Үкімет резервінен отандық шаруаларды қолдау үшін 116 млрд. теңгеден аса қаражат бөлінді. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.
Бұл құжат 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының көктемгі егіс пен жиын-терін жұмыстарына кемінде 700 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасын орындау шеңберінде қабылданды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолжетімді несие арқылы қолдау және шаруалардың қаржылық жағдайын тұрақтандыру мақсатында қаулыға сәйкес Үкімет резервінен шамамен 116 млрд. 772 млн. теңге бөлу қарастырылған.
Қаражатты алдағы көктемгі егіс пен жиын-терін жұмыстарын сапалы жүргізу, сондай-ақ отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлерін қаржыландыруға бағыттау жоспарланған. Бұл әрі қарай елде өндірілген және құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды қаржыландыруға, кейін оны лизингке беруге, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан несие шарттарын кепілдендіру кезінде комиссияны арзандату үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау арқылы жүзеге асырылады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпанда өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет биылғы көктемгі егіс пен жиын-терін жұмыстарын қаржыландыру көлемін арттыру мақсатында алғашқы 100 млрд. теңгені өткен жылдың желтоқсанында бөлген болатын.
Айгүл Байжұмақызы
Фото: zhalagash-zharshysy.kz