АҚШ президенті Дональд Трамп «әділ бәсекелестікті қалпына келтіру» және америкалық өндірушілерді қорғау мақсатында жаңа жаһандық сауда баждарын енгізу туралы мәлімдеді.
Бұл бастама аясында Қазақстан АҚШ-тың жаңа тарифтік саясатына іліккен елдердің қатарына енді. Осылайша, Қазақстаннан әкелінетін импорттық тауарларға 27% мөлшерінде баж салығы салынатын болды.
Ақ үй басшысы АҚШ-тың шетелдік серіктестермен экономикалық қарым-қатынасына қатысты жаңа ұстанымын түсіндіре отырып: «Кей жағдайда сауда тұрғысынан алғанда дос жаудан да қауіпті», – деп мәлімдеді.
Трамптың стратегиясына сәйкес, егер қандай да бір ел америкалық тауарларға баж салығын енгізсе немесе өз өндірушілеріне артықшылықтар берсе, АҚШ та дәл сондай шаралармен жауап қайтарады. Осылайша, жаңа саясат аясында импорттық тауарларға қатысты өзара тарифтер белгіленеді.
Жаңартылған тарифтер тізіміне АҚШ-тың сауда шектеулерін ескеруі тиіс ондаған мемлекет енді. Оның ішінде ең жоғары тарифтер Камбоджаға (49%), Мадагаскарға (47%), Вьетнамға (46%), Шри-Ланкаға (44%) және Мьянмаға (44%) белгіленді. Қазақстан үшін бұл көрсеткіш – 27%.
Сондай-ақ, жаңа тарифтер АҚШ-тың ірі сауда серіктестеріне де әсер етті. Атап айтқанда, Қытайға (34%), Үндістанға (26%), Оңтүстік Кореяға (25%), Таиландқа (36%), Еуропалық одаққа (20%) және Швейцарияға (31%) баж салығы енгізілді.
«Жетісу-Ақпарат»
Фото: baku.ws