін шаруашылығымен шұғылданады. Жыл санап аймақтағы өнім өндірісімен бірге мал санының артуы да қарқынды. Қазір қалаға қарасты шаруашылықтарда 4500-ге жуық жылқы, 28 мыңнан астам қой мен ешкі, 10 мыңға жуық сиыр, 50-ден астам түйе және 1,5 миллионға жуық құс өсірілуде. Мұндағы төрт түлік малға арналған шаппалық және жайылымдық жер көлемі 16 мың гектарға жуық. Қала әкімінің 2021 жылғы 26 сәуірдегі №210 Қаулысына сәйкес өңірдегі Өтенай, Еңбек, Мойнақ ауылдарына және Еркін ауылдық округіне қарасты жайылымдық жерлер 49 жылға резервке қойылған. «Көктемнің бір күні жылға азық» деген, дәл қазір жер қойнауын игерушілер үшін қаурыт мезгіл. Биылғы жылғы шаһарлық шаруалар егін егуге арналған жер көлемі 6200 гектарға жуық. Оның 1140 гектар алқабына арпа, бидай, жүгері сынды дәнді, 2000 гектар аумаққа соя, сафлор сияқты майлы дақыл, ал 72 гектарына қант қызылшасын егу көзделген. Сонымен бірге 595 гектар алқапқа картоп, 1227 гектарына көкөніс, 20 гектардан астам жерге бақша дақылдары, 1022,5 гектарға мал азығы көпжылдық шөп егу жоспарланған. Бүгінде алқаптарда көктемгі дала жұмыстары қыза түсті. Табыс тек маңдай термен келеді. Мәселен, өткен жаз бойы еңбектенген диқандар күзде мол өнімге қол жеткізді. Атап айтқанда, былтыр қала егіншілері өздеріне тиесілі дәнді дақыл алқабынан 75 мың тоннаға жуық астық қамбаласа, биыл табысты тағы да еселеу жоспарда. Сонымен қатар, осы барыста қалаға қарасты «Жер – Ана», «Самай», «Сәпи», «Сәмен», «Нурдаулет», «Тәжірибе», «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» мен «И А и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сынды 8 шаруа қожалығы 150 гектар алқапқа еккен қант қызылшасынан күзде 7 мың тоннадан астам тәтті түбір өңірдегі Ақсу, Көксу қант зауыттарына өткізіп, мол өнімге кенелді.
– Ал биылғы егін шаруашылығына ең қажетті тұқым, тыңайтқыш және су мәселелерінде еш қиындық жоқ па?
– Иә, шаруалар үшін тұқым мен тыңайтқыштың сапалы болуы, суармалы алқаптарға еш кедергісіз су жеткізу – мол өнім кепілі. Өңірдегі диқандар үшін бұл мәселелер алдын ала ойластырылған. Бүгінде шаруалардың қандай тұқым түрін қолдануы өздерінің еркінде. Негізі дәнді дақылдардың жоғары сортты тұқымын әр егінші күзде дайындап қойған. Қант қызылшасының отандық және шетелдік 17 тұқым түрі бар. Оның ішінде жергілікті тәтті түбір тұқымын қаладағы Өтенай ауылы аумағында орналасқан «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты», «И А и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зерттеп дайындайды. Ол шетелдік тұқым түрінен еш кем емес. Кейбір егіншілер Франция мемлекетінің сапасы ең жоғары «Ардан» атты қызылша тұқымын пайдаланса, кейбіреулері отандық қызылша тұқымын себеді. Ол әр диқанның өз таңдауындағы іс. Сонымен бірге егіншілер үшін тыңайтқыш жағынан да еш қиындық жоқ. Аталған егістікке қажетті минералды тыңайтқыштардың жалпы көлемі 1100 тонна. Нақтылай кетсек, оның ішінде аммофос 600 тонна, аммиак селитрасы 464 тонна, аммоний сульфаты 16,5 тонна, карбамид 5,5 тонна, суперфосфат 2 тонна, сульфааммофос 2 тонна және басқа макротыңайтқыштар 10 тоннаны құрайды. Сәуір айының алғашқы аптасында 688 тонна тыңайтқыш сатып алынды. Қалған бөлігі толығымен көктем мен жаз айларында алынады.
Су – тіршілік нәрі. Алқаптарға су жеткізу мәселесіне келсек, бүгінде қала аумағында жалпы ұзындығы – 130 шақырымнан асатын арық жүйесі бар. Оның 45 шақырымы темір-бетонды арықтар. Суармалы жерлерді сумен қамту бойынша жыл сайын көктемде өңірдегі «Қазсушар» кәсіпорнымен арнайы келісімшарт жасалады. Олар суармалы жерді қажетті сумен қамтамасыз етуге міндетті. Әр жылы ауылшаруашылық құрылымдарына су беру мамыр айының 15 күнінен бастап 10 қазанға дейін жалғасады.
– Талдықорған аумағында биыл ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен халықты сапалы азық-түліктермен қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар жасалды?
– Қазіргі уақытта Талдықорған қаласында 22 қайта өңдеу кәсіпорыны бар. Оның ішінде 6 шағын наубайхана, 1 шағын диірмен, 2 шұжық, 1 макарон цехы, 3 сүт зауыты, 1 құс фермасы, 4 мал азығын дайындайтын орын, 3 мал және құс сою алаңы мен 1 мал сою пункті жұмыс жасайды. Соның нәтижесінде өткен жылы 32 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биыл бұл көрсеткішті 45 млрд теңгеге жеткізу бағытында жұмыстар жасалып жатыр. Сондай-ақ, кейінгі жылдары қалада азық-түлік бағасының шарықтап кетуінің алдын алуға бағытталып ашылған әлеуметтік дүкендер саны артып, Талдықорған тұрғындарын табиғи да таза азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында қаладағы «Жерұйық» әлеуметтік сауда орнында үнемі апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Оған өңірдегі басқа да аудан, қалалардың шаруалары өз өнімдерін әкеліп, күнделікті базар бағасынан 15-20 пайыз арзан саудаланады. Бұл біріншіден, халықты сапалы да табиғи өнім түрлерімен қамтамасыз ету болса, екіншіден, шаһардағы азық-түлік бағасының шарықтап кетуінің алдын алуға мол мүмкіндік беруде.
– Осы орайда шаруаларға үкіметтен бөлінетін қаржылай қолдау, басқа да атаулы көмектер жайында айта кетсеңіз?
– Үкіметтен бұрын ауыл шаруашылығында «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» және «Ырыс» бағдарламалары арқылы мал санын көбейтіп, мал тұқымын асылдандыруға бағытталған бірқатар қаржылай қолдау болды. Мұндай қолдаулар бұрынғыдай емес қазір облыстық ауыл шарауашылығы басқармасы арқылы беріледі. Қалалық бөлім тек диқандардың құжаттарын реттесіп тиісті өтініштерін жеткізеді. Сонымен қатар, Жетісу жерінде жаппай қызылша өсірілетіндіктен шыққан өнімді қант зауыттарына өткізген соң жасалған келісім бойынша қызылшаның әр тоннасы бағаланып, жарымы мемлекет тарапынан субсидияланады. Негізі қазіргі қаржылай несиелік қолдаулар «Агробизнес», «Кең дала», «Іскер» бағдардарламалары аясында аграрлық несиелік корпорациясы арқылы берілуде. Мысалға, осыған дейін жалпы қала аумағындағы 16 шаруа қожалығына 191,5 млн теңге көлемінде арзандатылған несие берілсе, оның ішінде 3 шаруа қожалығы «Кең дала» бағдарламасы арқылы 116,7 млн теңге, 5 шаруа қожалығы «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 14,8 млн теңге, ал 8 шаруа қожалығы «Іскер» бағдарламасымен 60 млн теңге жеңілдетілген несие алып отыр. Сондықтанда жалпы талдықорғандық шаруалар көктемгі егіс науқанына және биылғы өнім өндісін арттыруға дайын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айдын КӘЛІМХАН